ІС-ШАРАЛАРДЫҢ ОРТАҚ РЕСУРС БАЗАСЫН ЖАСАҚТАУ ТӘЖІРИБЕСІНЕН
ІС-ШАРАЛАРДЫҢ ОРТАҚ РЕСУРС БАЗАСЫН ЖАСАҚТАУ ТӘЖІРИБЕСІНЕН
Рашитова Дияна Елеуовна
Мұнайлы ауданы «Шоғы Мұңалұлы атындағы
№5 жалпы білім беретін орта мектебі» КММ
Бүгінгі күндегі педагог қызметкерлердің алдында тұрған күрделі және маңызды нәрсе – жаңартылған білім мазмұнын жүйелі енгізу барысында мектептің ішкі мүмкіндіктерін пайдалану, білім сапасын арттыру тетіктері мен формаларын жетілдіру болмақ. Өзгеріс енгізу үдерісін басқару оңай емес әрине, өйткені оның барысында әр түрлі қиындықтар мен кедергілер туындап жатады.
Білім беру саласы мектептердің жеке ұйымдастырушылық оқшаулау саясаты дамуға кедергі келтіретінін бүгінгі тәжірибеде көрсетіп берді. Сол себепті мектептер арасындағы ынтымақтастық орнату, педагог қызметкерлердің мүддесі үшін Желілік қоғамдастық жұмысы ұйымдастыру маңызды болып отыр.
Деңгейлік бағдарламалар курсының І деңгейінің мұғалімдеріне арналған нұсқаулықта «Мектептердің желілік қоғамдастығы – оқушылардың жоғары жетістіктерге қол жеткізу үшін бірнеше мектеп арасындағы оқыту мен оқу үдерістерін жетілдіруге бағытталған іс-әрекеттерді жоспарлау, жүзеге асыру және оның мониторингісін жүргізу мақсатында бірігетін мектептер тобы» деп атап көрсетілген. Желілік қоғамдастық – педагогтердің қарым-қатынас, оқу, біліктілікті арттыру құралы және тәжірибе алмасу алаңы. Табысты желіні дамыту жігерлі әрі табанды жұмысты талап етеді.
Осы мақсатта Мұнайлы аудандық білім бөлімі бұйрығы негізінде кәсіби желілік қоғамдастық жұмысын жетілдіру мақсатында «Жетекші мектеп» жұмысы өз жұмысын бастады.
«Жетекші мектепті» құрудағы негізгі мақсат:
– Жаңартылған білім мазмұны үрдісін және деңгейлік бағдарламалар бойынша педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру сапасын мониторингілеу;
– Деңгейлік бағдарламалар бойынша арнайы курстан өткен мұғалімдерге курстан кейінгі қолдау көрсетуге бағдар беру;
– Жаңартылған білім мазмұнын енгізуде мұғалімдерге қолдау көрсету болып табылады. (№1 слайд)
Аудандық білім бөлімінің нұсқауы бойынша №5 ЖББОМ мектебіне серіктес мектептер бекітілді:
№1 ЖББОМ, №3 ЖББОМ, №8 ЖББОМ, №10 ЖББОМ;
Жетекші мектептердің Ережесінде көрсетілген талаптарға сәйкес Серіктес мектептермен біріге отырып, бірнеше жұмыстарды жылдам әрі қолжетімді жағдайда «Жарқын белес» кәсіби қауымдастық электрондық почтасы ашылды. (№2 слайд)
Желілік қауымдастықта мұғалімдердің күнделікті қызметте кездесетін кәсіби мәселелер ағынымен бөлісуіне, талқылануына арналған форум, үздік педагогикалық тәжірибені тартуға арналған мәтіндік, видео материалдармен бөлісу бөлімі жұмыс істейді.
Желілік қоғамдастықтағы барлық мәселелерді шешуде құрамдағы барлық мектептер ең бастысы сенімділікпен, бірлесіп жұмыс атқарып келеді. Мұндағы негізгі мақсат жеке дара оқшауланып қалып қоймай, білім ресурстарын ортақ пайдалану болып табылады. Тиімді ұйымдастырылған желілік қауымдастық мұғалімдерді өзара оқытуда жаңа мүмкіндіктер ұсынады.
Серіктес мектептеріміз (№1 ОМ басқа) шалғайда болғандықтан құрылған «Жарқын белес» атты (zharkynbeles2@mail.ru, zharkynbeles@gmail.com)
электронды байланыс жүйесі арқылы, іс-тәжірибемізді алмасып отыруға шешілген мүмкіндіктің дәлелі мына слайдта көрініс табады (№2 слайд). Онда мектеп тәлімгері мен тәлімалушыларының іс-әрекеті және оқыту үдеріс кезіндегі оқушылармен қарым-қатынасы бейнеленген. (мүмкіндік болса, сол жерде почтамен жұмыс жүргізу қадамын көрсетемін. Ондағы әр папкаға жинақталған жұмыстар қоры т.б.)
Мақсатымыз: «Үйрете отырып өзара үйрену» кәсіби қауымдастығымен әдіс-тәсілдер алмастырудамыз. Нәтижесі барлық мұғалімдермен тепе-теңдік ұжымын құрып, білімді де, алған білімдерін кез-келген ортада пайдалана алатын тұлға дайындап шығару. (№3,4 слайд)
Оқытудың сапасын жақсартып, істеп жүрген жұмысымызды өзгертуде негізгі міндеттерді мұғалімдердің атқаратындығы белгілі. Мұғалімдердің кәсіби біліктілігі ғана оқыту мен оқуды өзгерте алады. Деңгейлік курстан өткен мұғалімдер бағдарламаның мазмұны мен міндеттерін білетіндіктен, мұғалімдерге үйретіп, сабақтарына көмектесе алады. Сондықтан алдағы уақытта тәлімгерлік жұмысты жалғастыра отырып, мұғалімдердің кәсіби дамуын жетілдіруде, олардың тәжірибесіне оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері мен жұмыс істеу дағдыларын енгізіп, «Lesson stadi» үдерісін дамыту керек.
Жалпы алғанда, ағылшындық педагогтардың ең бір жақсы ұстанатын қағидасы бар. Ол “бәрі қарапайым болу керек».
Кембридж университеті әзірлеген және құрастырған Бағдарламада көптеген терминдер бар. Егер ол терминдерді жете түсінбесек, онда Бағдарламаны да жете түсінбейтініміз аян. Осыған сәйкес тыңдаушылармен теориялық жұмыстар жүргізу барысында жиі кері байланыс жүргізілуі тиіс. (№5 слайд)
Қорыта келгенде, іс-шаралардың ортақ ресурсын жасақтау бізге мынандай мүмкіндіктер береді:
• бірыңғай ақпараттық кеңістікті қалыптастырады;
• тәжірибемен алмасу, жаңа педагогикалық бастамаларға қолдау көрсетеді және ынтымақтастық орнатады;
• нәтижелі педагогикалық практиканы таратуға жағдай жасалады;
• кәсіби тақырыптарда формальды және формальды емес қарым-қатынасты ұйымдастырады;
• виртуальды өзара әрекеттесуге ынталандырады, одан кейінгі ғаламторда өзара әрекеттесуге белсендендіреді;
• жеке файлдарды орналастырады және қоғамдастық кітапханасындағы файлдарды пайдалану мүмкіндігі туады;
• қарым-қатынас жасау мүмкіндігі (форум, чат, комментарий);
• қашықтықтан оқытуға жағдай жасалады;
• жеке электрондық парақтары (портфолио) жасалады. (№6 слайд)
Енді «Біздің мүмкіндіктеріміз»:
«Нәтиже құны – өзіндік жетістік емес, бірлескен ынтымақ жетістігі» екенін біле отырып:
Жетекші мектеп аясындағы жұмыстарды жетілдіру;
Өзара тәжірибе алмасу;
Мүмкіндіктер мен проблемалардың ортақ шешімін табуға әрекет жасау;
Ресурстар, өнімдер т.б. жинақтау.
«Қазақтың тағдыры да, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі» деген М.Жұмабаевтың сөзін басшылыққа ала отырып, «Басқаларды үйретуден, біздің өзіміз де үйренуге жалықпайық» деп ұлы философ Сенека айтқандай, үйретуге, үйренуге жалықпай еңбек ете беру керек деп түйдім.