Қазақтың батыр қызы – Әлия Молдағұлова
Аманжолова Айана Жамбылқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның
4-курс студенті
Жетекші: т.ғ.д. Сайлан Болат Санабайұлы
Биыл адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі – Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толып отыр. 1939 жылы басталған бұл алапат соғыс 1945 жылы аяқталып, бүкіл әлемге зор зардабын тигізді. Соғыстың салдарынан 60 миллионнан астам адам өмірден өтті, ал дүние жүзі саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан түбегейлі өзгеріске ұшырады.
Тәуелсіздік жылдарында соғыс тарихының елімізге қатысты көмескі тұстары біртіндеп зерттеліп, көптеген ғалымдардың еңбегі арқасында жарыққа шығуда. Ұлы Отан соғысында жанқиярлықпен шайқасып, ерлігімен ел есінде қалған батырлар аз емес. Солардың арасында – қазақ халқының қаһарман қызы, мерген-атқыш Әлия Молдағұлованың есімі ерекше.
Әлияның өмір жолын ұзақ жылдар зерттеген Ғалымжан Бәйдербестің еңбегінде және нағашы ағасы Әбубәкір Молдағұловтың естеліктерінде оның шын есімі Ылия екені айтылады. Негізгі тегі Сарқұлова болғанымен, анасынан ерте айырылған соң нағашысы Әбубәкірдің қолында тәрбиеленіп, соның тегін алған. Кейін Ленинградтағы балалар үйінде құжаттарын қайта рәсімдеу кезінде қате кетіп, тегі «Молдағұлова» болып жазылады. Бұл жайында Әлияның өзі де 1943 жылдың 15 мамырында Сапура есімді туысына жазған хатында баяндайды. Дегенмен тарихта ол Әлия Молдағұлова есімімен қалды. Бүгінде еліміздің әр өңірінде оған құрмет ретінде есімі Әлия деп қойылған көптеген қазақ қыздары бар. Батыр қыз 1925 жылы 15 маусымда Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Бұлақ ауылында дүниеге келген. Жеті жасында анасынан айырылып, нағашысы Әубәкірдің қолында өседі.
1935 жылы ағасы Әскери-көлік академиясына оқуға түсіп, Әлияны өзімен бірге алып кетеді. Содан бері Әлия ағасымен бірге еліміздің бірнеше қаласында тұрады. 14 жасында ол Ленинградтың Охта ауданындағы балалар үйіне орналастырылады. Табиғатынан қайсар қыз 1941 жылдың қарашасында комсомол қатарына қабылданады. 1942 жылдың наурызында балалар үйі Ярославль облысына көшіріліп, Әлия сол жақта орта білімін аяқтайды. Сол жылы Рыбинск авиациялық техникумына түсіп, үш айдай білім алады. Оқып жүрсе де, бірнеше рет майданға сұранып, өтініштері алғашында қабылданбайды.
1942 жылдың 25 қазанында 17 жасқа толған Әлия, арада бір ай өткенде «майданға аттануына байланысты» техникумнан ресми түрде шығарылады. Осы кезден бастап оның қысқа болса да ерлікке толы жолы басталады. Ол Мәскеу түбіндегі Вешняки ауылында орналасқан мергендер мектебіне қабылданып, арнайы әскери дайындықтан өтеді. 1943 жылдың шілдесінен бастап 22-армияның 54-ші атқыштар бригадасы құрамында мерген ретінде жауынгерлік қызметін бастайды.
Мерген Әлия Молдағұлова қызмет еткен 4-ші батальонның саяси жетекшісі Г.В. Варшавскийдің естелігі бойынша, «бригаданың бөліктері Насва бекетіндегі темір жолға шыққанда жау оғының астында қалады. Түнде шабуылға арналған негізгі шекараларға орналасып, кеңес жауынгерлері 1944 жылғы 14 қаңтардың таңында шабуыл жасайды. Әрекеттерін мергендер көлегейлеп жүрген батальонға Насва бекетінің ауданындағы Новосокольники-Дно темір жолын кесіп өтіп, Казачиха ауылына басып кіру тапсырылған. Қорғаныстың алдыңғы шебі сәтті бұзылғанымен, кеңестік шабуылшылар неміс әскерінің жауапты атысына төтеп бере алмай қалады. Осындай күрделі сәтте Әлия Молдағұлова «Жауынгерлер, алға!» деген ұранмен, алға ұмтылады. Кеңес әскерилері оның артынан шабуылға шығады. Қарсылас жау бұрынғыдай белсенді жауап қайтарып жатады. Күні бойына жалғасқан ұрыста Әлия үш рет жаудың шабуылына тойтарыс береді. Ол 1944 жылдың 14 қаңтарында Псков облысы, Новосокольники қаласы маңындағы Казачиха ауылындағы ұрыста ерлікпен қаза тапты. Көрсеткен батырлығы мен жанқиярлығы үшін оған 1944 жылғы 4 маусымда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Тарихшы ғалым Болат Сайлан: «Соғыстың сол сын сағаттарында Отан үшін шайқаста ерлікпен қаза тапқан жас боздақтар Сәди Рақымжанов, Баубек Бұлқышев, Қанаш Хамзин, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Абдолла Үсенов сынды мыңдаған жас қырандардың есімін бүгінгі ұрпақ ерекше ілтипатпен сый-құрметпен еске алады. Олардың ерлік істері алдында халықтың әлі талай ұрпағы бас иетін болады» – деген еді.
Әлия Молдағұлованың қаһарлы соғыс жылдарындағы ерлігі ел есінен ешқашан ұмытылмайды. Кейінгі бейбіт заманда қазақ қызының ерлігі еленіп Мәскеудегі, Новосокольникиде одан бөлек еліміздің көптеген қаласындағы мектептерге, сондай-ақ, әскери-теңіз флотының кемелері мен Каспий теңізіндегі жүк таситын теплоходына қазақтың мерген қызы Әлия Молдағұлованың есімі берілді. Сын сағатта жанқиярлық танытқан қазақтың батыр қызын тарих ешқашан ұмытпайды. Қазақстанда көптеген қалаларда Әлия Молдағұлова атындағы көшелер, мектептер, ескерткіштер ашылды. Жақында Ақтөбе халықаралық әуежайының өзі Әлия Молдағұлованың есімімен аталды.
Қорытындылай келе, Әлия Молдағұлова – ерлігімен ел есінде қалған қаһарман қыз. Оның батырлық жолы бүгінгі жас ұрпаққа отансүйгіштік пен қайсарлықтың өнегесі болып қала береді. Биыл 100 жасқа толып отырған Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың қаһармандығы мен жанқиярлығы, өжеттілігі мен батырлығы қазақ патриотизімінің жарқын үлгісі деп айта аламыз.