Шавкат Рахмоновтың келесі қарсыласы – Иан Гэрри: UFC 310-де уақытша титул үшін жекпе-жек!
Шавкат Рахмоновтың келесі қарсыласы ирландиялық жартылай орта салмақтағы жекпе-жек шебері Иан Машадо Гэрри (Ian Machado Garry) болмақ. UFC-ге 2021 жылы келген Гэрри сол уақыттан бері 15 жеңісін қатарынан тіркеп, жеңілмеген спортшылар қатарында. Ол өзінің көз тартатын нокауттары мен техникалық шеберлігімен ерекшеленеді.
UFC мәліметіне сәйкес, уақытша чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек 7 желтоқсанда Лас-Вегаста өтетін UFC 310 турнирінің аясында өтпек. Бұған дейін UFC президенті Дана Уайт қазақстандық спортшының келесі қарсыласы туралы нақты ақпарат жақын арада жарияланатынын хабарлаған болатын. Осыған орай Шавкаттың командасы да әлеуметтік желілерде ресми мәлімдеме жасады.
Айта кетсек, бұған дейін Рахмонов UFC чемпионы Белал Мұхаммадпен жұдырықтасуы керек еді. Аталған кездесу UFC 310 турнирінің басты жекпе-жегі болуы тиіс болатын, бірақ Мұхаммад денсаулығына байланысты жекпе-жектен бас тартты. Осы жағдайдан кейін Иан Машадо Гэрри Шавкатқа өзіне қарсылас болу туралы ашық ұсыныс жасаған.
UFC аралас жекпе-жек өнерінің ең беделді лигасы болып саналады. 31 жыл бұрын негізі қаланған бұл ұйым уақыт өте келе әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған жанкүйер жинады.
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов өзінің соңғы кездесуін былтырғы жылдың желтоқсанында UFC 296 турнирінде өткізген еді. Ол кезде Шавкат октагонда тәжірибелі спортшы Стивен Томпсонмен кездесіп, екінші раундтың соңында қарсыласын қылқындыру әдісімен жеңіске жеткен болатын. Бұл оның UFC-дегі алтыншы жеңісі ретінде тіркелді.