Радикализммен күрес — қоғамның ортақ жауапкершілігі

Автор: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Дінтану мамандығының 3 курс студенті Азаматқызы Алина

:Жетекші: Сарсембаев Руслан Мейіржанұлы

Қазіргі заманда діни радикализм мен экстремизм мәселелері көптеген елдер үшін, оның ішінде Қазақстан үшін де маңызды қауіптердің бірі болып отыр. Радикалдану үдерісінің алдын алу және оған қарсы жүйелі түрде әрекет ету мақсатында дерадикализация ұғымы пайда болды. Бұл ұғым радикалды көзқарас ұстанушыларды экстремистік идеологиядан бас тартуға, қалыпты әлеуметтік ортаға бейімдеуге бағытталған кешенді жұмыс ретінде қарастырылады.

Дерадикализация – бұл тек идеологиялық күрес емес, сонымен қатар психологиялық, әлеуметтік және құқықтық деңгейде жүргізілетін көпжақты үдеріс. Қазақстанда бұл бағытта бірқатар мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Мысалы, ҚМДБ, арнайы теологтар тобы, Дін мәселелерін зерттеу орталықтары және дінтанушылар дерадикализацияның түрлі формаларын қолданады: түсіндіру жұмыстары, жеке және топтық кездесулер, түзету мекемелеріндегі арнайы бағдарламалар.

Белгілі дінтанушы Асқар Сабдиннің пікірінше, дерадикализация радикалды идеологияның негізінде жатқан қате діни түсініктерді теріске шығарумен ғана шектелмей, радикалданған тұлғаның психологиялық және әлеуметтік жағдайын да ескеруді қажет етеді. Оның айтуынша, радикалдану көбіне адамның жалғыз қалуы, әлеуметтік әділетсіздік сезімі, немесе діни білімнің таяздығы сияқты факторлармен тығыз байланысты (Сабдин А., 2020). Сондықтан радикалданған адамға тек діни тұрғыда ғана емес, әлеуметтік қолдау көрсету де маңызды.

Қазақстан тәжірибесі көрсеткендей, дерадикализацияның тиімділігі — аталған үдерістің тек арнайы мекемелердің жауапкершілігі емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті екенін түсінуде. Бұл салада дінтанушы мамандардың, имамдардың, психологтардың және құқық қорғау органдарының бірлесе жұмыс істеуі – оң нәтиже беретін жолдардың бірі.

Қорыта айтқанда, дерадикализация қазіргі заманның рухани қауіптеріне қарсы бағытталған стратегиялық маңызды тетік болып табылады. Бұл үдерісті жүйелі түрде дамыту үшін діни білім беру сапасын арттыру, ақпараттық-ағартушылық жұмыстарды күшейту және қоғамдық тұрақтылықты нығайту қажет.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх