Қытай және қазақ тілдеріндегі сан есімдердің прагматикалық ерекшеліктері және лингвомәдени сипаты

Ағзам Ақгүлім Болатқызы
Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ, 4 курс студенті
Ғылыми жетекші: Ф.ғ.к. доцент Турсынали Жазира (ҚазХҚжӘТУ)
Алматы, Қазақстан

Аңдатпа: Бұл мақалада қазақ және қытай тілдеріндегі сан есімдердің прагматикалық және лингвомәдени сипаты жан-жақты қарастырылып, олардың аудармадағы трансформациялық тәсілдері нақты мысалдармен дәйектеледі Мақалада лингвомәдени және прагматикалық тәсілдердің өзара ықпалдастығы негізінде сан есімдердің тілдік сипаты ғана емес, олардың әлеуметтік-коммуникативтік функциясы да тереңірек ашылады. Бұл мақала сан ұғымының тілдегі көрінісін прагмалингвистикалық, мәдени-танымдық, аударматанулық аспектілерде тұтас қарастыруымен ерекшеленеді.

Кілттік сөздер: сан есім, мәдени код, символдық мағына, риторикалық тәсіл,  мәдениетаралық коммуникация, ұлттық таным

Author: Agzam Akgulim

 KazUIR&WL (4 grade),

Scientific Supervisor Tursynali Zhazira (KazUIR&WL) 

Almaty, Kazakhstan

Pragmatic Features and Linguocultural Characteristics of Numerals in Chinese and Kazakh Languages

Abstract: This article provides a comprehensive analysis of the pragmatic and linguocultural characteristics of numerals in the Kazakh and Chinese languages, substantiated with concrete examples of transformational approaches in translation. It explores not only the linguistic features of numerals but also their socio-communicative functions, based on the interaction of linguocultural and pragmatic methods. The study stands out for its holistic examination of numerical concepts in terms of pragmalinguistic, cultural-cognitive, and translation studies perspectives.

Keywords: numeral, cultural code, symbolic meaning, rhetorical device, intercultural communication, national cognition

           Қазіргі тіл білімінде тілдік бірліктердің тек құрылымдық емес, функционалдық, прагматикалық және лингвомәдени қызметі кеңінен зерттеліп келеді. Бұл үрдіс тіл мен мәдениеттің өзара байланысын тереңірек ұғынуға жол ашады. Осындай тілдік бірліктердің бірі – сан есімдер. Олар тек мөлшерді білдіру құралы ғана емес, сонымен қатар әр ұлттың тарихы мен менталитетінен, дүниетанымынан, рухани-танымдық жүйесінен хабар беретін мәдени код. Сан есімдер арқылы ұлттық сана мен болмыстың, тарихи жады мен символдық танымның көрінісі айқындалады.

            Атап айтқанда, қазақ тілінде «үш», «жеті», «тоғыз», «қырық» сияқты сандардың киелі, символдық мәні болса, қытай мәдениетінде «8», «9» – сәттілік, табыс белгісі, ал «4» – сәтсіздіктің символы ретінде көрініс табады. Бұл сандар жай ғана математикалық көрсеткіш емес, ұлттық мәдениет пен ойлау жүйесінің ажырамас бөлігіне айналған. Мысалы, қазақтың «жеті қазына», «қырық үйден тыйым», қытайдың «八方来财», «九九归一» секілді тіркестері – сандардың мәдени мәнін дәлелдейтін тілдік бірліктер .

            Сан есімдер сөйлеу актісінде риторикалық, эмоциялық, эвфемистік қызмет атқара отырып, прагматикалық әсер ету құралына айналады . Олар ресми мәтіндерде нақтылықты көрсетсе, ауызекі тілде көркемдік-экспрессивтік рөл атқарады, ал көркем әдебиетте символдық жүктемеге ие болады. Сонымен қатар, мақал-мәтелдер, тұрақты тіркестер мен идиомаларда сан есімдердің қолданылуы ұлттық мәдени ерекшелікті айқындайды және тыңдаушының эмоционалдық қабылдауына ықпал етеді. Мәтін ішінде қолданылған тілдік деректер, фразеологиялық үлгілер, мәдени кодтар мен сөйлеу жағдаяттары салыстырмалы тұрғыда сараланып, екі халықтың тілдік бейнесі мен прагматикалық ұстанымы ашылады. Мақаланың ең басты ерекшелігі – екі түрлі тілдік жүйе мен мәдени кеңістікті салыстыра отырып, сан есімдердің рәміздік, стильдік, эмоциялық және семантикалық қызметін кешенді талдау. Сонымен қатар, зерттеу барысында қазақ және қытай тілдеріндегі мәтіндерден алынған нақты мысалдар арқылы аудармада туындайтын прагматикалық сәйкессіздіктер көрсетіліп, оларды бейімдеу жолдары ұсынылады.

            Сан есімдер – тілдегі ерекше әрі көне грамматикалық категориялардың бірі. Бірақ қазіргі лингвистикада бұл категорияны тек грамматикалық деңгейде емес, лингвомәдени, прагматикалық тұрғыдан да қарастыру қажеттілігі артып отыр. Сандық мәнге ие сөздердің халық дүниетанымында қалыптасқан рәміздік мағынасы бар. Қазақ және қытай тілдеріндегі сан есімдер – тек номинативтік емес, мәдени семантикасы бар прагматикалық бірліктер. Сондықтан олардың мағынасы, қызметі мен қолдану аясы мәдениетаралық коммуникацияда, аударматануда, тілді шет елдік ортада оқытуда маңызды рөл атқарады.

            Қазақ мәдениетінде 3, 7, 9, 40 сандары ерекше мағынаға ие болып, ұлттың тарихи жадымен, мифологиялық дүниетанымымен және фольклорлық дәстүрімен тығыз байланысты. Бұл сандар тек арифметикалық мәнмен шектелмей, қасиеттілік, рәміздік, символдық жүктемеге ие мәдени концептілер ретінде қалыптасқан. Мысалы, «үш» саны — құрылымдық тұтастық пен кемелділіктің белгісі. Қазақта «үш би», «үш жүз» тіркестері этнос құрылымын және ұлттық мемлекеттілікті сипаттайды. «Жеті» саны — рухани толықтық пен жетілу ұғымымен астасады. «Жеті қазына», «жеті ата», «жеті шелпек», «жеті күн» деген тіркестер қазақ халқының дүниетанымында терең орын алған. «Жеті қазына» ұғымы, мысалы, адамның өмірі мен табиғаттың құндылықтарын жинақтаған тұжырым ретінде қабылданады. «Тоғыз» саны да киелі сан болып табылады. «Тоғыз қабат көк», «тоғыз төре», «тоғыз ай жүктілік», «тоғыз жолдың торабында» сияқты тіркестерде бұл санның тұтастық, ғаламдық құрылым, уақыт пен кеңістіктің терең түсінігімен байланысты екенін аңғарамыз. Ал «қырық» саны — өлім мен өмірдің, дүниеге келу мен кетудің, рухани тазару мен көшу кезеңдерінің рәмізі. Мысалы, «қырық күн», «қырық шілтен», «қырық үйден тыйым», «қырқынан шығару» сияқты тіркестер өтпелі кезеңдер, ритуалдық салттар, рухани тазару ұғымдарымен тығыз байланысты. Бұл сан мифологиялық дүниетанымда тылсымдықпен астасып, қазақтың діни-фольклорлық концептілерінде жиі кездеседі. Осы сандармен байланысты тіркестер мен мәтіндік бірліктер – тек тұрақты сөз тіркестері ғана емес, ұлттық мәдениеттің терең кодтары. Олар халықтың дүниетанымын, тарихи жадысын, әлеуметтік құрылымын және менталитетін танытатын лингвомәдени белгілер болып саналады. Сондықтан бұл сандардың прагматикалық қызметі — тек сандық ақпарат беру емес, коммуникативтік, эстетикалық және концептуалдық қызмет атқару.[1, 52 б]. Бұл сандар халықтың дүниетанымдық құрылымында категориялық сипатта, яғни белгілі бір мәнді нақтылап, рухани шеңберді білдіреді. Қытай тілінде де сандар рәміздік сипатқа ие. Әрбір сан белгілі бір мәдени-символдық жүктемеге ие болып, халықтың дүниетанымы мен сенімдер жүйесінде ерекше орын алады. Бұл құбылыс тіл мен мәдениеттің өзара ықпалдастығын көрсететін жарқын мысалдардың бірі саналады. Мәселен, «8» саны қытай тілінде (fā – байлық, өркендеу, өрлеу) иероглифімен дыбыстық жағынан ұқсас. Осы себепті қытай мәдениетінде «8» саны сәттілік пен молшылықтың белгісі ретінде қабылданады. Бұл сан той-мерекелерде, автокөлік нөмірлерінде, телефон нөмірлерінде, тіпті жылжымайтын мүлік бағасында жиі қолданылады. «888» деген тіркес — үш есе сәттілік символы ретінде танымал. Ал «4» саны, керісінше, жағымсыз мәнге ие. Ол (sǐ – өлім) сөзімен ұқсас дыбысталғандықтан, сәтсіздік пен қауіптің нышаны ретінде қабылданады. Осы себепті Қытай мен басқа да Шығыс Азия елдерінде кейбір ауруханаларда, тұрғын үйлерде немесе лифтілерде «4» саны бар қабаттар мен бөлме нөмірлері мүлде қолданылмайды немесе өткізіліп кетеді. Мұндай мәдени-фонетикалық ұқсастық эвфемизм мен табу құбылыстары арқылы тілдің прагматикалық қабаттарын ашып көрсетеді. [2, 246 б.] «9» саны қытай тіл мәдениетінде ұзақ өмір мен тұрақтылықтың символы ретінде қабылданады. Бұл сан 长久 (chángjiǔ – ұзақ мерзім, мәңгілік) тіркесімен байланысты. Сонымен қатар «9» саны Ян элементімен үйлеседі. Инь–Ян философиясында «9» — Яңның шегі, күштің, ерлік пен патшалық биліктің нышаны ретінде қарастырылады. Ежелгі Қытайда патша сарайларының архитектурасында 9 саны кеңінен қолданылған — мысалы, «Тыйым салынған қала» — 紫禁城 (Zǐjìnchéng), бұл — Пекин қаласындағы ежелгі қытай императорларының сарай кешені. Бұл сарай кешені қатаң иерархия және инь–ян философиясы, бес элемент теориясы, қасиетті сандар жүйесі негізінде салынған. 9 саны бұл кешенде ерекше мәнге ие: Көптеген есіктерде 9 тік және 9 көлденең шеге орналастырылған. Осылайша, қытай тіліндегі сандар тек сандық мағынамен шектелмей, мәдени код пен символдық мәнге ие[3, 431б]. Олар мәдениетаралық коммуникацияда ерекше прагматикалық жүк арқалайды және аударма барысында осы ерекшеліктерді ескеру өте маңызды.

Кесте 1 – Киелі сандардың лингвомәдени сипаты 

Сан Қазақ мәдениетіндегі мағынасы Қытай мәдениетіндегі мағынасы
3 Үш жүз (ұлттық бірліктің құрылымы), үш арсыз (дүниетанымдық ұғым) 三生三世 (sānshēng sānshì — үш өмір, үш кезең; махаббат пен қайта туу концепті)
7 Жеті қазына, жеті ата (қоғамдық құрылым, салт-дәстүр) 七夕节 (qīxìjié — Қытай ғашықтар күні, махаббаттың символы)
9 Тоғыз жолдың торабы, тоғыз қабат көк (ғалам моделі, толықтық) 九九归一 (jiǔjiǔ guī yī — тоғыз тоғыз бірігеді, мәңгілік пен толықтық)
40 Қырық шілтен, қырық күн, қырқынан шығару (өлі мен тірінің, рухани тазарудың символы) – (ерекше символдық мәнге ие емес)
4 – (киелі сан ретінде қолданылмайды, нейтрал) (sì) сөзі (sǐ — өлім) сөзіне ұқсас болғандықтан, жағымсыз символ ретінде қабылданады
8 – (қасиетті сан ретінде арнайы бөлінбейді) (bā) сөзі (fā — байлық, өркендеу) сөзімен дыбыстық ұқсастыққа ие болғандықтан, сәттілік пен табыстың рәмізі

            Бұл кестеден көріп отырғанымыздай, әрбір сан – белгілі бір халықтың дүниетанымы мен мәдениетінде ерекше концепт ретінде орныққан. Қазақ мәдениетінде 3, 7, 9, 40 сандары — тарихи-фольклорлық жады мен салт-дәстүрдің өзегін құрайтын символдар болса, қытай мәдениетінде 4, 8 сандары — фонетикалық ұқсастық арқылы позитив не негатив рәмізге айналған.Ал  9 санына арнайы тоқталатын болсақ,  Қазақ мәдениетінде «тоғыз жолдың торабы», «тоғыз қабат көк» деген тіркестер арқылы ғаламның күрделілігі мен толықтығы бейнеленеді. Қытай мәдениетінде 九九归一 (jiǔjiǔ guī yī) тіркесі тоғыздың тоғыз рет қайталануы, яғни 81 саны арқылы мәңгілікке, бірлікке, кемелдікке оралу идеясын білдіреді.   九九 — «тоғыз тоғыз», яғни 9-реттік циклді білдіреді:
 9 x 9 = 81, бұл тоқсан күндік қыстың соңы, яғни көктемнің келуін де білдіреді (农历 бойынша), 归一 (guī yī) — «бірлікке оралу», яғни хаостың тәртіпке айналуы, бар нәрсенің бірлікке келуі, табиғи үйлесімге жетуі.  Екі мәдениетте де 9 саны – ерекше қасиетке ие, ол жоғары деңгей, шың, шек ұғымдарымен байланыстырылады, бірақ шығу тегі мен ассоциациялары әртүрлі негізге сүйенеді. Осы ерекшеліктерді аударма барысында ескеру — лингвомәдени трансформацияның негізгі талаптарының бірі.

            Сан есімдер сөйлеуде әрдайым нақтылау, күшейту, эмоциялық реңк беру және ықпал ету мақсатында қолданылады. Қазақ тілінде «мың алғыс», «бір емес, екі емес», «жеті рет өлшеп, бір рет кес» сияқты тіркестер тыңдаушыға әсер ету мен мағыналық нақтылықты арттыру үшін қолданылады [4, 342 б]. Бұлар прагматикалық тұрғыдан экспрессивтік-риторикалық қызмет атқарады. Қытай тілінде де сан есімдер прагматикалық элемент ретінде жиі пайдаланылады. Мысалы, «三思而后行» (үш рет ойлан да, содан кейін істе), «一刀两断» (қатал шешім, бір кесіп тастау), «五湖四海» (барлық жақтан) сияқты тіркестер коммуникативтік ықпал жасау құралы ретінде жиі кездеседі [3, 192б ]. Сонымен қатар қазіргі заманауи қытай тілінде сан арқылы шифрланған эвфемизмдер кең таралған: мысалы, «520» – «我爱你» (сүйемін), «1314» – «бір өмір, бір мәңгілік» (一生一世) [5, 296 б].

            Сан есімдер ұлт мәдениетінің бейнесін анықтайтын тұрақты тіркестерде жиі кездеседі. Қазақ тілінде: «Қырық өтірік айтқаннан, бір шын айтқан артық», «Жеті жұрттың тілін біл», «Тоғыз жолдың торабы» секілді үлгілерді кездестіреміз. Бұл тіркестер көбіне тұжырымды, метафоралы ойды жеткізуге қызмет етеді. Қытай фразеологиясында да сандармен байланысты тұрақты тіркестер өте көп. Мысалы, «三心二意» (екіұдай ойда болу), «一成不变» (бір қалыпта қалу, өзгермеу), «千方百计» (жүз түрлі амал, мың түрлі жол) сияқты идиомалар өте жиі қолданылады [5, 297б]. Олар, бір жағынан, санның нақты мәнін берсе, екінші жағынан, астарлы мағына арқылы прагматикалық әсер туғызады. Бұл тұрғыдан алғанда, сан есімдердің фразеологияда берілуі – әр халықтың танымдық, мәдени ерекшелігін танытатын маңызды фактор.

Кесте 2 – Сан есімдердің фразеологиялық сәйкестіктері

Қазақша тіркес Қытайша балама Аударма тәсілі
Жеті рет өлшеп, бір рет кес 三思而后行 (sān sī ér hòu xíng) Мағыналық бейімдеу
Мың жаса 长命百岁 (cháng mìng bǎi suì) Мәдени аналогия
Қырық өтірік айту 说一不二 (shuō yī bú èr) Ішінара сәйкестік (прагматикалық бейімдеу)
Тоғыз қабаттан құлау 一落千丈 (yī luò qiān zhàng) Экспрессивтік сәйкестік
Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар 万里挑一 (wàn lǐ tiāo yī) Мәдени балама

            Аударма барысында сан есімдерді сөзбе-сөз аудару жиі мағына бұрмалануына алып келеді. Себебі әр тілдегі сандық рәміздер әртүрлі прагматикалық және мәдени кодтармен байланысты. [6, 197б] Мысалы, «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» мәтіні қытай тіліне тура аударылса, тыңдаушыда түсініспеушілік тудырады. Сондықтан ол «三思而后行» (үш ойлан да, бір істе) түрінде мағыналық бейімдеу арқылы беріледі. Көркем әдебиетте де мұндай бейімдеу тәсілдері жиі қолданылады. Мысалы, М. Әуезовтің «Абай жолы» романында кездесетін «қырықтың қырсығы» тіркесі қытай оқырманына түсінікті болуы үшін символдық емес – мәдени баламада берілуі тиіс. Мұндай жағдайда прагматикалық трансформация әдістері: эвфемизация, аналогиялық бейімдеу, түсіндірмелі аударма және экспликация жиі пайдаланылады [7, 250б].

Кесте 3 – Аудармадағы трансформация түрлері

Түпнұсқа тіркес Аударма нұсқасы Қолданылған трансформация түрі
Жеті рет өлшеп, бір рет кес 三思而后行 Мағыналық бейімдеу (эквивалент)
千方百计 (мың амал) Не түрлі амалдар қолдану Мәдени аналогия
四 (саны өліммен үндес) Мәтінмәнге қарай ауыстыру Эвфемизация
八 (байлықпен ұқсас) Байлық мағынасы ретінде түсіндіру Символдық бейімдеу

           Мысал ретінде, қытай баспасөзінен алынған мына ресми мәтінді қарастырайық: “今年春节假期从1月21日至27日,共7天。铁路方面预计发送旅客超过2亿人次,是疫情发生以来最繁忙的‘春运’之一。” (Chinanews.com, 2023.01.20) Қазақша аудармада: «Биылғы көктем мерекесінің демалысы 21 қаңтардан 27 қаңтарға дейін жалғасып, барлығы 7 күнді қамтиды. Теміржол саласы 2 миллиардтан астам жолаушыны тасымалдайды деп болжануда. Бұл – пандемия басталғалы бері ең қарбалас ‘көктемгі тасымал’ кезеңдерінің бірі.» Бұл мысалдан көрініп тұрғандай, қытай тіліндегі сан есімдер ресми мәтінде нақты көлем көрсету, әсерлі баяндау және салыстырмалы бағалау жасау үшін қолданылады. Қазақ тілінде мұндай құрылым сәл жалпылама берілгенмен, аудармада дәлдікті сақтау — прагматикалық сәйкестік үшін маңызды. Осылайша, сан есімдер тек грамматикалық бірлік емес, мәтін мәнін арттырушы прагматикалық құрал ретінде қызмет етеді.

