Мұхтар Мағауин зерттеулеріндегі жыраулар поэзиясы

Көшмағамбет Ару Бертайқызы
Жұманбаева Ділнәз Ермекқызы
Е.А.Бөкетов атындағы Қаағанды университеті
Филология факультеті
6В01701 – «Қазақ тілі және әдебиеті»  білім беру бағдарламасы,
Ко-23-15к (2курс)

Ғылыми жетекші: Рүстемова Жанар


Аннотация: Бұл мақалада  Мұхтар Мағауин шығармашылығындағы жыраулар поэзиясы қарастырылған. Мұхтар Мағауин еңбектеріндегі жыраулар поэзиясының тақырыбы мен идеясы жан-жақты сараланған. Зерттеуде Қазтуған жырау, Шалкиіз жырау шығармашылығындағы жыраулар көрінісі талданған. Жыраулар поэзиясының тақырыптық және идеялық ерекшеліктері, тарихи және мәдени маңызы зерттеу нысаны ретінде қарастырылады.

Кілттік сөздер: Мұхтар Мағауин, жыраулар, Шалкиіз, Қазтуған, ерлік, Қобыз сарыны.

Кіріспе бөлім

Мұхтар Мұқанұлы Мағауин — 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шүбартау ауданында туған. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы оның аспирантурасын бітірген. Еңбек жолын 1965 жылы бастады. «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, 1967–1971 жылдары «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары. М. Мағауин зерттеуі Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиетті,жыраулар мұрасын, оның айтулы тұлғаларының өмірі мен шығармашылығын тұңғыш рет жан-жақты талдауымен ұлттық әдебиеттануға түбірлі өзгерістер әкелді. М. Мағауиннің «Қобыз сарыны» зерттеуі жыраулар поэзиясын нақты зерттеу нысаны етіп алуымен әрі қазақтың ұлттық әдебиетінің ХV-ХVІІІ ғасырлардағы өкілдері жыраулар мұрасын кешенді талдауымен қазақ әдебиеттануындағы тың еңбек болды. Қазақ халқының азаматтық тарихын тануда және де жыраулар поэзиясында көрініс тапқан тарихи маңызды дәуірлердің болмыс-бітімін айқындауда монографиялық еңбек қоғамдық санаға айрықша ықпал жасады. Әдебиет тарихын халықтың азаматтық тарихымен байланыста алуы (Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет) зерттеушінің геторогенді принципті негізге алғанын, ал жыраулар тұлғасы (қолбасы батыр, сөз бастаған шешен, көріпкел әулие т.б.), олардың поэзиясының көркемдігін ашудағы (толғау, ой толғау, сыр толғау) әдебитеориялық талдаулар автогенді принципті ұштастыруын көрсетеді. Мұхтар оларды тудырған жоқ, Мұхтар оларды жарық дүниеге қайта алып келді. «Қобыз сарыны», «Алдаспан», «Аласапыран» тарихи дилогиясы М. Мағауинді көзі тірісінде атын аңызға айналдырған туындылар», – деген. Бұл тарихи шығармалар бүгінгі күні еліміздің өткен тарихынан сыр шертер құнды әдеби мұрамыз. Осындай әдеби мұраларымыз арқасында әр халық өзінің өткен тарихымен таныса алады.

Негізгі бөлім

Мұхтар Мағауиннің «Қобыз сарыны» еңбегі – қазақ әдебиетіндегі жыраулар поэзиясының терең зерттелген, мазмұны бай ғылыми шығармалардың бірі. Бұл еңбекте жыраулар поэзиясының идеялықкөркемдік ерекшеліктері қарастырылып, олардың шығармалары ұлттық дүниетаным тұрғысынан талданады. Солардың ішінде  Қазтуған жыраудың шығармашылығы ерекше орын алады.Қазтуған жырау – XV ғасырдағы көшпенді қазақ мәдениетінің көрнекті өкілдерінің бірі. Ол өз заманының тарихи-әлеуметтік жағдайын, көшпелі халықтың болмысын, табиғатпен үйлесімді өмірін бейнелеген. Мұхтар Мағауин Қазтуғанды тек ақын ғана емес, батыр, ру көсемі, ел қорғаны болған қайраткер ретінде сипаттайды.

