Готика поэтикасының әдеби трансформациясы: Еуропадан қазақ әдебиетіне дейін

Жандарбек Аружан, Жумабаева Айдана  
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті, филология факультеті, 3 курс студенттері

Ғылыми жетекші: Жумагелдин Жанайдар
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті, филология факультеті, аға оқытушы


Аңдатпа: Готикалық әдебиет – үрей, құпия, тылсым күштер және қараңғылық атмосферасы арқылы адам санасын терең зерттейтін ерекше әдеби жанр. Бұл мақалада готика жанрының пайда болуы, оның әдебиеттегі орны, негізгі белгілер мен көрнекті шығармаларда кездесетін элементтері қарастырылады. Орта ғасырлардағы готикалық сәулет өнерінің әдебиетке ықпалы, XVIII ғасырдағы алғашқы готикалық романдар, олардың тақырыптық ерекшеліктері, сондай-ақ қазақ әдебиетіндегі готикалық элементтер талданады. Психоаналитикалық және мәдени-тарихи әдістерді қолдана отырып, готикалық жанрдың оқырманға әсері мен әдебиеттегі рөлі зерттеледі. Зерттеу нәтижесінде жанрдың болашағы мен қазақ әдебиетінде оның ықтимал дамуы туралы болжам жасалады.

Кілт сөздер: готика жанры, әдеби үрей, тылсым күштер, қараңғылық атмосферасы, психоанализ, мәдени-тарихи әдіс, қазақ әдебиеті.

Кіріспе. Готика – әлем әдебиетіндегі ерекше құбылыс. Бұл жанр қорқыныш пен жұмбақтыққа, табиғаттан тыс күштер мен адам психологиясының қараңғы тұстарына терең үңілуге бағытталған. Готикалық әдебиеттің басты мақсаты – оқырманға эмоциялық әсер ету арқылы оның санасында қорқыныш пен шиеленістің ерекше күйін қалыптастыру. XVIII ғасырда алғаш рет әдебиетте готикалық романдар пайда болып, олар қорқынышты оқиғалар мен тылсым күштердің араласуын сипаттады. Гораций Уолпол мен Энн Радклиф бұл жанрдың негізін қалаушылар ретінде танылды. Готика жанрының қалыптасуы ортағасырлық Еуропа мәдениетімен тығыз байланысты. XII-XV ғасырларда пайда болған готикалық сәулет өнері тек архитектуралық стиль ретінде ғана емес, сонымен қатар қорқыныш пен мистиканы бейнелейтін мәдени құбылыс ретінде де қалыптасты. Готикалық соборлар, қамалдар мен монастырьлердің зәулім, қараңғы әрі құпияға толы бейнесі адам санасында үрей мен таңданыс сезімін қалыптастырып, кейіннен әдебиетте осы атмосфераны қайта жаңғыртатын жанрдың дамуына ықпал етті. Готикалық әдебиеттің алғашқы үлгілері оқырманға ерекше эмоционалдық әсер етті. Жазушылар адам психологиясының ең терең әрі қараңғы қырларын зерттеуге ұмтылды. Готика жанры адамзат санасында бар қорқыныш сезімдерін ояту арқылы тек мистикалық әңгімелермен ғана шектелмей, адамның бейсаналық күйін, оның үрей мен белгісіздік алдындағы реакциясын зерттейтін маңызды әдеби бағытқа айналды. Бұл үрдіс психоаналитикалық әдіспен тығыз байланысты болды.  Қазіргі таңда готика жанры әдебиеттің түрлі салаларында дамуын жалғастырып келеді. Оның элементтері детектив, фэнтези және хоррор әдебиетінде кеңінен кездеседі. Сонымен қатар, қазақ әдебиетінде де осы жанрға жақын сарындар байқалады. Готикалық әдебиет авторлары адам санасының тылсым тұстарына үңілу арқылы оның шындық пен қиял арасындағы шекарасын зерттеді.

Әдісі мен материалы

Әдістер:

1) Мәдени-тарихи әдіс
2) Психоаналитикалық әдіс
3) Юнгтың архетиптік теориясы
4) Фрейдтің тұжырымдамасы
5) Интертекстуалды әдіс

Материалдар:

1) Мэри Шелли «Франкенштейн»
2) Гораций Уолпол «Отранто қамалы»
3) Энн Радклиф «Удольф қамалы»
4) Мадина Омарова «Күзгі бір кеште», «Емші апа»
5) Алмас Мырзахмет «Автопортрет»
6) Лира Қоныс «Айгүл»
7) Қойшыбек Мүбәрәк «Айдың соңғы сәрсенбісі»
8) Мұхтар Мағауин «Қуыршақ»

Нәтижесі мен талқылануы. Готикалық әдебиеттің басты ерекшелігі – оның оқырманға ерекше психологиялық әсер ету қабілеті. Готика жанрының негізгі белгілері қараңғылық, белгісіздік, тылсым күштер мен ерекше кейіпкерлердің бейнелерінен тұрады. Бұл элемент оқырманды қорқыныш пен белгісіздікке толы әлемге енгізеді. Осы үрдіс психоаналитикалық әдіспен түсіндірілетін қорқыныштың бейсаналық деңгейде қабылдануымен тығыз байланысты. Фрейдтің тұжырымы бойынша, адам санасы беймәлім және түсініксіз жағдайларға тап болған кезде үрей сезімін бастан кешіреді, ал готикалық әдебиет дәл осы сезімдерді саналы түрде тудырады.

Готикалық әдебиеттің тағы бір маңызды белгісі – құпия мен тылсым күштердің рөлі. Бұл жанрдағы көптеген шығармаларда жұмбақ оқиғалар, түсініксіз құбылыстар, елестер мен мистикалық белгілер орын алады. Елестер мен қарғысқа ұшыраған кейіпкерлер – готикалық әдебиеттің ажырамас бөлігі. Бұл элементтерді жазушылар оқырманды белгісіздіктің құшағына енгізіп, шынайылық пен қиялдың арасындағы шекараны бұзу үшін қолданады.

Үшіншіден, ерекше кейіпкерлердің бейнелері готикалық әдебиетте маңызды орын алады. Бұл жанрда ақылынан адасқан ғалымдар, қарғыс атқан аристократтар немесе тылсым күшке ие жұмбақ тұлғалар жиі кездеседі. Готикалық әдебиетте көп жағдайда басты кейіпкерлер ішкі жан күйзелісін бастан өткереді, олардың бойында қараңғы инстинкттер басым болып, адам табиғатының беймәлім тұстары ашылады. Бұл ерекшелік Карл Юнгтің архетиптік теориясымен түсіндіріледі, себебі готикалық кейіпкерлер адам санасының көлеңкелі жақтарын бейнелейді. Сонымен қатар, готикалық әдебиетте көп жағдайда қоғамнан оқшауланған немесе қарғысқа ұшыраған тұлғалар бейнеленеді. Бұл кейіпкерлердің тағдыры трагедияға толы, олар өздері түсінбейтін немесе мойындамайтын күштердің құрбанына айналады. Готика жанрының тағы бір ерекше аспектісі – психологиялық үрейдің рөлі.  Жанрдағы қорқыныш физикалық қауіптен емес, адамның ішкі қорқыныштары мен бейсаналық үрейлерінен туындайды.

Готикалық әдебиеттің дамуына үлкен ықпал еткен бірнеше классикалық туындылар бар. Олардың қатарында Гораций Уолполдың «Отранто қамалы», Энн Радклифтің «Удольф қамалы», Мэри Шеллидің «Франкенштейн» және Оскар Уайльдтың «Дориан Грейдің портреті» сынды шығармалары ерекше орын алады. Готикалық әдебиеттің алғашқы үлгісі ретінде Гораций Уолполдың «Отранто қамалы» (1764) романы саналады. Бұл шығармада алғаш рет мистикалық элементтер мен үрейлі атмосфераны қамтитын оқиғалар желісі пайда болды. Уолполдың романы ортағасырлық аңыздар мен қорқынышты оқиғаларға негізделген. Шығармада елестер, қарғыс атқан әулет, жұмбақ оқиғалар мен құпияға толы қамал көрініс тапқан. Бұл роман готика жанрының басты сипаттарын анықтап, кейінгі жазушыларға үлгі болды. Энн Радклифтің «Удольф қамалы» (1794) романы готикалық әдебиеттің жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етті. Оның шығармалары готикалық үрейді тек қорқынышты көріністер арқылы емес, табиғаттың мистикалық бейнесі мен кейіпкерлердің психологиялық күйзелістері арқылы жеткізді. Радклиф қорқыныш сезімін күшейту үшін сипаттамалар мен эмоциялық көріністерді шебер қолданды. Оның стилі кейінгі готикалық әдебиет үшін маңызды бағыттардың біріне айналды. Мэри Шеллидің «Франкенштейн» (1818) романы – готикалық әдебиет пен ғылыми фантастиканың тоғысуының жарқын мысалы. Бұл шығарма адамзаттың ғылым мен табиғат заңдарын бұзуының қорқынышты салдарын көрсетеді. Доктор Франкенштейн өзінің эксперименттері арқылы жаңа тіршілік иесін жасайды, алайда бұл құбыжықтың тағдыры мен оның қоғамнан шеттетілуі философиялық, моральдық және әлеуметтік мәселелерді қозғайды. Готикалық романның дәстүрлі элементтері – оқшауланған зертхана, тылсым күштердің қатысуы, үрейлі атмосфера – бұл шығармада ерекше орын алады. «Отранто қамалы» готикалық әдебиеттің негізін қалады, «Удольф қамалы» оның эстетикалық және эмоционалдық мүмкіндіктерін кеңейтті, «Франкенштейн» ғылым мен этиканың байланысын көрсетті [1, 30].

Готикалық сарындар тек батыс әдебиетіне ғана тән құбылыс емес. Аталмыш жанр сонымен қатар қазақ әңгімелерінде де біршама көрініс табады. Атап айтқанда, Мадина Омарованың әңгімелері адамды тылсым ойға әкетіп қана қоймай, қорқыныш пен белгісіздік, үрей, күмән секілді жағымсыз эмоциялар  қалдырады. «Күзгі бір кеште» әңгімесінде кішкентай Жанна деген арық, әппақ, қалың бұрымды қыз туралы айтады. Автордың үйіне қонаққа келіп, сыр шертіп, өзін түсініксіз ұстайды. Үйіне қайтқан кезде шығарып салмауын өтініп, бір үйге сып беріп кіріп кетеді. Бірақ, уақыт өте келе тіпті ол адам өмірде жоқ екені белгілі болып, автор оны елес қыз деп түсіндіреді.  Сондағы атвордың елеспен сөйлесуі оқырманның миында психологиялық қақтығыс тудырады. Осындай шығармалардан соң адамдарда: паранойя, белгісіздіктен қорқу, тіпті өздерінің жанындағы адамдардан күмәндану секілді эмоциялар қалдырады. «Емші апа»  әңгімесінде де: автор өзін кінәлі сезініп, түсініксіз күйге түседі. Ондағы емші апаның үйіне аяғы тартпауы, ол апа тура сол күні ауырып автор мен анасын емдеп-оқуға қабылдай алмауы, артынан сол апаның белгісіз өлімі готикалық жанрдың көрінісі. Өлім-белгісіздіктің символы болғандықтан, өлім туралы әңгімелер тек жұмбақ, құпия сырларға толы болады. Мадина Омарова — оқырманды белгісіздік пен қорқыныштың шекарасына әкелетін, жұмбақ оқиғалар мен психологиялық шиеленістерді шебер қолданатын ерекше стильді жазушы.

