Тәрбиешінің кәсіби шеберлігі мектепке дейінгі сапалы білім кепілі
Марат Айгүл
ХХІ ғасыр –тәуелсіз еліміздің әлемдік бәсекелестікке бел буып, дүниежүзілік өркениетке ұмытылған өрлеу ғасыры. Өркенді ел ертеңінде ойлайды. Алыс болашақты тайға таңба басқандай анық бағдарлап беріп отырған Елбасы Н.Назарбаев: «XXI ғасырдың табалдырығы алдында білім беру капиталға айналуда. Оның өзі мазмұны жөнінен стратегиялы ресурстармен бәсекелесе алады. Елдің даму деңгейі осы арқылы бағаланатын болады» – деп сапалы білім беруге ерекше назар аударылатының атап көрсетті. Яғни,сапалы білім беру үздіксіз ізденумен тығыз байланысты. Үздіксіз іздену-бүгінгі таңда жалпы педагогтарға, оның іщінде тәрбиешіге қойылып отырған басты талаптардың бірі. Әрбір педагог Л.Толстойдың: «…мұғалімнің өзі неғұрлым көп оқитын болса, әр сабақты жан-жақты ойластырса және оны оқушының шама-шарқымен салыстыратын болса, онда оқушыға оқу соғұрлым жеңіл соғады» деген сөзінің мәні жойылмағанын түсіну керек. Қашанда адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы жарқын істі жалғастыратын салауатты, білімді,саналы ұрпақ өсіру, келешек қоғамның қамын ойлайтын тұлға тәрбиелеу болып табылады.
Әрбір халық өз ұрпағының болашағына жанашырлық танытып, заман талабына сай тәлім беруге міндетті. Ал қазіргі күннің басты талабы- елін, жерін,Отанын сүйетін, ұлт тарихынан хабары мол, тілін, дінін, дәстүрін сыйлай білетін, ғылым мен техникадан жан-жақты хабары бар азамат тәрбиелеу. Ал сол ұрпақты тәрбиелейтін ата-ана,халқы,мектеп, балабақша. Олай болса, тәрбиенің қайнар көзінің бірі тәрбиешіден басталады. Тәрбиешінің басты міндеті- талабы таудай, дарынды жеке тұлға қалыптастырып, жетілдіре білу. Баланың дүниетанымын, білімін қалыптастыруда балабақша көрнекті орын алады.
Жас бүлдіршінді оқыта отырып, дара қасиеттерін танып – білуге мүмкіндігі барын түсінген тәрбиеші өзінің жас ұрпақ бағбаны болатындығын сезінеді. Сондықтан, ұрпақ болашағы – тәрбиешіге байланыстылығын да түсінеді.
Тәрбиеші алдынан бір-біріне ұқсамайтын, әрқайсысының өзіндік ерекшілігі бар мыңдаған балалар өтеді.«Балам деген жұрты болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын», – деп А.Байтұрсынып айтқандай бала- біздің болашағымыз. Жаңа әлем болашағын даярлайтын тәрбиеші атағына өз білімін табандылықпен жетілдіріп, тапсырылған іске адалдықпен, сүйіспеншілікпен қарайтын, жоғары моральдық қасиеттері бар тәрбиеші ғана бұған лайықты бола алады. Сонымен қатар жас тәрбиеші ұрпақ тәрбиелеуде кездескен қиындықтарды өз бетімен шеше білу қабілеті, оның берілген нұсқауларға жалтақтамай,өзіндік тәжірибесіне сүйене отырып,кез-келген қиын жағдайлардан жол таба алуы шеберлігінің зор болуы. Өзіндік білімін жетілдіру, ұдайы ізденісте болу-тәрбиеші кәсібінің бір бөлігі.
Білім нәрін жас ұрпақтың бойына сіңіру-тәрбиешінің басты борышы,тәрбиешілердің қастерлі жұмысы.Қазақ ел-жұрты үшін баланың орны бөлек,өмірдің сәні де,нәрі де-балада. Ендеше ұрпақ тәрбиесінің кілті-тәрбиешіде, білім марапатқа жету үшін емес,парасатқа жету үшін қажет
Тәрбиеші қазіргі өте алғыр балалардың бойындағы дарындылықты таба алады және тұтанып тұрған отты мезгілінде үрлеп, дұрыс бағыт бағдар беріп, талабын қанағаттандырып отыратын асқан шеберлігін жүзеге асыра білуі қажет. Тәрбиеші жеке көзқарасы бар және соны қорғай білетін жігерлі тұлға болуы қажет. Зерттеушілік, ойшылдық қасиеті бар тәрбиеші жалтақ болмайды. Өз ісін жетік біліп, қызметін табанды жүргізетін тәрбиеші ғана түпкі нәтижеге қол жеткізе алады. Ондай тәрбиеші әрбір күніне есеп беріп отырады, азаматтық ар – ожданын үнемі қорғай алады, білімімен біліктілігімен сыйлы болады.
