Жастарды тәрбиелеу жаңа заман ілімі
Жастарды тәрбиелеу жаңа заман ілімі
Қазақ халқының дін туралы танымы, сенімі ерекше. Дінді жаратылыстан тыс құдіретті құбылыс, тылсым ретінде танымайды, ойсыз бас қойып, көзсіз құлдай жығылып, табынған да емес. Діннің адам мен қоғам арасын жалғастырушы, жарастырушы және үйлестіруші қасиетін жете түсініп, оны жан мен тән тазалығын сақтайтын, парасат тағылымдарын демеуші, адамға өнеге тәлім берер, пейілге мейірім ұялатар рухани күшке бағалаған. Атақты ағартушы Ыбырай Алтынсарин өз заманында исламға ден қоя отырып, мұсылман-шылықтың тұтқасы – сенім, иман, имандылық деп дәйектесе, ұлы ақын Мағжан Жұмабаев дін рәсімдерінің тұрмыс дағдыларымен астарластығын «Ораза деген қазаққа құлшылық емес, әдеп қой», – деп бір ауыз өлеңмен сипаттаған. Ойшыл жазушы Ғ.Мүсірепов дін жөнінде: «Адам баласы бірдемеге сенбей, арқа сүйемей тұра алмайды,сол сенімнің аты – дін.Ең арғысы саяси сенім дегеннің өзі халықтың басым көпшілігі үшін дін»,- деп оның адам өміріндегі рухани күшін жоғары бағалағаны белгілі.
Бабаларымыздың қастер тұтып, атадан балаға аманаттап, жүрекке дарытып келген асыл қасиеттері көп-ақ.Халқымыз сырт көзбен емес, жүрекпен ұғатын адамгершілік құндылықтарды жоғары дәріптеген. Иман-қазақ халқының рухани дүниетанымындағы парасат пайымымен сабақтасып жататын өте кең өлшемді ұғым. Ата-бабаларымыздың ақиқатқа жетелер сенімінің де басты тірегі-осы.Барлық бет-болмысының, мінез-құлқының айнасы. Имандылық деген бір ғана сөздің бойына ұят, ар, ынсап, қанағат сықылды бүкіл жақсы қасиеттер түгел сыйып тұр. Қазақтың жүзі жылы жанды жолықтыра қалса, «бетінен иманы төгіліп тұрған адам екен» немесе «иманжүзді кісі екен» деп сөз етісетіні де сондықтан. Тіпті адам ғұмырының мәні болып саналатын махаббат сезімінің де негізі имандылықтан басталадыазақ танымы бойынша: шынайы иманның жемісі – имандылық.Имандылық-адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі-бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуші қадір-қасиет, адам бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік белгісі. Оны Абай атамыз «үш сүюмен» байланыстырып, «имани-гүл» деп ат береді.« Жиғаныңа сенбе-иманыңа сен.Иманды адам-арлы адам. Имансыз адам- сорлы адам.Үстіңнің кірін-сабын кетіреді,Жаныңның кірін-иман кетіреді»,.«Имандылық қастерлі қасиет» «Имандылық-инабаттылық айнасы» «Иман-дылық -ізгілік негізі» Өкінішке орай, кеңестік дәуірде тамырын тереңге жайған тоталитарлық саясаттың үстемдік жүргізуінің салдарынан біз осындай ұлы қасиетімізден айырылып қала жаздадық. Имандылық сөзі иманнан шыққан. Ал иман -жүректегі нұр, нұрдың сыртқы болмысы, яғни имандылық-Алла тағалаға иман еткен адамға бітетін көркем мінез.Алла жіберген әрбір пайғамбарының міндеті-иман мен имандылыққа уағыздау деп саналған
Имандылық мінезі әрбір мұсылманның бойынан табыла бермейді.Атам қазақтың адамгершілік ұғымын имандылық сөзімен беруінде ерекше мән бар. Өйткені, адамгершілік пен имандылық арасында үлкен айырмашылық бар. Адамгершілік – барлық адамның бойында бола алатын адамның адамдық болмысынан (кісілігінен)туған қасиет.Имандылық әлемнің Жаратушысы, Ұлы Досына деген иман атты сүйіспеншілігінен туған аса ізгі кісілік қасиет. Яғни, әрбір имандылықта адамгершілік бар болса да әрбір адамгершілікте имандылық болмауы бек мүмкін. Сондықтан қазақта имандылық – ауқымы аса кең үлкен пәлсапалық ой-толғамға ие, ерекше мәнді ұғым. Атам қазақ иманын – өз болмысының тірегі мен ар-ожданның асыл тас ақиқаты деп ұққан. Сол себепті атам қазақ жүректен иман шыққаннан кеудеден жан шығуды артық санаған. Оған атам қазақтың мына сөзі куә: «Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы». Бұл жерде атам қазақтың «арым», деп, отырғаны – иман. «Ұят кімде болса, иман сонда», деуі де, содан қалған. Ар-ұятын сатқан жанға «иманын сатты», арсыз жанға «имансыз», деген сөзбен түйреген. Қазақта мұндай сөз тіркестері толып жатыр. Бұл – атам қазақтың аса иманды момын-мұсылман жан екендігінің белгісі. Яғни, қазақ бар жақсылық ұғымды иман сөзімен, бар жамандық ұғымды имансыз сөзімен айқындаған. Қазақ әрқашан Ұлы Досына беріктігін көрсеткен. Иә, қазақ шыр етіп дүние келген баланың құлағына азан айтып, ажалы жетіп бұл жалғаннан озған жанның да жүзін құбылаға қара-тып, жаназасын оқып Ұлы Жаратушының жарлығын бұлжытпай орындауға тырысқан
Қазақ дінінің |менталдығының| тірегі, ұлттын рухани болмысының маңыздысы – имандылық.Имандылық концепті-тілімізде көптеген ұғымдарды біріктіретін, жинақтай-тын жалпы түсінік. Ар, ождан, ұят, шын, шындық , намыс, жүрек, жан, тазалық , әділет, мейрім – имандылық концептісінің тірек ұғымдары. Ислам діні қазақ даласына келіп жеткенше де,пайғамбарымыздай үлгілі адамгершілігі мен имандылығы басына қонған,тура да әділ,иман жүзді, сенімді,ру тайпаның, ұлт қауымның ұлағатты үлгі өнегесі болған абыз-ақын,хан-қаған,батыр-ер,шешен-би,сал-сері,дана ана мен ата қаншама адамдар өмірден өтті. Солардың қазақ халқына қалдырған асыл рухани мұрасын исламның имандылық қағидалары мен ұстындарына етене араласып, тонның ішкі бауындай қабысып тамаша табысқа жеткендігіне тарих куә.Иман ұғымы әуел баста Құран арқылы адамдардың санасына сіңсе де, уақыт өте келе халықтың ежелден қалыптасқан салт-дәстүрімен, таным-түсінігімен, наным-сенімімен біте қайнасып, жаңа бір сапалық деңгейге көтерілген ұғым.Халық түсінігіндегі иман сөзі діни шеңберден шығып,жалпы ұлттық, бүкіл адамзаттық құндылықтарды қамтитын ауқымды дүниетанымдық категорияны білдіреді. Имандылық (атауы әр түрлі болғанымен)- барлық наным-сенімдерге ортақ ұғым. Адамдардың діни сеніміне байланысты, имандылықты алалауға болмайды. Қай діндегі болсын адамдардың баршасын имандылыққа баулу қажет К.Д. Ушинский өнегелі тәрбиеге үлкен мән берген, оның негізін дін деп санаған. Дінді ол, ең алдымен, өнегелі тазалықтың кепілі деп түсінген. К.Д. Ушинскийдің «Тәрбие халықтық ілтипатқа ие болған жағдайда ғана өз мақсатына жетеді» – дейді.Иман ұғымы бізде ұлттық сипатқа ие болған. Имандылық-ұлттық шеңберде шырмалып қалған тар ұғым да емес,Қазақстан Республикасында тіршілік етіп отырған күллі этнос өкілдері,оның ұрпақтары имандылық нұрынан тысқары қалуға тиіс емес.Ешбір ұлт бұған қарсы болған да емес. Имандылық- қазақ үшін,жалаң ислами ұғым да емес.Ол наным-сенім ретінде,қашаннан бар,ұласып келе жатқан түсінік. Халқымыздың түсінігінде иман сөзінің аясында сенім мағынасымен қатар, барлық адами асыл қасиеттерді (ұят, ар-намыс, сабырлық, жомарттық, шыншылдық, адалдық, мейірімділік, кішіпейіл-ділік т.б.) қамтитын түсініктер көрініс тапқанИмандылық тәрбиесі-бұл қазақ педагогикасында дәстүрге, әдет-ғұрыпқа, байсалды мінез-құлыққа айналып адам баласының өмір заңдылығы, жарғысы болып қалыптасқан. Имандылық тәрбиесі-адами қасиеттер жиынтығы кісі бойына қаншалықты сінгендігін, педагогикалық іс-әрекеттің нәтижесін көрсетеді.әрі бұл іс-әректтің жүрілу дәрежесін, пәрменін айқындайды.Ал,имандылық-тәрбиелеу қазақ ілімінің асыл өзегі. Осы асыл өзек бүгіндері қоғамдағы тәрбиелік іс-әрекеттер мен шара- шаруалардың тірегі бола алмай отыр.Асылында, Имандылық тәрбиесін жас ұрпаққа игертудің ғылыми негізін Фараби,Баласағүни,Яссауи бабаларымыз салып,Абай, Шәкерім және Мағжан,Жүсіпбек даналарымыз тиянақтап қойған.
Әбу Наср Әл-Фараби: философия мен дінді шендестіре қарастырып,екеуін бір санаттағы саналы білім деп танып, философияның басты ұстанымы-дәлел,діннің өзегі сенім деп тұжырымдаған. Рухани тазалық пен кемелдікті мақсат еткен Ясcауи жан тазалығы, ар тазалығы, жүрек тазалығы қағидаларын бірінші орынға қойды.Ол-өз ілімін қоғамды тәрбиелеуші, түзетуші ар ілімі ретінде түсіндірді Иасауи бабамыз адамға керегі руханият негіздерін білу және оны жүзеге асыру деп көрсетеді: «Руханият дегеніміз-Хақ тағаланың құлдарына берген бұйрығы бойынша – екі түрлі болады: «Құран»-дағы бұйырылған игі істер – міндетті парыз (амри би’л ма‘руф) және тыйым салынған жаман істер-харам (нахий ани’л мункар). Амри’л-би’л ма‘руф бойынша адамның шариғатқа сай болған істерді өзі қабылдап‚ орындап қана қоймай‚ оны басқаларға да айтып түсіндіруі‚ қабылдатуы міндетті. Нахий ани‘л мункар бойынша, тиым салынған‚ шариғатқа сай келмейтін істерді мысалы, күпірлік‚ екіжүзділік, шек келтіру‚ ширк келтіру, өзімшілдік‚ риякерлік‚ зұлымдық‚ арамтамақтық, арам жолдармен күн көру (парақорлық)‚ өтірік, жалған сөйлеу‚ өсек-ғайбат‚ зинақорлық‚ арақ ішу‚ «бенк жеу», яғни‚ наркотик қолдану және мүміндерге хақсыз қиянат ету‚ азарлау және т.б. бұларға түгел тыйым салынған».
Ы.Ал¬тынсарин, Ислам дінінің негіздерін терең түсінген, қалың қазаққа оны түсіндірген, ислам дінінің адам тәрбиесіне берерін әбден зерттеп білген діндар да, сол дінді насихаттаушы да. Ұлы ұстаз әр қазақтың баласы өзінің мұсылман екенін білгенін, жүрегімен терең сезінгенін міндет деп санады. Ең бастысы, ол діннің қажеттілігін, оның тәрбиелік жағын терең түсінді.Ыбырай бабамыз айтқандай,Ислам дінінің де жастарға беріп отырған тәрбиесі осы – имандылық:«… әрбір жақсы амалдардың да асыл түбі иманнан, яғни, инанудан келеді. Имансыз еткен жақсылықтың пайдасы жоқ. Мәселен, біреу намаз оқыса да, ол намаздың керектігін көңілі дұрыстамаса, әлбетте, ол намаз болып табылмай ды… Иманның екі мағынасы бар: бірі –тіл мағынасы… Мұның арғы жағында нені болса да көңіл-мен, жүрегімен сеніп істеу керек. Себебі, әр адамға діннің ең басты берері де сенім».Ал,қазақ сенімінің басы тым тереңде жатқаны белгілі.Тәңірге сенім,аруаққа сенім,табиғатқа сенім,оларды қадір тұту,кие санау,аялап құрметтеу.міне,осы негіздде қазақтың имандылық ұғымы қалыптасты. Олай болса, имандылық дегеніміз адамның бойындағы ең бір қажетті, ең бір құнды қасиеттердің жиынтығы болса керек. Бұл ғалымдардың жазулары бойынша «имандылық» дегеніміз адам (жас бала) тәрбиесінің алтын арқауы, негізгі діңгегі. Адам бойындағы барлық жақсы қасиет сол имандылықтан тарайды, яғни, адам баласының бойындағы ең жақсы деген қасиеттер сол имандылықты құрайды. Имандылыққа баулудың ілімдік және үрдістік жолы айқындалып бүгінге жетсе де,оны жұрт болып,ел болып жаппай қабылдап, тәрбиелеу жүйемізге сіңіре алмай отырмыз.Әсіресе бүгінгі жастардың бойынан байқала бастаған мағынасыз, тұрлаусыз,түсініксіз мінез-құлық пен іс-әрекеттер имандылыққа баулуды қоғам болып қолға алуды қажет етіп отыр.Бұларға ең әуелі ата-бабалары иманды, жомарт, текті адам болғандығын түсіндіріп, ұлттық намыс,ата-тектік мақтаныш сезімін ояту ең дұрыс жол болмақ.Қазақ ұлтында имандылық мәселесі сүйекке сіңген ұғым. Мысалы, репрессия мен ашаршылық, соғыс пен атом бомбасының зардаптары секілді зұлматтар сол кезеңдегі ұрпақтың басын жұтып қана қойған жоқ, одан кейінгі өмірге келген ұрпақтарға да зардабын тигізіп отыр. Мысалы, бүгінгі ұрпақ өз басында туындаған көптеген аурулардың, агрессия мен депрессияның, тұйықтық пен оқшауланудың, тіл мен дінді ұмыту себептерін, рухсыздық пен тарихи зердесіздіктің себептерін түсіне алмайды. Тіпті, бұлардың қайдан келгенін де ойланбайды. Ал барлық мәселе осы текте жатыр. Ата-баба бойындағы барлық қиыншылықтар мен қарғыстар, күнәлар мен дерттер ұрпаққа айналып келіп соғуда.Егер сіздің атаңыз 18 жасында соғысқа қатысқан болса, сізде дәл сол 18 бен 20 жас аралығында ерекше бір агрессия болады. Сіздің қолыңызға қару ұстағыңыз келеді. Адамдарға деген кектенушілік және өзгелерді жау көрушілік сезіле бастайды. Оның себебі тағы да сол, сіздің атаңыздың сол жаста сол сезімдерді кешкендігі. Тек мәдениетін білу, дұрыс түсіну сізге тамырды сезінуді, кез келген мәселені түп-төркінінен қарастыруды үйретеді. Ал тегін жоғалтқан әулеттің ұрпағы өзінің отбасын да жоғалтады. Бұл- нақты статистикалық дерек. Яғни репрессия кезінде атаның айдауға кетуі, яғни отбасынан ажырауы, ұрпағында белгі береді. Дәл сол атасының айдауға кеткен жасында оның ұрпағы да отбасынан кетуге бейім келеді. Өйткені ол оның түпкі себебін түсінбейді.Түсінсе, ол соған қарсы, яғни қандағы қасіретке қарсы күресер еді. Бұл бір ұрпаққа дейін емес, бірнеше ұрпаққа дейін, мұны саналы түрде тоқтатқанға дейін жалғаса береді. Әулеттегі бір ер адамның кетуі, басқа да сол әулеттің ер адамдарының кетуіне алып келіп соғады.
Яғни «Кетуге бейімділік моделі» қалыптасады. Сол кезеңде ер адамдар айдауға я болмаса соғысқа кеткен болса, бүгінгі жағдайда ұрпақтың отбасынан кетуіне, белгілі бір істі тастап кетуіне, туысқандардан кетуіне итермелейді. Тіпті, нашақорлық пен ішімдікке, қылмысқа итермелейді.Әйтеуір бір қалыпты нормадан кетуі керек болады. Атасы 45 жасында өмірден өтсе,45 жас немересі үшін сынамалы кезең. Бұл немересі де сол жасында өледі деген сөз емес, сол жаста немере басында белгілі бір қиындықтар туады. Қазақтарда «мүшел жас» деген ұғым бар емес пе, осы мүшелмен атасының басына жағдай туған жас сәйкесіп жаста, бұл тіпті қиындықтар тудырады. Ал өз тегінің арғы-бергі тарихы мен әулет басынан кешірген жағдаяттарды жетік білген адам бұлардың алдын алуға қабілетті келеді. Оны жастар бойына сіңіретін,әрі негізгі бағыт-бағдар беретін-жастарды имандылыққа баулу амалы ғана.Оның психологиялық-педагогикалық негізін айқындаушы ғылымның аты-Иманипедагогика. Анығын айтқанда,бұл ғылым- жастарды осы дәуірде имандылывққа баулу амал-айласын көрсетуші тәрбиелік ілім.Біз жастарды бүгінгі таңда,К.Д.Ушинский ескерткендей:«…адамның ішкі дүниесіне үңіле алмайтын, имансыз адамға бала тәрбиесін сеніп тапсыруға болмайтындығын»-түсінгендіктен, Шәкерім атамыздың: «… адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді. Біліп жаратушы-тәңірі, өлімнен соң бір түрлі тіршілік бар. Екі өмірге де керектісі-ұждан. Ұждан дегеніміз – нысап, әділет, мейірім»,- деген ойын тұжырымдап: бірінші-әрбір адамда діни таным болуы қажет, екінші-ғылыми танымы болуы керек, үшінші-“Ар ілімін” меңгеруі тиіс,»- деген өсиетін ұстанғанымыз жөн.Ар ілімі-адам бойына тек имандылықпен қонады.
Қобдабай Қабдыразақұлы (ғалым-жазушы)
06. 05. 2018