Балабақша- бақыт баспалдағы
«Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы».
(Абу Насыр Әл Фараби)
Бала кезімде кім боламын деген сауал санамды жаулағанда әлі оң солымды танып, білмесемде мұғалім болуды армандаушы едім. Бала арманыммен есейіп, шын мәнінде мамандық таңдар кезде ойымның баршасы жинақталып келіп ұстаздыққа тұрақтады.
Мектеп табалдырғын бітіріп, арман қуалап оқуға келдім. Мұғалімдік жұмыстың баспалдағы ретінде колледжге оқуға түсіп, өз арманыммен қиялымды ұштастырып, алғашқы кәсібімді бастауыш сыныпта мұғалімдіктен бастадым. Оқушылармен тікелей қарым –қатынас жасап, олардың жүректеріне жол тауып, жүрек жылуымды сыйлап, жан дүниелерін түсінуге тырыстым.
Бала жанын ұғынуға тырысқан сайын, оқушының психологиялық ерекшелігін тану мені қызықтыра түсті. Осы кезде балаға деген қызығыушылығым оянды, сөйтіп тәрбиеші мамандығына келдім. Бұл саланы бітіргеннен кейін, қызықты мамандық екеніне көзім жетіп, тікелей осы салаға ерекше ден қойып, бет бұрдым. Мен өзімнің тәрбиеші екенімді мақтан тұтамын. Бұл саланың әр қырын игеруде табыс пен жетістік мені шыңға жетеледі.
Менің бүгінгі таңда атқарып отырған мамандығыма деген қызығушылығым зор. Менің педагогикалық философиям қарапайым. Оның көптеген қырларын сөзбен айтып көрсету мүмкін емес, жүрегіңмен және жан-тәніңмен сезіне аласың. Балабақшадағы тәрбие – барлық тәрбиенің бастамасы. Балабақша –бақыт баспалдағы. Тәрбиеші балаларды адам мәдениетінің әлеміне, күрделі және алуан түрлі қарым-қатынастардың әлеміне ертетін үлкендердің бірі. Мен балабақшада жиырма жыл еңбек етудемін, бұл еңбектен жалыққан емеспін. Ұжымымның өмірінде таңғажайып қызықтар бастан өтіп жатады. Бірақ, бәрінен де жарқ етіп, есте қалғаны – біздің бірінші кездесуіміз. Балабақша есігін ашқанымда «Балабақша –бақыт баспалдағы» әлеміне түскенімді түсіндім. Әр мамандықтың өз қиындығы, өз қызығы бар. Тәрбиешінің жұмысы күрделі де, қызықты да.. Өйткені бала – пәк, бала – тап-таза. Мөлдір бұлақтың бастауын, көзін ашып, тұнығына қану үшін қаншама қиын да, қызықты еңбек пен тер төгу керек десеңіз! Балаларды ана тілінде әдемі сөйлету, олардың ой-сезімдерін анық, еркін, көркем жеткізе алуға баулу, танымдық қабілеттерін дамыту – тәрбиешінің мақсаттарының бірі.
Тәрбиеші ұстаз – киелі мамандық. Адам тәрбиелеу, оған ғылыми негіздерінен мәлімет беру, баланы өмір сүруге үйрету – өте қиын шаруа. Бір рет жиырма, отыз баламен сабақ өткізіп көрген адам ғана оны түсінеді. Тәрбиеші күн сайын ерлікке пара-пар жұмыс жасайды. Мен әрі «әсем сөз» маманы, әрі суретші, әрі әртіс, әрі баланың жан дүниесін түсіне алатын маман ретінде балаларымды тәрбиелеуде халқымның ғасырлар бойы келе жатқан құндылықтарды бойына сіңіріп, ойына ұялатуға тырысамын. «Балаға мінез уш алуан адамнан жұғады, біріншісі ата-анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбыларынан» — деп ұлы Абай айтқан. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде ата-ананың сұраныс деңгейі биік. Оның барлығы, әрине, заман талабына сай, бірақ ең бастысы – адамгершілік, инабаттылық тәрбие – тәрбиенің бастамасы балаға деген мейірімділік, қамқорлық және жанашырлық, шыдамдылық, шынайы болу және әрдайым шығармашылық ізденісте болу.
Таңғажайып балалар әлемін тереңірек танып, өз өмір тәжірибемнің, мейірімнің дәндерін қондыру – менің жұмысымның мәні. Балалармен жұмыс жасау – үлкен бақыт. Француз ағартушысы,жазушы Жан-Жак Руссо «Бала туғанда ақ қағаздай болып таза туды, оның үстіне шыймайды қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең ол солай тәрбиеленеді»деген нақыл сөзі осы мектепалды даярлық сыныбының балаларына арналғандай.
Тәрбиешінің әрбір өткізген сабағы баланың ақыл-ой парасатын дамыта білетіндей, баланың жас ерекшелігіне сай құрылса, баланың ынта –жігері артары сөзсіз деп білемін. Өзімнің еңбек жолымда әрдайым балалардың тілін, ой-өрісін, тіл байлығын дамыту мақсатында ертегілерден көріністер ұйымдастырамын. Себебі бала ролде өзі ойнаса сол кейіпкердің бойындағы барлық қасиет дағдыларын ой елегінен өткізіп саралайды. Ақылмен ойланады. Ол үшін тәрбиеші бойындағы асыл қасиет – ақыл-парасат болуы шарт. Балалар – өмір гүлі. Ал гүлдер ешқандай жасандылықсыз, шынайылықпен баптағанда ғана өседі.
Балалардың шығармашылығын дамыта отырып, қазіргі заманғы педагогикалық теориямен практиканы басшылыққа алып, жұмыс жасаудамын. Педагогикалық озық техналогияларды сабақ барысында пайдаланып, балалардың шығармашылағын дамытуға ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы жүзеге асырдым. Бес жастағы бала зейінін дамытып, жеке тұлғаға айналдыру әр тәрбиешінің басты міндеті. Сондықтан бала жүрегіне жылылық ұялатып, қабілетімен дарынын ашу әр тәрбиешінің алдына қойылған ең басты міндеті деп түсіндім.
Бүгінгі таңда мұғалім болу, тәрбиеші, болу оңай жұмыс емес. Басқа ешбір мамандық адамға дәл мұғалімге қойылғандай талаптар қоймайды. Педагогтық қызметтің жетістігін бағалау да өте қиын. Қиыны мен қызығы, талабы мен жемісі қатар жүретін өз мамандығымды қатты жақсы көремін. Өйткені, бұл мамандық-менің жүрек қалауым. Сондықтан да мен өз мамандығымды жоғары бағалаймын.
Бала тәрбиесі ең алдымен, аға ұрпақтың жас жеткіншекке деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығынан, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан адамгершілік ізгі қасиеттердің жиынтығынан туындайды. Атадан балаға ұласатын ұлттық құндылықтар үлкендердің әңгімесінен, іс-қимылынан танылып, сезім арқылы жүректен жүрекке беріліп отырған. Сондықтан егеменді ел жастарының санасына осы ұлттық ұлағатты қасиеттерді сіңіре білудің мәні зор. Адамның адам болып қалыптасуында ата-аналармен қатар, тәрбиеші мен мұғалімнің ролі зор. Яғни, мұғалім мамандығының иелеріне болашақ ұрпақты тәрбиелеуде үлкен жауапкершілік жүктелген. «Өзіңнен өзіңді ізде, өзіңе өзің бағын, өзіңді өзің тани біл», – дегеніндей, әр мұғалім өзінің бала болғанын, өзінің ата-ана екендігін, өзінің оқытушы болып қалыптасып келе жатқанын ой елегінен жиі-жиі өткізіп отырса, өзге алдындағы жауапкершіліктің сыры бірден айқындала бастайды.
Қазақ ағартушысы М.Жұмабаев «…Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» деген. Мен «Ұлттық тәрбие –ана тілінен өріс алады» тақырыбы бойынша жұмыс жүргіземін.
Өздігінен қорытынды жасап , талдай білу дағдыларын жетілдіру. Ұлттық тәрбиеге тәрбиелеу ,ұлттық ойындар , тағамдар ,ұлттық киімдер жайлы білімдерін жетілдіру . Сурет бойынша шығармашылық дағдысын қалыптастыру, сөздік қорын молайту , сөз тудыру тәсілдеріне жаттықтыру. Балалардың шығармашылықтары бойынша ертегілермен әңгімелер құрастыру.Сөйлеу мәдениетіне тәрбиелеу,
Мамандық иесі болу үшін алдымен білім мен қабілет қажет. Өйткені, білім арқылы адамның қабілеттілігі артса, ал қабілеттілік білікті маман болуыңа өз үлесін тигізеді. Ел сеніміне кіретін құрметті мамандық иесі болу үшін білім алуға барлық күш-жігерімізді жұмсап, шығармашылық ізденудің арқасында нәтижеге жетесің. Менің өмірлік ұстанымым ұлы Абай «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен еңбегің екі жақтап» дегендей, өз мамандығым «Балабақша –бақыт баспалдағы» деп білемін.