«Қазтуған поэзиясы – табиғат аясындағы көңілі таза көшпенді жыраудың поэзиясы. Бұл поэзия көшпенді санасының қаншалықты биік дәрежеде болғанын көрсетеді» [1,22б] – деп, Мағауин оның шығармашылығы арқылы сол дәуірдегі көшпенділердің дүниетанымын ашып көрсетеді. Жырау шығармаларында Отанға деген сүйіспеншілік, туған жерге деген сағыныш ерекше байқалады. Оның жырларында туған жердің табиғаты, оның байлығы мен қасиеттілігі бейнеленеді.Қазтуған жыраудың шығармаларында туған жердің сұлулығы ерекше жырланады. Оның жырлары көшпелі өмірдің еркіндігі мен табиғатпен үйлесімділігін көрсетеді. Мағауин жыраудың поэзиясын талдай отырып, оның көшпенділер үшін жердің, табиғаттың, өзен-көлдердің, шөп пен жанжануарлардың қаншалықты маңызды екенін дәлелдейді.Мысалы, оның мына жыр жолдарында:

«Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,

Балығы көлге жылқы жаптырмас,

Бақасы мен шаяны

Кежідегі адамға

Түн ұйқысын таптырмас» [1.23б]

Бұл жырларда туған жердің әрбір ерекшелігі жырау үшін қасиетті екені айқын көрінеді. Суы мол өзен, балығы қайық толтырар көл – барлығы көшпенді халық үшін тіршіліктің кепілі. Мағауиннің айтуынша, Қазтуған туған жерге деген сағынышын ең ұсақ бөлшектерге дейін жеткізеді. Ол үшін туған жердің қасиеті тек кең даласында ғана емес, сол жердегі өсімдіктерде, жан-жануарларда, тіпті, «тыныш ұйықтатпайтын» бақалар мен шаяндарда айта кетіп,туған жердің қандай ыстық екеннің жеткізген..

Мағауин Шалкиіз жырауды батырлық пен ерлікті дәріптеген, жауынгер рухты   ақын ретінде        сипаттайды.         Жырау           шығармаларының бірқатары майдан даласында туған болуы мүмкін деген болжам айтылады. Бұл оның жырларындағы ерлікке, батылдыққа, өжеттікке шақыру сарынынан көрінеді. Шалкиіздің жырларында батырлық пен жауынгерлік рухы мынадай жолдар арқылы беріледі:

Желп-желп еткен бәйтерек

Жайылмағы желден-дүр,

Төренің кежігуі елден-дүр,

Кешу кешмек сайдан-дүр,

Батыр болмақ сойдан-дүр,

Жалаңнан барып жауға ти,

Тәңірі өзі біледі,

Ажалымыз қайдан-дүр! [1. 28б]

Бұл жолдар ерлікті, өлімнен қорықпау философиясын, тәңірге деген сенімді бейнелейді. Жыраудың шығармаларында «батыр»,«жау», «найза», «қылыш», «жауынгер» сияқты сөздер жиі кездесіп, оның поэзиясының негізгі өзегін құрайды.Мағауин Шалкиізді батыр жырау ретінде қарастыра отырып, оның жырларындағы негізгі идеяларды саралайды. Жыраудың философиясы – батырлық пен адалдық, еркіндік пен елдік, тұлға мен билік арасындағы қарым-қатынас мәселелерін қамтиды. Мағауин Шалкиіздің батырлық жырларын эпостық элементтері бар поэзия ретінде қарастырады. Бірақ бізге жеткен кейбір нұсқаларында авторлық стильдің жоғалғанын атап өтеді:

«Бұл шығарманың Шалкиізге телініп жүрген нұсқасы — жырдың әуелгі қалпын аз сақтаған. Кейбір анахронизмдердің өзін айтпағанда, баллада эпостарымызда трафаретке айналып кеткен сөздерге толы; бұл нұсқадан Шалкиіздің өзіне ғана тән стилі көрінбейді.»,-бұл пікір арқылы Мағауин жыраудың түпнұсқа жырлары уақыт өте өзгеріске ұшырағанын, бірақ олардың бастапқы мағынасы батырлық пен жауынгерлік рухты дәріптеуге бағытталғанын көрсетеді. [1.30б]

Қорытынды

   Тарихта ақындық және жыраулық поэзиясының алатын орны ерекше. Көне дәуірлерден бері фольклорлық туындылармен өзектесе, жарыса дамып  келген бұл сала халқымыз бастан кешкен тарихи оқиғалалардың көркем шежіресі іспеттес ел  тұрмысының сан алуан қырларын қамтып бейнелеуге әр кез елеулі үлес қосып отырған. Жыраулар поэзиясының басты тақырыбы — ерлік пен елдік. Жыраулардың тағы бір ерекшелігі — суырыпсалмалық қасиеті. Осынау батырлығы мен ақындығы ұштасқан, тарихта өзіндік алар орны бар ұлы тұлғаларымыздың шығармаларына көз жүгіртсек, халқымыздың даналығы мен батырлығына куә боламыз. Жыраулар поэзиясы халықтың басынан өткерген тарихи оқиғаларды жырлаумен ғана бағалы емес, халықтың саяси-әлеуметтік жағдайын, дүниетанымын көркем бейнелі тілмен бере білуімен де бағалы. Сондықтан жыраулар поэзиясында нақыл, афористік сөз орамдары мол. Мұхтар Мағауин осы еңьектері  арқылы жыраулар шығармашылығының тарихи, әдеби және философиялық мәнін айқындап, олардың қазақ әдебиетіндегі орнын нақтылады. Жыраулар поэзиясы тек өткеннің мұрасы емес, ол — бүгінгі ұрпаққа да ой салатын, ұлттық рухты көтеретін алтын қазына. Сондықтан бұл еңбектердің маңызы зор, әрі қазақ мәдениетін тереңірек тануға жол ашады. Мұхтар Мағауин жыраулар поэзиясын ғылыми айналымға енгізген көрнекті зерттеуші. Оның еңбектері қазақ әдебиетінің жүйелі түрде зерттелуіне мүмкіндік берді. Мұхтар Мағауин жыраулар поэзиясының ұлт руханиятындағы орнын айқындап, оны жаңа деңгейге көтерді. Оның еңбектері болашақ ғалымлар үшін зерттеу жұмысында құнды дерек көзі болып, маңызын сақтап қала береді. Мағауиннің еңбектерінің нәтижесінде жыраулардың тек ақындық мұрасы ғана емес, олардың қоғамдағы саяси және идеологиялық рөлі де терең зерделенді. Жыраулардың шығармалары ұлттық рухты, тәуелсіздік идеясын, елдік мәселелерін жырлаған құнды тарихи дерек ретінде қарастырылды. Осылайша, Мұхтар Мағауиннің зерттеулері қазақ әдебиетінің бай мұрасын жаңғыртып, жыраулар поэзиясының маңызын ашып көрсетуге ықпал етті. Бұл еңбектер бүгінгі таңда да әдебиеттану, мәдениеттану және тарих ғылымдары үшін құнды зерттеу нысаны болып қала береді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Мағауин, М. Қобыз сарыны. – Алматы: Атамұра , 2006.

2.Мағауин, М. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. – Алматы:   Ана тілі, 1992.

3.Мағауин, М. Алдаспан. – Алматы: Жазушы, 1971.

4.Қасқабасов, С. Қазақтың халық прозасы. – Алматы: Ғылым, 1984.

5.Жұмалиев, Қ. Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері. – Алматы: Ғылым, 1958.

6.Сүйіншәлиев, Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы: Санат, 1997.

7.Кекілбаев, Ә. Елдік пен ерлік мұраты. – Алматы: Өлке, 1997.

8.Мұқанов, С. Қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиет тарихынан очерктер. – Алматы: Жазушы, 1942.

9.Әуезов, М. Әдебиет тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1991.

10.Бердібаев, Р. Қазақ эпосы. – Алматы: Жазушы, 1982.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх