О дыбысы мен әрпі
Тәкілова Гүлнұр Оразбайқызы
Мақсаты: 1) О дыбысы және оның әріп таңбасымен таныстыру. Сөз ойлап табу, сөйлем құрап айтуға үйрету.
2) Балалардың сөздік қорларын молайту, ойлау қабілетін, дүниетанымын кеңейту, тілін дамыту.
3) Ұқыптылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Әдісі: түсіндіру, сұрақ-жауап, топтастыру, ойын.
Көрнекілігі: кеспе әріптер, суреттер, сызбалар, әліппе дәптері.
Пәнаралық байланысы: тіл дамыту, айналамен таныстыру.
Сабақ барысы:
І. Ұйымдастыру.
Жыл мезгілі, ай аты, апта күні.
ІІ. Өткенді қайталау.
1-слайд.
а) Сұрақ-жауап:
– Дыбыс деген не?
– Дыбыстар нешеге бөлінеді?
– Әріп деп нені айтамыз
– Әріптерді не істейміз?
2-слайд.
ә) Ойын «Қай дыбыстан басталады?»
Сурет атаулары қандай дыбыстан басталып тұрғанын тауып, тиісті әріпке сызық арқылы қос.
Алмұрт – А, шар – Ш, піл – П, радио – Р, нан – Н, уық – У, лақ – Л, тарақ – Т, йогурт – Й, ғарышкер – Ғ т. с. с.
ІІІ. Жаңа сабақ. 3-слайд.
а) Тақтаға «Бауырсақ» ертегісінің суреті ілінеді. Кейіпкерлерін атайды. Бұлар нелер? – Жабайы аңдар.
– Олар қайда өмір сүреді?
– Орманда.
– «Орман» сөзі қандай дыбыстан басталып тұр?
– О дыбысынан.
– Ендеше бүгін біз О дыбысымен танысамыз.
Дыбысты айтып көріп дауысты дыбыс екенін анықтайды. Ешқандай кедергісіз еркін айтылады, созып айта аламыз.
ә) – Енді ертегіге қайта оралайық. Бауырсақты түлкіге жебізбеу үшін жабайы аңдардың тапсырмасын орындайық. Сол арқылы о дыбысымен танысатын боламыз.
4-слайд.
- Қоянның тапсырмасы.
« Не артық?» ойыны. Суретте заттардың ішінде не артық, қалғанын бір сөзбен қалай атауға болады?
– Алма артық, қалғаны ойыншықтар.
– Ойыншық сөзі о дыбысынан басталады.
5-слайд.
Әріп таңбасымен таныстыру. Неге ұқсас?
– Дөңгелекке, допқа, тоқашқа.
6-слайд.
- Қасқырдың тапсырмасы.
«Орнын тап» ойыны. О дыбысының орнын табу. Сөздің басында, ортасында, кейбір басқа тілден енген сөздерде сөздің соңында кездеседі.
Орамал, ою, отырғыш – сөз басында;
Доп, моншақ, домбыра – сөз ортасында;
Пальто, кресло – сөз соңында.
Сөздерді буынға бөлу.
7-слайд.
- Аюдың тапсырмасы.
Дәптермен жұмыс: о әрпін жазу.
а) ауада жазып қол жаттықтыру;
ә) екі жолға баспа әрпін толтырып жазу.
Сергіту сәті:
Ормандағы аюдың,
Құлпынайы көп екен
Теріп-теріп алайық,
Қалтамызға салайық.
8-слайд.
- Түлкінің тапсырмасы.
ОТАН, ТОҒАЙ, ТОН сөздеріне дыбыстық талдау жасау.
– Отанымыз қалай аталады?
– Отан туралы қандай тақпақ білесіңдер?
- Бауырсақ пен бірге мына буындарды оқиық:
9-слайд.
О-й ой ой т-ой той той
О-р ор ор т-ор тор тор
О-л ол ол т-ол тол тол
Ой-на ойна ойна Ай-на Ай-на
Бауырсақ атасы мен әжесіне қайтып келіп, олар өте қатты қуанып жатыр. Сендерге риза болып алғыстарын білдіруде.
10-слайд
«Кім зерек?» ойыны.
Дауысты дыбыстарды қызыл түсті үйге, дауыссыз дыбыстарды көк түсті үйге сызық арқылы қос.
ІV. Қорытынды.
Сұрақ-жауап:
– Бүгін біз қандай дыбыспен таныстық?
– О дыбысы қандай дыбыс екен?
– Әріп таңбасы неге ұқсас?
-О дыбысына байланысты сөздер айту.
Мадақтау.