Қазақ әдебиетіндегі тағы бір айтулы жазушы Алмас Мырзахметтің «Автопортрет» әңгімесінде тылсым атмосфера, түс көру, айнаға қарау секілді готикалық-стероетиптік элементтер бар. Әңгемеде суретшінің, яғни басты кейіпкердің, бөлмесі сұрғылт, түссіз болып сипатталады. Атмосфера мен әйелімен ажырасуы сияқты белгісіз жерлері оқырманға құпиялы, тылсым әсерлер береді. Готикалық шығармаларда айна — кейіпкердің өзін- өзі тану процесіндегі маңызды, әрі күрделі символдарының бірі. Психоанализ бойынша талдар болсақ, кейіпкердің айнаға қарап, өзін танымай, оны бөтен адам ретінде қабылдауы — адамның ішкі жан күйзелісі мен психологиялық диссоциацияның көрінісі. Бұл Фрейд сипаттаған «Мен» мен «Ол» (Эго мен Ид) арасындағы қақтығыс. Ал ашуланып айнаны сындыруы — сол ішкі қақтығыстың сыртқа шығып, агрессияға айналуы. Яғни суретші айнаны емес, өз ішінде болып жатқан түсініксіз күй мен шынайы өмірмен үйлеспейтін «Менін» жоюға тырысады.

Ал түсіндегі аппақ әлем мен қара бояу мотиві психологиялық тұрғыдан сана мен бейсаналық, жарық пен көлеңкенің күресін білдіреді. Юнгтің аналитикалық психологиясында бұл «Көлеңке» ұғымымен байланысады, яғни суретшінің бейсаналы түрде өз қараңғы жақтары мен өткен өміріндегі травмаларымен күресуі — оның кейіпкер ретіндегі ішкі трансформациясының белгісі. Алмас Мырзахмет әңгеменің соңында оқырманға күтпеген, үрейлі, шиеленіске толы финал сыйлайды. Ал бұл готикалық шығарма үшін ең маңызды элемент болып табылады.

Алмас Мырзахмет өзінің шығармасы жайында Наурызбек Сашамен сұхбатында былай дейді: «Автопортрет» әңгімесі бейсаналық (подсознание) әлеміне құрық бойлатқым келген, таза идеяға құрылған шығарма. Оқырманның назарын аудару үшін қолданған әдіс. Адам санасында айнаға қарауға деген қорқыныштың пайда болуын жазғым келді. Кейбір оқырмандар әңгіменің атауына иек артып, оқиғаны өз өміріңнен алдың ба дегендей сұрақ қойып жатады. Бұл мен қолданған әдіс, эксперимент жемісін берді деген сөз. Ол және басқа әңгімелеріме деген қызығушылықты оятты. Міне, сіз де сол қақпанға түстіңіз!» [2].

Лира Қоныстың «Айгүл» әңгімесінде Лаураға (басты кейіпкер) түн ортасында бейтаныс біреу қайта-қайта қоңырау шалады, бұл оқырманда белгісіздік пен мазасыздыққа жетелейді. Түнгі уақыт пен күтпеген қоңырау – готикалық әдебиетте жиі қолданыталын тәсілдер.

Қойшыбек Мүбәрәктің «Айдың соңғы сәрсенбісі» хикаяты – қазақ әдебиетіндегі готикалық, мистикалық жанрдың жарқын үлгіренің бірі. Шығармадағы оқиғалар көбіне түн мезгілінде орын алады. Бұл готикалық жанрға тән сипаттардың бірі болып саналады,, өйткені түн – қараңғылық, қорқыныш пен белгісіздіктің символы. Сонымен қатар, шығарма атауындағы «Сәрсенбі» күні ерекше мәнге ие. Басты кейіпкердің (Жалғастың) өміріндегі барлық мистикалық, әрі түсініксіз жағдайлар осы сәрсенбі күні орын алады. Дәлірек айтқанда, Жалғастың атасы дәл осы сәрсенбі күні буаз биенің ішінен теуіп, өзіне жануардың қарғысын ұшыратады. Сюжеттің даму нүктесі осы күнмен тікелей байланысты. Қарғыстың әсерінен сол айдың соңғы сәрсенбісінде Жалғас туылады, одан сон Жанысқа (Жалғастың әкесі) төбенің басынан құбыжық көріне бастап, аяғында жолда кенеттен түйіншекке тап болып қаза табады, кейін өзі де дәл сол сәрсенбіде өзіне қол жұмсап өледі. Жалғастың жолын қара мысық кесіп өтуі, аппақ қыздың келуі, әкесіне құбыжық көрінуі – баяғы жылқының қарғысының көрінісі, әрі готика мен мистиканың құбылысы болып табылады. Әңгімеде «тұмар» мен «бақсылық» сияқты магиялық күштер де орын алады. Шығарма соңында Жалғас «қарғыс циклін» бұзбақ оймен құбыжықтың шартын орындап, өзіне қол жұмсауды таңдайды.

Мұхтар Мағауиннің «Қуыршақ» шығармасы қазақ әдебиетіндегі ерекше готикалық, әрі мистикалық әңгімелердің бірі. М. Мағауинның бұл шығармасының  готикаға сай мистикалық қырлары туралы Г.Р. Сәулембектің «Мистикалық прозадағы вампиризм: М. Мағауиннің «Қуыршақ» әңгімесі негізінде»  деген мақаласынан біле аламыз. Мақалада зерттеуші Мұхтар Мағауиннің готикалық әңгімесі туралы былай дейді: «Қазақ прозасында «готика» тақырыбына қалам тартқан жазушы М. Мағауиннің «Қуыршақ» деген көлемді әңгімесіне де әйел вампирдің жан қуатын сексуалдық жақындықтан толықтырып отыратыны желі етіп алынған. М.Мағауин шығармасындағы  вампир образы да адамдар арасында өмір сүретін ерекше жаратылыс иесі ретінде көрініс тапқан. Жазушы қалыптасқан вампир образының типологиялық белгілерінің барлығын қолданбайды, ол әдепкі таптаурындардан бас тартып готиканың жаңа сипатын ашуға тырысады. Шығарма кейіпкері әдеттегідей қанмен емес, адам қуатымен қоректенеді. Мұндағы жансорғыш кейіпкер физиологиялық ауытқушылығы бар кәдімгі қатардағы адам. Ауық-ауық адам қуатына мұқтаж болатын кейіпкердің қараңғылықты ұнататын тұсы өзінен бұрынғы Готикалық прозадан  ауысқан элемент. Автор ғылыми фантастика жанрының табиғатына сәйкес шығармадағы Қуыршақ қыздың бойындағы тылсым құбылысқа кейіпкері арқылы ғылыми тұрғыдан түсінік бергенді жөн көреді. Дегенмен әңгімедегі мистикалық сарын басым түсіп ежелгі фольклорға, оккульттік нанымдарға бастайды. Мысалы, «Қуыршақ қыз үйінің телефонын айтты. – Ал махаббат… өртеніп кеткен. Менің аяқ-қолымды байлап, аямай отқа салдың емес пе?.. Жарар енді», – деп болмашы күрсінді де жүре берді (Мағауин, 2004:154). Мұнда Қуыршақ қыз өзі сыйлаған қуыршақпен болған оқиғаны дәл сол күйінде сипаттап отыр. Мұны образды сөйлеу ретінде қабылдауға да болады, бірақ сол тұста жазылып алынған телефон номерінің жоғалып кетуі жұмбақ күйінде қалады» [3]. Мұхтар Мағауинның осы шығармасындағы «вампир» образы классикалық әдебиеттегі «Дракуламен» байланысады. Ал бұл шығарма готикалық жанрдың үлгісі.

Қазақ халқының ауыз әдебиеті де, әсіресе, эпостық жырлар, аңыздар мен мифтер көптеген готикалық элементтерді қамтиды. Бұл – елестер, жын-перілер, жалғыз қалған кейіпкерлер, жұмбақ жерлер мен қараңғылық атмосферасы сияқты сипаттар. Қазақ фольклорында жын-шайтандар, перілер мен түрлі тылсым жаратылыстар туралы аңыздар мол. Мысалы, «Жезтырнақ», «Мыстан кемпір», «Жалмауыз кемпір» сияқты кейіпкерлер халық санасында үрей тудыратын бейнелер болып табылады. Бұл образдар тек балаларды қорқыту мақсатында ғана қолданылмай, адамның жаман әдеттерінен сақтандыруға бағытталған. Мұндай кейіпкерлердің әдебиетке енуі халықтың бейсаналық деңгейдегі қорқыныштарымен тығыз байланысты. Бұлардың барлығы готика жанрының негізгі сипаттарына сәйкес келеді.

Қорытынды. Қорыта айтқанда, готика жанры – әдебиеттегі өте қызықты жанр. Оның тарихи қалыптасуы мен дамуы әдеби үрей мен психологиялық шиеленісті зерттеумен тікелей байланысты. Қазіргі заман әдебиетінде готикалық элементтер жаңа стильдер мен бағыттар арқылы дамуын жалғастыруда.  Заманауи жазушылар халықтық мифологияны пайдаланып, оны үрей мен мистикалық атмосферамен үйлестіріп, жаңа стиль қалыптастыруда. Бұл үрдіс әсіресе қорқынышты оқиғаларға, психологиялық шиеленістерге, тылсым күштерге негізделген шығармаларда көрінеді. Мысалы, қазіргі қазақ прозасында адамның ішкі жан дүниесін бейнелейтін күрделі психологиялық образдар жиі кездеседі. Бұл да готикалық әдебиеттің маңызды белгілерінің бірі. Мұндай мотивтер көбіне экзистенциалистік сұрақтармен астасып, адамның жалғыздығы мен қорқынышын көрсетеді. Готикалық сарындар қазақ әдебиетінде тек қана үрей мен қорқынышты оқиғаларды сипаттаумен шектелмейді. Олар адамның санасындағы ең терең сезімдерді, қараңғылық пен жарықтың арасындағы күресті бейнелейді. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ әдебиетіндегі готикалық элементтер тек мифологиялық бейнелермен шектелмей, адамның ішкі әлемін зерттеуге бағытталған терең философиялық негізге ие.

Болашақта қазақ әдебиетінде готикалық жанрдың жаңа бағыттары қалыптасуы мүмкін. Бұл зерттеу әдеби үрейдің мәдени-тарихи тамырларын түсінуге және оның болашақ әдеби үрдістерге ықпалын анықтауға мүмкіндік береді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Жумагелдин Ж.Ш., Исабек Н.Ж. Готика жанрының табиғаты // Смағұлов Ж.Қ. атындағы ғылыми конференция материалдары. – Қарағанды: Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ, 2023. – Б. 30-32 URL: https://rep.ksu.kz/bitstream/data/1249/1/Sbornik_konferencii_Smagulovu.pdf (Дата обращения: 27.02.2025)
  2. Мырзахмет А. Алмаз Мырзахмет: Қазақ прозасына қала прозасын енгізгім келеді [Электрондық ресурс] // Әдебиет порталы. – Қолжетімділік режимі: https://adebiportal.kz/kz/news/view/almaz-myrzaxmet-qazaq-prozasyna-qala-prozasyn-engizgim-keledi__3426 (Қол жеткізу күні: 03.04.2025).
  3. Сәулембек Г.Р. Мистикалық прозадағы вампиризм: М. Мағауиннің «Қуыршақ» әңгімесі негізінде [Электрондық ресурс] // Керуен журналы. – Қолжетімділік режимі: https://keruenjournal.kz/index.php/main/article/view/98/104 – (Қол жеткізу күні: 03.04.2025).

3 комментария к “Готика поэтикасының әдеби трансформациясы: Еуропадан қазақ әдебиетіне дейін”

  1. Готика поэтикасының әдеби трансформациясы атты бұл мақала қазақ әдебиеттануындағы күрделі тақырыпты терең талдаған сәтті зерттеу. Авторлар готикалық жанрдың Еуропадағы қалыптасуы мен қазақ әдебиетіндегі мистикалық элементтерді кәсіби деңгейде салыстырып, интертекстуалды байланыстарды нақты көрсеткен.

    Мақалада психоанализ, Юнг архетиптері және мәдени-тарихи әдістер сауатты қолданылып, талдау ғылыми тұрғыдан дәлелді жасалған. Қазақ прозасындағы готикалық элементтерді Мадина Омарова, Алмас Мырзахмет, Қойшыбек Мүбәрәк, Мұхтар Мағауин шығармалары негізінде түсіндіру — жұмыстың жаңашылдығын арттырады.

    Тілі көркем, құрылымы жүйелі, тұжырымдары нақты. Тақырыптың өзектілігі мен әдебиетке қосқан ғылыми жаңалығы — мақаланың негізгі күші. Авторлар жоғары бағалауға лайық.

Добавить комментарий для admin Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх