Оқушыларға музейлік білім беру және мектеп музейлерін ұйымдастыру мәселелері мен педагогикалық жеке тәжірибелер

Рахметова Гайни

Заманауи технологиялардың дамуы мен қоғам сұранысының өзгеруіне байланысты әлемдік қауымдастықта музей ісіне жаңаша көзқарас қажеттігі туындап отыр. Қоғамның музей саласына деген қызығушылығын арттыру жаңа тәсілдерді қажет етеді. Музейге белгілі бір ортаның немесе саланың төлқұжаты ретінде қарап, музей арқылы айналаны тану үрдісі қалыптасып келеді. Мұндай көзқарастардың қалыптасуы орта білім саласындағы педагогтар үшін айтарлықтай жаңа мүмкіндіктерге жол ашатыны сөзсіз. Мектеп оқушылары қазіргі уақытта қоғамның толыққанды мүшесі және болашақта өз ортасының жетекші тұлғасы болатындықтан олардың бойына патриоттық тәрбиемен қатар, музей арқылы пәнаралық білім негізін қалыптастыру — бүгінгі педагогтардың міндеті.

Музей ісі айтарлықтай дамыған Еуропа мен АҚШ, Жапония, Түркия, Ресей елдері мектеп оқушыларының музей саласына деген қызығушылығын арттыруды қолға алып отыр. Аталған елдерде музейлік үйірмелер мен клубтар, қолданбалы курстар ұйымдастыру, балаларға арналған түрлі тақырыптық музей ашу арқылы бұл бастама жолға қойылған.

Адамзат  тарихында алғаш рет көпшілікке арналған музей ашқан Ұлыбритания корольдігінде мектеп оқушылары үшін жаратылыстану бағытындағы балалар музейлері  жұмыс істейді. Бұл музейлер негізінен ерте замандағы тіршілік иелері тақырыбына, теңіз жануарларының тіршілігіне, аспан әлемін тануға (астрономияға – Авт.), техниканың даму тарихына қатысты болып келеді. Дәл осындай музейлер Еуропаның Берлин, Париж, Стамбул, Мадрид, Стокгольм қалаларында да жиі кездеседі.Еуропаның балалар музейлеріндегі дүниені танудың бұл әдістері негізінен үйірме, клубтар түрінде жүзеге асырылады [1].

Ал, Совет одағы тұсында да мектеп оқушыларын музей саласына тарту, қызығушылықтарын арттыру қарқынды жүрді. Мектеп оқушыларын музей саласына қатыстыру жұмыстары негізінен мектеп жанынан ашылған өлкетану бағытындағы музейлік залдар мен музейлік бұрыштар арқылы жүзеге асырылды. Олардың арасындағы кейбірі Қазақстан тәуелсіз мемлекет болған уақытта дербес музейлерге айналды. Іргетасы мектеп музейі ретінде қаланған музейлердің қатарында Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығы бар. Облыстағы Бутаково селасындағы мектептің музейі ретінде 1968 жылы негізі қаланып, 1983 жылы Өскемен қаласына көшіріліп, көпшілікке арналған қорық-музей ретінде жұмыс істей бастаған бұл музей бүгінгі күні алыс-жақын елдерге де танымал [2].

Еліміз тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанның музей саласына жаңаша көзқарас қалыптасты. Оның ішінде орта білім саласындағы мектеп музейлері мен музей залдары, музей бұрыштары тарих пен география, биология және тағы да басқа пәндердің көмекші құралы ретіндегі миссиясын жалғастыра отырып, педагогтары қосымша факультативтік жүктемелер беру арқылы ( негізінен тарих, география пәндерінің есебінен жүзеге асырылды  — Авт.) музей тақырыбына арналған үйірмелер, клубтар, экспедициялар түрінде жұмыстарын жалғастырды [3].

Өкінішке қарай, орта білім саласында мектеп оқушыларының музей саласына деген қызығушылықтарын арттыруға арналған әдістемелік құралдардың болмауы, педагогтардың музей ісіне араласа қоймауы себепті жасөспірімдерді музей ісіне қызықтыру жұмыстары баяу қарқынмен жүрді. Бұл жағдай2000 жылдарға дейін сақталды. Дегенмен, Қазақстандағы музей ісінің жаңа тынысының ашылуы бұл салаға да әсерін тигізді. Белгілі музейтанушы, мәдениеттану ғылымдарының кандидаты Ғалия Файзуллина Қазақстанда балалар музейін ашу туралы бастамалар көтеріп, осы тақырыпта бірнеше мақала жазды. Ал, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Үмітхан Мұңалбаева Қазақстанда алғаш ретін музей мамандарымен қатар, мектеп педагогтары да көмекші құрал бола алатын “Музей педагогикасы” атты әдістемелік еңбегін жарыққа шығарды. Сонымен қатар, Үмітхан Дәуренбекқызы Музейлердің халықаралық одағының Қазақстандағы комитетін (“ICOM Қазақстан” ұлттық комитетін – Авт.) құру арқылы Қазақстандағы музей педагогикасының дамуына үлес қосты. “Атамекен” этно-мемориалдық картасы” музейлік мекемесінің директоры (2001-2014 жылдары) қызметін атқарған уақытта Қазақстанның орта білім мектептерімен тығыз байланыс орнатып, бірнеше рет мектеп мұғалімдері арасында “Үздік музейлік сабақтар”, “Мектептегі музейлік әдістемелер” тақырыптарында конкурстар, конференциялар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырды. Үздік деп танылған музейлік білім беретін сабақтар республиканың әр түкпіріндегі орта білім беретін мекемелерге ұсынылды. Педагог мамандардың потенциалын арттыруға арналған бұл бастамалар білім саласындағы жас мамандарға да жаңа мүмкіндіктер ашты.

Жезқазған қаласының орта және негізгі білім беретін оқу орындарының арасында бұл мүмкіндікті пайдалана отырып, алғашқы болып қаладағы №13 мектептетәжірибе ретінде жүзеге асырдым.  Мектеп әкімшілігінің қолдауымен қолданбалы курстар мен үйірмелік бағыттағы сағат жүктемелері есебінен орта буындағы (5-7 сыныптар арасы – Авт.) сыныптар үшін “Музейтану” курсының бағдарламасы әзірленді. Бағдарламаны әзірлеу кезінде ресейлік музеологтар Б.Столяров, О.Некрасова-Каратаева, отандық музей педагогы Ү.Мұңалбаева тәрізді ғалымдар мен музейтанушы Н.Жолбарыстың еңбектері мен кеңестері ескерілді. Ресейлік музей педагогикасы мен балалар шығармашылығы орталығы дайындаған әдістемелік құралдар да бағдарламаны әзірлеуге өзінің көмегін тигізді.

Оқу бағдарламасын жасау кезінде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің кейбір пәндерді музейлерде оқыту туралы идеясы да басшылыққа алынды. ҚР Орталық коммуникациялар орталығының брифигінде сөз сөйлеген министр Е.Сағадиев білім беру үрдісінде Қазақстан музейлерінің әлеуетін барынша пайдалануды ұсынған болатын.

“География, дүниетану және Қазақстан тариxы сабақтарын кемінде екі сағаттан музейлерде, жоғары оқу орындарының музейлері мен ғылыми институттарында өткізуді жоспарлап отырмыз. Әрине, бұл іс-шаралар тек қана жағдайы бар жерлерде өткізеледі. Дегенмен, Қазақстанның музейлері күзге дейін дайын болуы керек. Соның ішінде оқушылар отыратын орындарды дайындап, музейлерді қажетті теxникалық құралдар — проекторлар мен интерактивті тақталармен қамтасыз ету керек. Жоғары оқу орындарына қарасты зерттеу институттарының музейлерін өзіміз дайындаймыз. Бірқатар облыс әкімдерімен осы мәселе талқыланды. Бұл жұмысты өткізу үшін жергілікті әкімдермен музейлерге бару ақысын төлеу меxанизмі әзірленуі тиіс“, — деп атап өткен еді министр Е. Сағадиев[4].

Министрдің бұл бастамасы отандық педагогтар мен музей мамандары арасында талқыланып, орта білім ордаларында тәжірибе ретінде таратыла бастады.

Алғаш рет 2015жылы сынақ ретінде ретінде қабылданған бағдарлама 2015-2016 оқу жылында табысты түрде жүзеге асырылды. Бағдарлама негізгі 9 тараудан тұрады. Атап айтқанда, “Музей ісі туралы түсінік”, “Әлем және Қазақстандағы музейлердің қалыптасуы”, “Тәуелсіз Қазақстанның жаңа музейлері мен қайта құрылған музейлер”, “Жезқазған және Сәтбаев қалалары мен Ұлытау, Жаңаарқа аудандарындағы музейлердің тарихы мен қызметі”, “Музей ісін зерттеуші шетелдік және отандық ғалымдар”, “Қазақ халқының шетелдік музейлердегі экспонаттары”, “Шетел қазақтарының мақтанышына айналған музейлік құндылықтар”, “Түрлі ресурстарда музей тақырыбының қолданылуы” сияқты теориялық-тәжірибелік 8 тарау “Музейлік жоба қорғау” атты 9-ыншы тараумен қорытындыланады. Курстың бағдарламасы аптасына 2 сағаттық жүктемеге арналған. Бағдарламаны меңгеру үшін интернеттегі ашық ресурстардағы деректі фильмдерден үзінділер, жоғарыда аталған авторлардың еңбектерінен алынған тақырыптық мәліметтер, Қазақстан музейлерінің жарыққа шығарған катологтары, жергілікті Жезді тау-кен ісі және балқыту тарихы музейі, Жезқазған қаласының Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейі, Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің тұрақты экспозициялары мен қорларындағы деректер, жергілікті баспасөзге жариялаған ғылыми-танымдық материалдары кеңінен пайдаланылып келеді. Сабақ түрлері аралас типте болып, тарих, география, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, биология, бейнелеу өнері және тағы да басқа пәндермен пәнаралық байланыстары толық ескеріліп, музей қызметкерлерімен кездесу, музейге экскурсия жасау, шығармашылық конкурстар ұйымдастыру, жеке зерттеу әдіс-тәсілдері түрінде өткізіледі [5].

Бағдарламаның жетістіктерін қоғамға насихаттау мақсатында Жезқазған аймағына тарайтын “Сарыарқа”, “Мысты өңір” газеттері мен “Дидар” телеарнасы тәрізді бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жолға қойылған.

Биыл үшінші мәрте жүргізіліп отырған “Музейтану” курсы алдағы уақытта мектеп ішінен музейлік зал немесе арнайы бұрыш ашуға мүмкіндік беретіні де анық. Идеяны жүзеге асыруға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар” атты бағдарламалық мақаласы зор мүмкіндік береді. Бағдарламалық мақалада айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігі алдағы уақытта мектеп жанынан өлкетану музейлерін ашу туралы жобаны қолға алды [6].  Жобаның жүзеге асырылуы — отандық педагогтар үшін қосымша пайдалануға тиімді болса, оқушылар үшін теориялық білімдерін тұрақты түрде тәжірибемен ұштастыруға зор мүмкіндік.

Орта білім беретін мектептерде “Музейтану” курстарын оқыту және мектеп жанынан өлкетану бағытындағы музейлер ұйымдастыру арқылы педагогтар бүгінгі күні оқушыларды патриотизмге тәрбиелеп, отандық музейлердің келешектегі шынайы жанашырларын дайындап шығаратыны сөзсіз. Осындай музейлік үздіксіз білім беру нәтижесінде Қазақстанның музей педагогикасы өркениетті елдердің музей педагогикасы қатарынан көрінері анық.

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер, интернет ресурстар:

 

  1. http://workingmama.ru, http://kidpassage.com , http://the-pled.ru сайттары (ресурс 2018 жылғы 1 наурызда қаралды);
  2. http://www.vkoem.kz(ресурс 2018 жылғы 1 наурызда қаралды);
  3. Ү.Мұңалбаева “Музей педагогикасы”, Алматы – 2013 ж. 65 бет.
  4. http://kazmuseum.kz/(ресурс 2018 жылғы 1 наурызда қаралды);
  5. Рахметова Ғ. “Музейтану” курсының бағдарламасы, күнтізбелік жоспары. Жезқазған қаласының №13 мектебі директорының 2017 жылғы қыркүйектегі шешімімен бекітілген;
  6. “Хабар 24” арнасының “Краеведческие музеи при школах появятся в Казахстане” атты ақпарттық хабары (2018 жылғы 14 наурыз).

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.