Көшпелі Қазақ қоғамындағы әдет-ғұрып заңдарындағы қылмыс түрлері

Қазақ көшпелі қоғамында қылмыс түсінігін белгілеу үшін арнайы термин болған жоқ. Ол түсініктің орынына жаман іс, жаман қылық, күнә немесе жазық терминдері пайдаланылды. Қылмыс деп кез келген моралдық және материалдық зиян саналды. Осыған сәйкес кез келген қылық, егер жәбірленуші тарап ол туралы сотқа өтініш бермесе немесе талап арызын кері қайтып алса қылмыс деп саналған жоқ.
Қазақ әдет-ғұрып құқығы абайсызда жасалған қылмыс – қателік және әрекетке қабілетсіз адамдармен жасалған қылмыс – уақиғалар деп бөлінді. Мұндай қылмыстар үшін жауапкершілікті қылмыскерлердің туыстары алып жүрді. Қасақана ой – жаман ой немесе қастықтың болуы жауапкершілікті күшейтті, егер мұндай қылмыс аффект жағдайында жасалса жауапкершілік жеңілдетілді.
Қазақ әдет-ғұрып құқығы қылмысқа бірге қатысудың дәрежелерін ажыратқан жоқ. Басты кінәлі – құнкер, азғырушы және көмекші бірдей жауапкершілікте болды.
Жаза. ХҮ-ХҮІІІ ғ.ғ. әдет-ғұрып құқығында жазалардың келесідей түрлері ажыратылды:
1.Өлім жазасы;
2.Дене және масқаралау жазалары;
3.Құн;
4.Айып;
5.Кінәліні жәбірленуші тарапқа беру;
6.Қауымнан аластау.
Өлім жазасы өте сирек қолданылды. Өлім жазасына кісі өлтіруге, күйеуі бар әйелдерді немесе құда түсіп қойған қызды зорлауға кінәлілер кесілді. Жәбірленуші тарап келіскен жағдайда өлім жазасы құн төлеумен ауыстырылды. Дене және масқаралау жазалары дінге қарсы қылмыстар және адамға қарсы жекелеген қылмыстар үшін қолданылды. Мәселен, ата-анасына құрмет көрсетпеген балалар дене жазасына тартылды.
Құн кісі өлтіру мен ауыр дене жарақаттарын келтіру жағдайында қолданылған жазаның негізгі түрлерінің бірі болып табылады. Ол жәбірленушінің әлеуметтік мәртебесі мен қылмыстың ауырлығына байланысты шамадағы құннан тұрды. Қатардағы қауымдасты өлтіру 1000 қой төлеумен не 200 жылқы төлеумен немесе 100 түйе төлеумен жазаланды. Қатардағы сұлтанды, биді, батырды өлтіру үшін бір жарым немесе екі еселенген құн төленді. Ықпалды сұлтан-басқарушыны өлтіргені үшін жеті еселік құн тағайындалды.
Әйелдер үшін ерлердің жарты құны төленді. Толықтай еңбек қабілетсіздігіне әкеліп соқтырған ауыр дене жарақаттары толық құнмен жазаланды, көз бен тілді зақымдау – жарты құнмен, оң қол мен аяқты зақымдау – ширек, ал сол қол мен аяқты зақымдау – құнның сегізден бірімен жазаланды. Құнның жартысы алты жақсы затпен – құлдармен, қарумен, аңшы бүркітпен, таңдаулы малмен өндірілуі мүмкін еді. Құн кінәлінің өзімен емес, оның барлық қауымымен төленді.
Айып мүліктік қылмыстардың көп бөлігі үшін және бірқатар адамға қарсы қылмыстар үшін тағайындалды. Айып тоғыздармен – тоғыз бас малмен немесе құнды затпен төленетін айыппұлдан тұрды. Айыппұлдардың келесідей түрлері болды:
1.Бас-тоғыз түйе бастаған басқа сегіз мал түрінен тұрды;
2.Орта-тоғыз жылқы бастаған тоғыз;
3.Аяқ-тоғыз – өгіз бастаған тоғыз;
4.Ат-шапан айып – жылқы және қымбат шапан.
Мал құны тең затпен немесе құлмен ауыстырылуы мүмкін. Әдетте мал ұрлығы ұрланған затты қайтарумен немесе оның құнын өтеумен қатар қосымша үш тоғыз айып төлеумен жазаланды, бірақ айыппұлдың сомасы қылмыстың ауырлығына байланысты әртүрлі анықталуы мүмкін еді.
Жәбірленуші тарапқа кінәліні беру кінәлінің туыстары құн немесе айып төлегілері келмеген кезде қолданылды. Бұл жағдайда айыпкерге айыптың немесе құнның көлеміне тең жұмыс істеткізді, не өзінің қарауы бойынша өлім жазасына дейін жазаға кесті.
Қауымнан аластау басқа дінді қабылдағанда немесе құқыққа қарсы әрекеттердің рецидиві кезінде мүлікті тәркіленіп қолданылды. Мұнда кінәлінің киімінің етегін кесіп, қауымнан аластады, заңнан тыс деп жариялады. Аласталғанға қатысты кез келген іс-әрекет, оны өлтіруді қоса алғанда, заңменен қудаланған жоқ. Көріп отырғанымыздай, қазақтардың қылмыстық әдет-ғұрып құқығы ізгілігімен ерекшеленді және жазаның негізгі түрі мүліктік өтемақы болды: адамға қарсы қылмысқа да, мүлікке қарсы қылмысқа да осы жаза қолданылды.

Әл-фараби атындағы
ҚазҰУ-нің тарих факультеті,
аға оқытушысы Ж.М. Арынов

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *