Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік тірегі

Нұрходжаева Әсем Ділдәбекқызы

«Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» бұл – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзі. Бұл тұжырым мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің ертеңі келешегін айқындаумен қатар оның әлі қоғамдық өміріміздің барлық саласында күнделікті қолданыс құралы бола алмай отырған бүгінгі жағдайында да көрсетеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының 15-сессиясында былай дегені белгілі: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін баолық күш-жігерімізді салуымыз керек».

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі Елбасы атап айтқандай, «барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы» екендігін әрқашан есте сақтауымыз керек. Бұл күндері қазақ тілінде жер бетінде 15 миллионнан астам адам сөйлейді. Егер қазақ тілінің түркі тілдер тобына кіретінін, әлемдегі 30-ға жуық түркі тілдерінде 200 миллионға тарта адамның сөйлейтінінескерсек, қазақ тілін ұғатын, түсінетін, оны ұлтаралық қатынас құралы ретінде пайдалана алатындар саны тіпті көп.

Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, мемлекеттік қызмет және қоғамдық-саяси, әлеуметтік кәсіпкерлік саласының барлығында да батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажетіне айналдыру. Тәуелсіз Қазақ елінің төткүл дүниеге өзін танытып, өзі басқаны таныған өрісті кезеңінде елдің ертеңі, ұлылық пен ұлттықтың жалғасы жастарды мемлекеттік тілдің рухында тәрбиелеп, сондай-ақ оны ардақтап, құрмет тұтып, мерейін арттыруға өз үлестерін қосуға баулу бүгінде републикамызда жүргізіліп отырған тілдер саясатының стратегиялық нысандарының бірі болып табылады.

Еліміздегі мемлекеттік тілдің бүгіні мен ертңі, оны оқытудың, меңгертудің тиімді жолдары,бүгінгі күні өзекті мәселелердің бірі болып отырғандығы белгілі. Олай болса, осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде? Жас ұрпақ туған тілдің туын биікке көтеріп, орыс, ағылшын тілдері арқылы жаһанның игіліктеріне ие бола ала ма деген сұрақтар қашанда көкейде тұратыны белгілі. Талай саяси жағдайдың құрбанына айналып, өз елінен кетуге мәжбүр болған көптеген ұлт пен ұлысқа пана болып, өзегінен теппеген дана халқымыздың парасатты ұрпағы бүгінде өзге ұлт өкілдеріне тілін, мәдениетін жаңғыртуына мүмкіндік беріп, олардың жергілікті халықпен тең құқылы өмір сүруіне жағдай жасауда. Жер бетінің барлық бояуы мен бедерін бойына жинақтаған қазақ елі, өзге ұлт өкілдерінің ұмыт болған құндылықтарын, салт-дәстүрлернінің жаңарып, жаңғыруын өзінің сәні мен салтанаты деп біледі.

Тіл мәселесі – еліміздің ең көп талқыға түсетін өзекті мәселе. Себебі, тіл – ұлттың үні, тәуелсіздіктің тірегі. Ұлтымыздың рухани көсемі А.Байтұрсынұлы: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген болатын. Ендеше өз ұлтының тағдырына бей-жай қарамайтын кез келген адам мемлекеттік тілдің жағдайына үнемі алаңдайды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» — деп атап көрсеткен-ді.

Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеремін деген әрбір тіл үйретуші ұстаз әдімтемелік тәжірибесін үнемі жетілдіріп, оны тиімді қолданып отырса, ана тілімізді үйренудегі қиындықтар қызығушылыққа айналуы әбден мүмкін болмақ. «Тілді үйретпейді, тілге үйрену керек» деген қағиданы еске алсақ, тіл үйретуде әр студентке ішкі ұмтылыс,қызығушылық болу керек. Әр шәкірт мемлекеттік тілді үйренуге деген немқұрайлық пен жалқаулықты жеңіп, қазақ тіліне деген көзқарасын өзгертіп, бар ниетімен құлшына оқығанда ғана нәтиже болары белгілі.

Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан, кез-келген мемлекет өзінің аумақтық салт-дәстүрін, ана тілін ерекше қорғайды.

Ана тілін дамыту, қорғау дегеніміз – өз ана тілінде таза сөйлеу және оны жақсы біліп, туған анадай сую.

Сүйемін туған тілді – анам тілін,

Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

Шыр етіп жерге тескен минутымнан,

Құлағыма сіңірген таныс үнін, — деп С.Торайғыров жырлап өткен.

«Тілдің негізі бесікте, балалар бақшасында, мектепте жатыр. Ал, сол жеткіншекке тіл үйрететін құдіретті көпшілік құрал – Теледидер. Теледидардан тілі, ділі, келбеті дұрыс бір ертек естіп көрдіңіз бе? Сүйек шайнаған сиыр сияқты аузы-басы малжаңдаған «Бабайкадан» басқа. Оның өзі қай тілде, қандай өнегеде екені белгісіз» , [2.542]  — деп жазушы, тіл жанашыры Ш.Мұртаза текке айтпаса керек. Тәрбие, білім ошақтары қазақша сөйлемей, қоғам, бүкіл халық қазақша сөйлемейді. Ертеңгі күні қоғам тұтқасы – қазіргі бүлдіршіндер тәрбиесі, олардың туған тілі мен еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға ерекше мән берген жөн. Қазақстан халқының шетел тілдерін меңгерімен қатар, мемлекеттік тілдің ұлттық бірлікті нығайтудың басты факторы ретінде қызмет етуінемүмкіндік береді. Халқыаралық «Қазақ тілі» қоғамның президенті Өмірзақ Айтбайұлы «Масат – қазақ тілін жалпыұлттық ортақ тілге айналдыру» [1.32] – деп аталмыш бағдарламаның мақсатын айқын аңғартып отыр.

Қазақстанның тәуелсіздігі – көп ұлт пен ұлыстан құралған еліміздің осы жылдар ішінде қол жеткізген басты жетістігі екені даусыз. Ұлттың бірлігі мен татулығының арқасында жас мемлкет тарих мөлшерімен алғанда қысқа мерзім ішінде маңызды әлеуметтік-экономикалық табысқа жетіп, халықаралық аренады танылып үлгерді. Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік пен көпұлтты Қазақстан халқының бірлігінің, болашақ гүлденуі мен жетістіктерінің кепілі болмақ. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ана тіліміздің абыройы асқақтап, беделі арта түссін.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Тіл 522 6 – 7 .2010 ж
  2. Ш.Мұртаза. Алты томдық шығармаларжинағы . 6 – том. Алматы «Қазығұрт» 2002 ж

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *