Жаңашыл мұғалім – бүгінгі заман талабы

Тажиметова Гульшат Махмутовна

Қазақстан Республикасының педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының ІІ деңгей бағдарламасының мазмұны мұғалімдерді жаңаша даярлай отырып, қарқынды өзгеріп жатқан әлемде білім саласындағы тың жаңалықтармен таныстырады. Ең бастысы “ХХІ ғасырда білім мен тәрбие берудің бағыты қандай болу керек” деген мәселелерді шешуге бағытталғандығына осы курсты оқу барысында көзім жетті. Аз уақыт ішінде курстың мақсат міндеттерін орындай отырып, біршама нәтижеге қол жеткіздім деп және іс- тәжірибеме өзгерістер енгізе отырып, өзімнің де өзгергенімді айта аламын. Мұндай деңгейлік оқулар мұғалімдердің кәсіби дамуына мүмкіншілік береді және оқушыларды қалай оқу керектігіне үйретеді. Соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір көзқарастары жүйелі дамыған оқушы қалыптастыруға даярлайды. Білім саласында үнемі өзгерістер болып жатыр. Сол өзгерістерді енгізіп, көштен қалмай бірге жүруге тура келеді. Педагогикалық ізденіс барысында оқушыларды тәрбиелеу мен оқытуда жаңа әдістемелерді қолдануды оқу үдерісіне енгізудің маңызы ерекше. Жаңа технологияның басты мақсаттарының бірі баланы оқыта отырып оның еркіндігін, белсендігін қалыптастыру, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру. Мемлекетіміздің болашағы бүгінгі мектеп оқушылары. Оларға бірдей талап қойып, олардың табиғи қабілеттерін, нақты мүмкіндіктерін анықтап, соған негіздеп оқыту бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналды. Қазіргі талап- оқушыларды ойландыру, сезіндіру, ақпараттық құралдар арқылы өз беттерінше еңбектеніп, оқуға баулу. Пән мұғалімдерімен және 7 сынып оқушыларымен жүргізілген сауалнаманы негізге ала отырып, өз мектебімде өзгеріс енгізу үшін алдымен іс -тәжірибелік кезеңде атқарылатын жұмыстардың жоспарын жасадым. Сол жоспар боынша ең алдымен мектеп қызметкерлерінің Кэмбридж әдіс- тәсілдерінің алға қойған мақсатымен таныстырып, ондағы 7 модульдің әлем педагогикасында қолдану деңгейлігінің жоғарылығын, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің осы әдіс- тәсілдерді мектептерге дендеп ендіру туралы нұсқауын түсіндіру арқылы бастадым. Себебі біз топтық жеті модульдің барлығында өзіндік функцияға ие болуын есепке алдық. Яғни, оқушы алған білімін өмірде қолдана білуі тиіс. Мектеп оқушыларының бірлескен оқуын жүзеге асыру, сол арқылы қазіргі таңда мектепте кеңінен қолданыстағы сын тұрғысынан ойлау технологиясын дамыту, топтық әдістер арқылы оқушылардың өзара ынтымақтастығын нығайту және дамыту керек деп ойлаймын. Оқушылар топтық жұмысты ұнатады, олар үшін ең маңыздысы терең білім алу және өздері үшін оқиды, яғни алға деген ұмтылыс бар. Өз ойларын сабақта айту оқушылар үшін өте маңызды. Оқушылар үшін мұғалімнің өзіне үнемі көңіл аударуы және жауап беру арқылы бағалануы маңызды, осы мәселені тиімді, жүйелі шешу үшін мұғалімдер оқушылармен топтық жұмысты, диалогтық тәсілді оқытуда тиімді қолдануды жолға қою керек сияқты.

