Сәндік қолданбалы өнерінің бірі түкті кілемі арқылы рухани жаңғыру
Жумабекова Айдана
“Үй жасауы-кілем”деп халық айтқандай ,кілемді жайғанда төсеніш, ілгенде сән болып үйге әр береді. Сонымен қатар кілем бөлме жылылығын сақтап, дыбысты бәсеңдетеді.Осындай асыл қасиеттерімен үнемі елдің көңілінде жүретін кілем өнері біздің заманымызға сонау көне дәуірден келген тілсіз хат секілді, өзінің айбынды ерекшелігімен бүкіл әлемді дүр сілкіндіруде
Қазақ халқының қолөнері деп, халық тұрғысында жиі қолданатын шығармашылық өнер жиынтығын айтады. Осындай шығармашылық өнер жиынтығының бірі-кілем өнері. Кілем өнері- қолданбалы сәндік өнерінің бірі бола тұра, оның түрлі –түсті өрнек салып тоқылған жиһаздық үлесі мол.
Кілем бетіндегі сан қилы сәнді өрнектерге зер сала қарасаңыз,тұнық халық өмірінің шежіресін көргендей боласыз. Ол,сірә, тарихи ескерткіш сияқты, бір кезде өмір сүрген халықтың тұрмысы,олардың қандай іспен айналысқандығы жайлы көптеген маңызды нәрселер кілем бетінде баяндалған. Ондағы суреттер қаншама өрнектеліп бейнеленсе де,одан өмір шындығын аңғарту қиын емес.
«Кілем сыры –түгінде»дегендей, кілем биік түкті және аласа түкті болып екі түрге бөлінеді.Биік түкті кілемді жерге төсеніш ретінде жайса,аласа түкті кілемді керегеге сән етіп іледі.Осыған байланысты,кілем түгінің биік-аласалығына, қалың-сиректігіне байланысты неше түрлі атаулары болады.Тек кілемнің түріне қарап қана атау берілмеген,сондай-ақ оның жоғарыда айтып кеткендей көркемдік жағындағы үлесіне «масаты кілем»,қай жерде қандай мәнермен қолданылуына «орда кілем»,мән-мағынасына «арнау кілем»,түгіне «жұлғыш кілем» қарасты атаулары жетерлік. Осындай көптеген атаулардың өзі-ақ,қазақ халқының кілем тоқумен ертеден айналысқандығын және кілемнің әр жерде әр түрлі мәнде тоқылғандығын аңғартады.Сондай-ақ түкті кілемді көркемдік жағынан байыту, яғни,мәнерлеп өрнекте,әр түсті айшықты бояу қолдану әр заттың сипатына,тоқушының өр қиялына және іскерлігіне байланысты әр аймақта,әр алуан.Сонымен бірге,кез- келген кілемнің өзіндік мәні, мағынасы зор. Өйткені өрнектің,ондағы бояу үйлесіміндегі философиялық тұрғыдағы ойдың кілемнен алатын үлесі мол. Түкті кілемдердің өрнектері көбінесе көгеріс өрнекті,геометриялы,космогониялық өрнектер болып келеді. Өрнектердің түстері ақ-қызыл, сары-жасыл, қызыл-көк және т.б. болып бір-бірінің орнын толтырумен қатар,кілемнің қызыл фонымен үйлесімділік табады.Кілемдердің жиегіндегі өрнектері көгеріс өрнекті болып келсе, ортасындағы гүлді табақшалалар космогониялық өрнектер болып келеді. Ал зооморфтық өрнектер кездескен жағдайда,олар геометриялы болады.
Түкті кілемдерінің өрнектеріақ бас тау алқапта, ашық аспан аясында тігілген ақ үйді еске түсіреді. Кілемнің шет жиектері ашық түсті текшелі өрнектермен көмкеріледі. Орталық бөлігіне тоқылатын ромб пішіндегі бірнеше көрнекті гүлдер (« Күмбездері») түкті кілемге айрықша монументілік сипатын туғызады.Кілемнің орталық гүлдері қомақты болғанымен,әсерлі көрінетін текшелі ромб, сегіз құйрықты жұлдызша, шаршы, гүл қауызы пішініндегі өрнектерді тұрпаттауды ұнатады.Өрнек ырғақтары қоңыр, қызғылт немесе қызыл қошқыл реңкте берілетіндіктен түрдің ашық түсті иірімдері кілемге тадтымдылық қасиетін тудырады. Әрбір түр шалымы жеке-жеке іріктеліп тоқылатындықтан кілемнің өңі әссерлі де, ойнақы болып шығады
Негізінен алғанда, түкті кілемдердің « ортаңғы бөлігі» және «шет қаймасы» деген екі түрі бар.Қазақ түкті кілемдерінде ортаңғы ширекке көркемдеп салатын өрнектерді « табақша» немесе «гүл», ал сол ортаңғы бөлікті айнала қоршап тұратын өрнектерді «шет ою» деп атайды.Шет қаймаға тоқылып салынатын өрнектер ортаңғы бөліктегі табақтар сияқты жекеленіп алынбайды.Сонымен қатар, олар табақшалар секілденіп жекеленіп қайталанбай жалғасымды тұрғыда көремделінеді. Ал түкті кілемнің орта табақшалары бірнеше түрге бөлініп, атауларға ие болған : «Жұлдызгүл» табақшасы· «Күмбезгүл»табақшасы· « Өрмекшігүл» табақшасы· «Шигүл»табақшасы· «Сегізбұрыштыгүл» табақшасы· «Пәтнүсгүл» табақшасы·
Қазақ халқының түкті кілемдерінің көркемделуі басқа халықтарға қарағанда, өзгешілігі ортанғы ширегінде тек үлкен төрт немесе бес,кейде алты табақшалардан тұрады. Ал кілемнің табақшаларын қоршап тұратын қаймалары көп дегенде алты шет-ою тоқылып көркемделеді.Көркемдеуде халық шеберлері ою-өрнектердің мағыналық мазмұнына қарай бояу түстерінде нышандық белгілеріне қарай жинастырып байыптаған.Сондай-ақ әрбір бояу түстерінің өзін ерекшеленетін өз нұсқалы түсініктерін ашуға болады.
Мысалы : Ақ түс- шындық,нәзіктік, бейкүнә нышанын білдіреді, ал ислам дінінде қаралы күнді білдіреді. Қызыл түс- өмір жалғасы мен, оттың нышанын білдіреді Сары түс- ақыл парасатты, уайымды білдіреді Жасыл түс- көктемнің, көкмайсаңды жасақтың нышанын білдіреді Көк түс-аспан әлемін, көк аспанды бейбітшіліктің нышандық белгісі Қоңыр түс- терең ойды,мұңды білдіреді (арман, тілек, аңсау) Қошқыл қызыл түс-ізеттілікті танытады
Ежелден адам баласының наным сенімінен, дүниетанымдылығынан, рухани өмірінен пайда болған ою-өрнектердің өзіндік мағыналы сипаттама беруі, халықтың төл мәдениетінің философииялық ой мен идеясын тануда түр-түстің ою-өрнектерді жинастыру арқылы болмыс пен шындықты түсіндіруде халық шеберлерінің даналығын байыптайды.Кілем бұйымында осы ою-өрнектер арқылы түсті өрнек салып тоқылған жиһаздық үлесі мол. Кілем туралы көптеген зерттеушілер Х.Арғынбаев, Ә.Х.Марғұлан, М.С.Мұқанов, Ө.Жәнібеков, С.Қасиманов, Л.М.Левин және тағы басқалары көп еңбектер жазғандықтарын айтуға болады.