Тәрбиеші педагогтік, психологиялық білімін жетілдіріп үйренумен қатар, сол білімін күнделікті ісінде шебер пайдалана білетін болуы керек. Дүние жүзінде ғаламдану үрдісі жүріп жатқандықтан, ақпараттар ағыны көбейеді. Тәрбиеші қай жағынан болмасын, ол баланың өмірдің әр саласына қатысты кез – келген сұрағына жауап беруге даяр болуы керек. Бүгінгі таңда еліміз бен әлемде болып жатқан экономикалық – әлеуметтік дамулар білім беру саласына өзіндік ықпал тигізуде. Қазақстанның болашақ дамуына арналған «Қазақстан – 2050» бағдарламасында тәуелсіз мемлекет құруда еліміздің әрбір азаматы өзінің қоғамдағы алатын орнын саналы түсінуі және ел экономикасын бүгінгі сұранысына жауап бере алатын тәрбие, білім алуы қажеттілігіне баса назар аударылған . Келешек ұрпаққа білім берудің міндеттері мен мәні, мазмұны мен түрлері жан- жақты қайта жаңартылып, инновациалық білім негізінде жаңа сапаға жету міндеті көзделуде. Білім мазмұнын анықтауда, толықтыруда, оқу-әдістемелік тұрғыда жаңалауда педагогикалық жолмен дидактикалық міндеттерді белгілеуге тірек болады. Алдынғы қатарлы педагогикалық іс – тәжірибеде шәкірттердің жалпы білімдік біліктілігі және дағдысымен қатар креактивтіліктің де қалыптасуына назар аударуды қажет етеді.
Жас ұрпақтың саналы да сапалы білім алуының бірден – бір шарты- тәрбиешінің жаңашыл болуы. Себебі, еліміздің болашағы бүгінгі жас ұрпақтың білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан сабақты жаңаша құрып, инновациялық түрлі тәсілдерін, педагогикалық білімдерді жетілдіре отыр- ып, оны дер кезінде қабылдап, өңдеп, нәтижелі пайдалана білу әрбір тәрбиешінің міндеті болуы керек. Жаңару жолындағы Қазақстанға жаңаша ойлайтын, өмірге көзқарасы тың, ақыл- ой және шығармашылық әлеуметі қалыптасқан, рухани -адамгершілік мәдениеті жоғары шығармашыл тәрбиеші қажет. Қазіргі қоғамдағы тәрбиеші – шығармашылық дамуға, ұшқыр ойлауға қабілетті, мемлекеттің даму бағыттарын терең түсінетін маман бола алатын, мақсат қойып және жемісті еңбек нәтижесіне ұмтылатын тұлға. Ең алдымен, тәрбиеші – адамгершілігі өте жоғары адам.
Заман талабына сай қазіргі педагог педагогикалық, психологиялық ғылымның озат идеялары мен ғылыми теорияларын өз іс- тәжірибесінде сыннан өткізіп, талдап, оны тәжірибелік тұрғыда қолданып, әр күн сайын толықтырып отырумен де ерекшеленеді. Біртұтас педагогикалық үрдістегі креативтілікті дамыту, біріншіден , педагогикалық идеяларды жүзеге асырудан басталады. Озат тәжірибелерді зерттеп, жинақтаудың кез келген түрінде жетістікке жету тікелей педагогтың ғылыми теориялық білімдарлығы мен шығармашылығына байланысты. Сонымен қатар балалардың мектеп дейінгі бағдарламасындағы материалдардың негізгі бөлімдердің толық көлемде игеріп, әрбір тақырыпты, өзгелерге түсіндіре білу, өз ойын жеткізе білу, яғни сөйлеу мәдениетінің жоғары болуының маңызы зор. Осындай талапқа сай қызмет атқару үшін тәрбиеші бірінші кезекте өзінің әдістемелік,саяси-экономикалық, экологиялық, психологиялық білімін ұдайы толықтырып үздіксіз іздену үстінде жетілдіріп отыруы керек. Сонда ғана әрбір тәрбиеші ешкімге тәуелсіз кәсіби бағыты болуы керек.
Атақты Аристотель сөйленер сөздің үш элементтен құралатынына – яғни шешеннің өзі, ол тілге тиек етер негізгі нысан және тыңдаушылар екенінен ерекше мән берді. Бүгінгі таңда шешен ретінде- тәрбиеші, тыңдаушы ретінде – бала, ал тілге тиек етер нысан- мектепке дейінгі базадағы бағдарлама, оқулық мазмұны болмақ. Шынында да оқытудың сан алуан құралдары ішінде оқулықтың орны ерекше. Оны мектепке дейінгі білім- тәрбие беру қызметінің бірегей педагогикалық, әрі оқыту, әрі оқу құралы деп түсінеміз.
Тәрбиешінің кәсіби шеберлілігі алған білімнің көптігінен емес, сол білімді практикада қолдана алуымен маңызды. Тәрбиешінің басты мақсаты тұлғаның жеке дамуына негізделген, жан –жақты зерттеліп, сараланған білім беру үлгісінің басын бағыттарын айқындау, нәтижесінде еліміздің өркениеті негізделген білім саясатының стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру.
Ғұлама ғалым әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім- адамзаттың қас-жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі», -деп ең алдымен, балаға тәрбие берілуі керектігін алға тартады. Демек, тәрбие мен оқыту- біртұтас үрдіс. Олай болса, жаңашыл тәрбиешінің басты міндеті-баланы тәрбиелей отырып, сапалы білім беру.
С.Пейперттің пікірінше: «… оқытудың көп бөлігі қазіргі оқыту технологиясы немесе білім саласына компьютерді пайдалану арқылы берілгенмен мұның барлығы дәстүрлі оқыту әдістері мен жаңаша жаңғырту әдістерінің бірігуін көрсетеді». Қандай да болмасын әдіс – тәсіл қолданған тәрбиеші үздіксіз іздену үстінде болса, сол тәрбиешінің жаңашылдыққа деген көзқарасы. Өз ұрпағын өз ұлтын сүюге тәрбиелеген тәрбиеші парасатты да көшбасшы бола алады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР.
1.Ақылдың кені (ұлағатты сөздер), Алматы,2008 ж
2.Еркебаева Г.Ғ. Қазіргі білім беру технологиялары. Алматы 2010 жыл
3.«Мектепке дейінгі тәрбие» журналы, Алматы,2011-12 ж
- Тәрбие теориясы мен әдістемесі С.Әбенбаева,Алматы,2004ж
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718