 

Оқушылардың жауабын бағалаудың бір жақтылығын жою мақсаты тұр. Оқушының әрбір жетістігін қалт жібермей мақтап,  мадақтап отырса, оқушыға оң әсер етуі әбден мүмкін. Сондықтан мұғалімдер қалыптастырушы бағалауға көп көңіл бөліп, оқушымен арадағы диалогты дұрыс, тиімді, мәдениетті және жетелеуші түрде ұйымдастыру керек сияқты. Мектептегі әрбір мұғалім өз сабақтарында топтық, жұптық жұмысты тиімді пайдалану керек, өйткені қазіргі кезде топтық жұмысты жолға қойған мұғалімдердің жұмыстары жеңілдеген. Есесіне оқушылардың білім сапасы да артқанын байқауға болады. Ал, оқытуда интерактивті оқыту – бұл, ең алдымен, сұхбаттасып оқыту, оның барысында мұғалім мен оқушының өзара әрекет етуі жүзеге асырылады.  Осы жерде оқушылардың жауаптарынан гөрі мәселенің шешімін табуға талпынғаны маңызды. Себебі, интерактивті оқытудың басты мақсаты – оқушыларды өз бетінше ой қорытып, жауап табуға үйрету. Әсіресе табиғатынан тұйық, өз ойын жеткізе алмайтын, өздеріне сенімсіздеу оқушыларға пайдасы зор. Ал мұғалімнің міндеті – оқушының неғұрлым белсенділік танытуына жағдай жасау, қажет кезде жол көрсету болып табылады. Мұнда мұғалімнің шығармашылықпен жұмыс істеуі үлкен рөл атқарады. Нәтижесі жинақталған білімін  пайдалана алуда. Интерактивті әдістің ерекшелігі – оқушыға жаттанды білім беру емес, керісінше әр оқушының танымдылық қабілеттерін және танымдық үдерістерді, яғни қойылған сұраққа бірнеше нұсқалы жауап беру, ойлауды, ынтаны, қабылдау қабілеттерін, сөздік қорын белсенді түрде дамыту болып табылады. Оқыту мен оқудағы бағалауды дұрыс ұйымдастыру уақыт талабы. Өйткені оқушыны тек мұғалімнің бағалауы бір жақты болады. Оқушы өзін-өзі және өзара, соңынан мұғалім оқушымен санаса отырып демократиялы түрде бағаланса оқушының келешекте ынтасын арттырады, өзіне сыни баға беруі қалыптасады.

Әдетте, дәстүрлі сабақта, бірнеше үйренуші ғана әрекет жасайды, олар мұғалімнің берген тапсырмасын орындаумен ғана шектеледі немесе жасалған жұмыс туралы есеп немесе жауап береді. “оқушының оқуға деген ынтасы  болмаса, біздің барлық еңбегіміздің зая кеткені” ХХ ғасырдың ұлы педагогі В.А.Сухомлинский айтқан екен. Осыған орай бағдарламаның аясында жасаған іс- әрекеттегі зерттеуіміз біздің осы мәселелені шешу жолдарын табуға септігін тигізді деп ойлаймын. Мектептегі тәжірибе біздің өзгеруіміздің қажеттілігін айқындай түсті. Оқушыға өздігінен білім алуға жағдай жасау, шешім қабылдауда еркіндік беру, оның оқуға деген ынтасын зор ықпал жасайтынына көзім жетті. Сонымен қатар ІІ (негізгі) деңгей бағдарламасының нәтижесінде біздің коучинг, тәлімгерлік процестері мектебім үшін маңызды. Осы әдістер арқылы біз мектептегі білім беру үрдісіне қолдау көрсетіп, әріптестердің оқуын жандандыра түсуіне ықпал жасай аламыз. Курста менің алғаным көп, атап өтсем курста бірге оқыған әріптестермен қауымдастық құрып, олармен ақылдасып, кеңесу мүмкіндігі туды, өзімнің қабілеттерімді аша түстім деуге болады және ең бастысы мен көзқарасымды өзгерттім. Себебі, мен мұғаліммін, балаларға өмірлік жолын табуға бағыт берушімін, сол үшін үнемі алға ұмтылуға, жаңашыл болуға міндетімін. Қорыта айтқанда, А.Байтұрсынов атамыз былай деген екен: “Мектептің жаны мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы ….” демек, білім сапасын көтерудің негізгі тетігі ұстаздың бейімділігінде.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *