Адамгершілік символына айналған – С.Бәйішев
Бұл мақала қоғам қайраткері, ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор Бәйішев Сақтаған Бәйішұлының туғанына 115 жыл толуына арналады.
Советтік Қазақстанның жетекші қоғамтанушылардың бірі, Қазақстанның экономикалық және азаматтық тарихы саласындағы белгілі ғалым Сақтаған Бәйішев Бәйішұлы 1909 жылы 1 қазанда Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының Ақжар ауылында дүниеге келген. Бала кезінен білімге құштар болған екен. Осы қабілетін байқаған әкесі Бәйіш оны ең алдымен ауыл мектебіне, содан кейін қалалық орысша-қазақша еңбек мектебіне береді. Ал 1920-1927 жж. Ақтөбе облысы, Темір қаласында 7 жылдық орыс-қазақ мектебінде оқыды.
Жасөспірім шағынан мынадай қоғамдық жұмыстарға белсене араласады: Арыс, Түркістан қаласындағы ВЛКСМ аудандық комитетінің жауапты секретары, «Лениншіл жас» газетінің бөлім меңгерушісі, редактор орынбасары, т.б. Осы арада 1931-1933жж. Қызыл Армия қатарында әскери қызметте болды. Әскери борышын өтеп келген соң 1937 жылы Алматыдағы Марксизм-ленинизм институтына оқуға жіберіледі. Институтты үздік бітіріп, партия жұмысына белсене араласып, республика партия ұйымы белгілеген аса маңызды әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді жүзеге асыруға тікелей қатысқан. Аянбай еңбек етуінің нәтижесінде Марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеу институтының директоры, республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы қызметін атқарып, республика парламентінде «халық қалаулысы» атанады.
1941 жылы өз еркімен сұрапыл соғысқа аттанып, соғыс кезінде 100 атқыштар бригадасының әскери комиссары, саяси бөлім бастығының орынбасары, бөлім бастығы, Қызыл Армияның Бас саяси басқармасының жауапты қызметкері болған.
1940 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен, 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
Соғыстан кейін қызметке қайта оралып, Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы Өнер істері жөніндегі басқармасының бастығы болды. Одан кейін Орталық Комитеті жанындағы Марксизм-ленинизм институтының Қазақ филиалында аға ғылыми қызметкерден бастап, 9 жыл бойы басқарды. Нақ осы жылдары оның ғылыммен айналысу кезеңі басталды. Советтік Қазақстанды индустрияландырудың тарихы туралы алғашқы ғылыми еңбектері баспадан шығып, 1948 жылы кандидаттық диссертациясын қорғаған.
Өмір жолын ғылыммен байланыстырмаған ғалымның Ғылым саласына келуіне бірнеше себептер болыпты:
1) Темір қаласында 7 жылдық мектепте тамаша мұғалімдер оның сабақ үлгеріміне айрықша назар аударған. Сабақты әлі келгенше жарысып, жақсы оқуға тырысқан;
2) мектеп оқи бастаған кезінен бастап, қоғамдық жұмыстарға қызу араласқан;
3) мектеп қабырғасынан бастап жазу, сызу, қабырға газетін шығаруға, түрлі ұран-плакаттар тартуға мұғалімдер тартып, жазуға икемді болған. Жазғандары Республикалық газеттер мен журналдарда жиі-жиі басылып тұрған.
4) Үлкен ғалымдардың лекциялары мен семинарларында болуы ғылыми жұмыспен айналысуға әсер еткен. Осындай бала кезінен бастап жасалған кішкене әрекеттер оның атақты ғалым, халық қалаулысы, ұстаз, басқарушы болуына себепкер болған.
Сол кезеңдерде марксизм-ленинизм классиктерінің еңбектерін аударуда көптеген қиындықтар кездесті. Себебі терминологиялық сөздіктер болған жоқ және әлеуметтік-экономикалық ұғымдарды әркім өз бетінше тұспалдап аударды. Ал ғылыми коммунизмнің негізін қалаушылардың шығармаларының былай аударылуына С.Бәйішев қарсы болды.