            Сандар – ұлттың мәдени жадындағы тұрақты концепт. Олар мифологияда, салт-дәстүрде, дүниетанымда орныққан. Қазақта «үш арсыз», «жеті ата», «тоғыз жол», «қырық қонақ» секілді ұғымдар – ұжымдық сананың көрінісі. Қытайда «九九重阳» (тоғыздың тоғыздығы – өмір ұзарту күні), «四不象» (төрт қасиетсіз мақұлық – белгісіздік метафорасы) сынды конструкциялар ұлттық философияның көрінісі болып табылады. Сонымен қатар, сан есімдердің ұлттық мифологиямен астасуы олардың тілдік емес, мәдени-психологиялық рөл атқаратынын аңғартады. Әсіресе, діни наным-сенімдер мен ырымдар жүйесінде олардың орны ерекше. Қазақ халқында «жеті шелпек пісіру», «үш күндік жол», «қырық күндік мереке» сияқты салттық тіркестер мен рәсімдер де осыны растайды. Ал қытай мәдениетінде сандардың жүйелілігі мен иероглифтік бейнесі олардың күнделікті өмірде функционалдық және символикалық қабаттарда қатар қолданылуына әсер етеді.

            Осы сипаттардың барлығы сан есімдерді тек тілдік құрал ретінде емес, ұлттың когнитивтік, мәдени және прагматикалық бейнесінің ажырамас бөлігі ретінде қарастыру қажеттігін көрсетеді. Сандық концептілер мәдениеттің ішкі логикасынан, дәстүрден, қоғамдық нормалардан туындайды. Сондықтан оларды аудару кезінде жай лексикалық балама емес, терең лингвомәдени сәйкестік ескерілуі керек.

            Қорытындылай келе, қазақ және қытай тілдеріндегі сан есімдердің қолданысы мен мәні олардың тарихи-мәдени, дүниетанымдық ерекшеліктеріне негізделеді. Бұл мақалада қарастырылған салыстырмалы талдау мен нақты тілдік деректер сан ұғымының прагматикалық және лингвомәдени сипатын ашып, аударма мен мәдениетаралық коммуникация салаларына әдістемелік негіз бере алады. Сан есімдер – тек сандық мән емес, ұлттық болмыстың бейнесі.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Жанпейісов, Е. Этнолингвистика негіздері / Е. Жанпейісов. – Алматы: Ғылым, 2002.
  2. Уәли, Н. Қазақ тілінің прагматикасы / Н. Уәли. – Алматы: Арыс, 2014.
  3. Yip, P.-C., Rimmington, D. Chinese: A Comprehensive Grammar / P.-C. Yip, D. Rimmington. – London: Routledge, 2004.
  4. 刘珣. 对外汉语教学语法纲要 / 刘珣. – 北京: 北京语言大学出版社, 2001.
  5. 朱德熙. 语法修辞讲话 / 朱德熙. – 北京: 商务印书馆, 1982. – 296 б
  6. Смағұлова, Г. Тіл және мәдениет: лингвомәдениеттану негіздері / Г. Смағұлова. – Алматы: Қазақ университеті, 2007.
  7. Караулов, Ю. Н. Русский язык и языковая личность / Ю. Н. Караулов. – М.: Наука, 1987.

 

Басқа мақалалар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

19 − три =