«Мен тәрбиешімін»
«Мен тәрбиешімін»
«Жас бала-жас шыбық, жас күнінде қай түрде иіп
тастасаң, өскенде сол иілген күйін де қалмақ.
Теріс иіліп қалған шыбықты артынан түзеймін десең, сындарап аласың»
М.Жұмабаев
«Адам ұрпағымен мың жасайды» – дейді халық мәтелі. Ұрпақ жалғастығымен адамзат баласы күні бүгінге дейін өмір сүріп келеді. Адамзат еншісіне ғана тиісті саналы тірлік дамуының негізі-тәрбие. Ұрпақ тәрбиесі заманның қай қоғамның болмасын көкейкесті мәселесі болып келгендігі дәлелдеуді қажет етпейді. Онсыз адамзат ғұмырының мәні мен сәні жоқ.
Тәрбие мәселесі-қай ұлттың болмасын аса қадірлеп қарайтын ұлы қағидаларының бірі. Осы орайда елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелейтін сіздер. Өйткені елдің ертеңгі тірегі-жастар, олар заман талабына сай тәрбиеленуі тиіс.»-деген сөзін жадымыздан шығармауымыз керек. Еліміздің дамуына үлес қосатын білімді де мәдениетті, парасатты ұрпақ тәрбиелеп шығару бүгінгі ұстаздардың міндеті болып табылады.
Бала балқытылған алтын сияқты, оны қалыпқа құйып, қандай мүсін жасайтыны тәрбиешінің қолында. Сондықтанда бала тәрбиелеудегі менің басты мақсатым-ойын арқылы озық ойлы, рухы мықты, елжанды ұрпақ тәрбиелеу. Адам өркениетке бейім болуы үшін бақытты балалық шақты бастан кешуі міндетті. Ол ойын мен қызыққа толы балалық шақ.
Менің тәрбиеші ретінде басты назарда ұстайтын азаматтық құндылықтарым; -Балалардың өмірі, денсаулығы, отбасы жағдайы, өнер-білімге деген белсенділіктері. Адамның бойына жақсы адамгершілік қасиеттердің сіңуі, өнер-білімді игеруі тәрбиеге, өскен ортаға, үлгі-өнеге берер ұстазға байланысты. Ол үшін аянбай еңбек ету, іздену, жаңашыл үрдістерге көңіл бөліп, бала бойындағы жақсы қасиеттерді тани білуіміз керек. «Тәрбие басы-тал бесік» демекші тұлға негізі ең алдымен отбасында қаланады. Сондықтанда мен ата-анамен бірлесе отырып, баланың табиғи қабілетін ашып, оны дамыту арқылы тәрбие беруде жақсы нәтижеге жетуді көздеймін.
Ананың бесік жырынан бастау алатын адам өмірі үйренумен өтетіндігінде дау жоқ. Ендеше ұрпақ тәрбиелеуде халықтық педагогиканы негізге алып, ұлттық тәрбиеге ден қойсақ біздің ұтарымыз анық. «Ескіден қол үзбей, жаңаға қол жеткізгендер ғана мұғалім бола алады»-деген қытайдың ұлы ойшылы Канфуцийдің сөзі бүгінгі күн үшін айтылғандай.
Бүгінгі бала-ертеңгі келешектің кепілі. Білім нәрімен сусындаған шәкірттер тәуелсіз еліміздің тірегі болып, өмірден өз орындарын тауып жатса, шәкірт жүрегіне жол тауып, ізгілік нұрын себуге ұмтылған ұстаз еңбегінің жанғаны емес пе?!
Арқалық қаласы, Целинный ауылы,
Целинный жалпы білім беретін негізгі мектебінің
Мектепалды даярлық сыныбының
тәрбиешісі Ембергенова Қалбике Берікқызы