Оның бастамасымен өзі басқарған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институтында марксизм-ленинизм классиктерінің ғылыми мұрасын аударатын арнаулы сектор құрылды және В.И.Ленин шығармаларын қазақ тіліне аудару жүзеге асырылды. С.Б.Бәйішевтің жеке өзі К.Маркстің «Капиталын», К.Маркс пен Ф.Энгельстің екі томдық таңдамалы шығармаларын, В.И. Лениннің «Россиядағы капитализмнің дамуы», «Имперализм – капитализмнің жоғары сатысы» атты және басқа еңбектерін тұңғыш рет қазақ тіліне аударды. Бұл республиканың қоғамдық-саяси және ғылыми өміріндегі маңызды оқиға болды.
Бұл туралы жазушы М.Әуезов былай баға береді: «Лениннің және марксизмнің басқа классиктерінің мұрасын қазақ тілінде түсіну мәселелері – үлкен ғылыми еңбек. Аударма қазақ халқының мәдениетіне кіретін В.Лениннің жартылай ғана дербес шығармашылығы мен еңбектерінің аудармалары үлкен мәдени құбылыс, қазақ халқының рухани мәдениетінің мерекесі деп ойлау әдетке айналған. Бұл бүкіл республика тарихындағы ең үлкен тарихи оқиға».
1956 жылы Сақтаған Бәйішұлы Қазақ КСР Ғылым академиясының толық мүшесі және академияның вице-президенті болып сайланады.
1962 жылы С.Бәйішев экономика ғылымының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін «Қазақстандағы социализмнің жеңісі» деген тақырыптағы диссертацияны қорғап, оған еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1961 ж.), саяси экономия профессоры (1963 ж.) атақтары берілген.
С.Бәйішев жалпы алғанда 300-ден аса ғылыми еңбек, оның ішінде 7 монография жариялаған. Өз еңбектерінде ол Саяси экономия, КПСС тарихы, Қазақ ССР-інің экономикалық және азаматтық тарихы салаларын зерттеп, Қазақстанның феодализмнен, патриархалды-феодалдық қатынастардан, капитализмге соқпастан, тікелей социализмге өтуінің заңдылықтары мен жолдарын әрі республиканың түсті және қара металдар, ауылшаруашылық машиналарын, астық және басқа да өнімдер түрлерін шығарып, елдің дамыған индустриялы-аграрлық аймақтарының біріне айналғанын жан-жақты, терең де объективті түрде көрсетіп берді.
С.Бәйішев экономистер даярлау саласында да аянбай еңбек етті. Оның тікелей жетекшілігімен әр түрлі ұлттан экономист және тарихшы ғалымдардың тұтас бір легі тәрбиеленіп шықты. Олардың қатарынан 30 адам жоғары дәрежедегі ғылым докторлары атанды. Сондықтан оның ғылыми мектебі бар деп айтуға толық негіз бар. Нағыз ғалым ретінде ол өзіне лайықты ізбасарлар даярлай білді.
Сақтаған Бәйішұлы үлкен патриот, қоғамдық ғылымдардың жауынгер насихатшысы еді. Ол республика мен еліміздегі көкейкесті мәселелерге дер кезінде белсене үн қосып, ғылыми қызметті публицистикамен шебер ұштастыра білген. Коммунистік партия мен кеңес үкіметі тарапынан оның ерен еңбегі жоғары бағаланып, Октябрь революциясы орденімен, 1982 жылы «КПСС қатарында болғанына 50 жыл» атты құрметті белгісімен және көптеген медальдармен, үкімет грамоталарымен марапатталған. Бар өмірін ғылымға арнаған С.Бәйішев сырқаттанып 1982 жылы маусым айында көз жұмған.
Оның көзін көрген, танитын адамдардың барлығы Сақтаған Бәйішұлының жұмысқа деген ғажайып қабілеттілігі, көздеген мақсатына жетпей қоймайтындығы, небір қиын мәселелерді байсалды шешуі және әділеттілігі қайран қалдыратын. Оның кішіпейілдігі, адамгершілігі айрықша назар аударарлық еді. Ол адамдардың дүниетанымының молдығын, жан-жақты көзқарасын аса бағалайтын. Осынау бағалы қасиеттері оны республикамыздың ғылыми жұртшылығының қадір құрметіне бөлесе керек.
Еңбекқор ғалым туралы замандастары, шәкірттері өздерінің естеліктерімен, Сақтаған Бәйішұлының адамгершілік қасиеті мол, қарапайымдылығы және басқада жеке қасиеттері жайлы мынадай пікірлерімен бөліседі:
Жазушы М.Әуезов 1956 жылы 15 маусым ҚазКСР ҒА жалпы жиналысында сөйлеген сөзінде Сақтаған Бәйішұлының жеке қасиеттері жайлы оның бойында ішкі әділеттілік, нағыз ғалым үшін қажетті сапа – принциптілік, төзімділік қасиеттері бар екендігін және мұның бәрі қазір Ғылым Академиясына пайда әкеледігін атап өтеді.
ҚазКСР ҒА-ның академигі Ақай Нүсіпбеков «Казахстанская правда» газетінің 1979 жылы 24 қазандағы санында: С. Бәйішевті білетіндердің барлығын оның таңғажайып жұмысқа қабілеттілігі, алдыға қойған мақсаттарға жетудегі табандылығы таң қалдырады. Оның қарапайымдылығы, жауаптылығы, адамгершілігі ерекше назар аудартады. Бұл құнды қасиеттер оған республиканың ғылыми жұртшылығының шексіз құрметіне ие болды.
Ал ҚР ҰҒА академигі Манаш Қозыбаев диссертация қорғағанға дейін С.Бәйішұлының оны қадағалап, жетекшілік жасағанын, одан уәдеге беріктікті, еңбек сүйгіштікті, ерінбей-жалықпай жұмыс істеуді, текке уақыт жібермеуді, сенген адамына деген адалдықты үйренгенін, қонаққа барып уақытын босқа өткізуді қаламайтынын, тіпті туған күнін тойлағысы келмейтінін, барынша кішіпейіл, қанағатшыл адам болғанын айтады.
ҚР ҰҒА академигі Аманжол Қошановтың естелігінен үзінді: «Сәкең социализмнің негізгі ұлы қағидаларын өзінің өмірлік мақсатына айналдырып баққан, осы ұстанымын дәуір шындығы деп иланып өткен адам еді. Сәкеңнің бір ерекше қасиеті – айтқан уәдесіне, сөзіне беріктігі болатын. Бұл жағдай ол кісінің өзі көзі жетіп, шешім қабылдаса – сол пікірін ұстанып, уәдесін әрдайым жүзеге асыратын. Сәкең сөзін беріп, байламға келсе, істің орындалуына ешкім шүбә келтірмейтін, заңдылық ретінде қарайтын. Ол бар болмысымен соны орындауға ат салысатын. Бұл азаматтықтың, адамшылықтың шынайы белгісі ретіндегі асыл қасиет қазірде сиреп барады».
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Сақтаған Бәйішұлы Бәйішев. Қазақ ССР Ғылым академиясы. Қазақстан ғалымдарының биобиблиографиясына материалдар. Құраст.: М.Б. Шорманова, З.Ә. Әйтімов, М.Д. Құрманбекова, А.М. Әбенова. – Алматы: Қазақ ССР-інің «Ғылым» баспасы, 1989. – 69 б.
2. Күрескер – Ғалым, академик С.Б.Бәйішевтің 100-жылдығына орай / Жауапты ред. О.Сәбден. – Алматы: ҚР БҒМ ҒК ЭИ, 2011. – 224 б.
Сагнадина А.Т. “Ғылым ордасы” РМК қызметкері
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718