Мектеп оқушыларының кәсіпкерлік дағдылары мен құзыреттілігін қалай арттыруға болады?
Мақала авторы: Байменова Айнур Джунусовна
Қызмет орыны: Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің химия пәні мұғалімі.
Білімді адамның қабілеті қай кезде де жоғары бағаланған. Тіпті қарапайым саланың өзінде қажетті білім-білік дағдымен қаруланған жанның аяқ алысы дамылдап, үлкен экономикалық табыстарға жетуі мүмкін. Кез келген ата-ананың қалауы оқуды тәмәмдаған жас буын мектеп қабырғасынан алған білімін, үлкен салаларда көрсете алып, білімінің құнын анықтап, монетизациялап, қаржылық тәуелсіз болуды жоспарлай алу керек деп ойлайды.
Педагогика саласындағы көп жылдық бақылауым, мектеп оқушыларының арасында белгілі бір пәнді жалпы өзінің не үшін оқып жатқандығын түсінбейді. Көптеген пәндер оқу бағдарламасында бекітілгендіктен оқушы автоматты түрде осыны оқу керексің деген миындағы командамен іске кірісіп, оқып жүре береді. Мидың кез келген пәнді игеруге мүмкіндігі болғандықтан оқушы кідірмей үйреншікті іс-қимылдарды жасай береді. Бұл пәндерді болашақта еш жерде кезіктірмеймінғой деген оймен жүре береді. Нәтижесінде мақсаттың болмауы, немесе бір пәннің білімін екінші салада қолдана алмау, байланыстыру мүмкіндігінің жоқтығы сияқты мәселелер туындай береді. Ең жаманы оқушы болашақта сұраныстағы талаптарға сай келмей, құдды бір білімсіздей күн кешуі. Мысалы сабақтарда оқушының химия пәнін өзінің қалауы бойынша емес, мұғалімнің қандай да бір оқы деген итермелеуші күшінің арқасында ғана оқып жүргенін байқауға болады. Болашақта химияның өз өмірінде еш орыны жоқ, бірақ қалайда жақсы бағамен бітіру керек деген ұстанымдары да жоқ емес. Негізі химия пәні заттармен тығыз байланысты пәнғой. Химиялық білімі бар азамат қолындағы затты кез келген саладағы екінші затпен оңай байланыстырып ғылымға, экономикаға пайдалы көптеген ашылулар мен жаңалықтар енгізуіне болады. Тіпті ең кем дегенде әрбір адам үй жағдайында маңызды өндіріс саласын жолға қойып, оны саудалап, экспорттап мемлекетке пайдалы бола алады. Алайда көзбен көріп, қолмен ұстамағандықтан оқушының ойына мұндай әрекеттер болымсыз, іске аспас қиялдай болып көрінеді. Осындай ұйғарымның болмауы үшін қазіргі білім беру жүйесі нақты қандай тұлғаны тәрбиелеуді көздейтінін нақтылап, қазіргі заманғы сұраныстағы дағдылар мен құзыреттіліктерді әр пәнмен байланыстыруды ұтымды жоспарлауы керек. Оқытылып жатқан пәндер тұтас дүниетаным мен мәселелерді жылдам шеше алатын құзыретті тұлға дайындауда үлкен рөл атқаратынын фактілермен дәлелдеу керек.
Әлемді жаңартуға деген көзқарасыңыз әлемді мінсіз деп қабылдайтыныңыздан маңызды демекші әлемдегі қай саланы алмайық үздіксіз ізденуден, жаңарудан тұрады. Сондықтан қазіргі білім беру жүйесі заман талабына сай, тез бейімделу жұмыстарын да атқаруы керек. Сонда заман талабы дегеніміз қандай? Қалай тез бейімделуге болады? Қандай дағдылар сұранысқа ие? – деген сұрақтардың жауабын іздестіріп көрейік.
Осы тұста тұлғаның кәсіби сауатты болуға қажетті дағдылары олардың құзыреттіліктеріне сай дамыған болуы керек. Сонда «дағдылар мен құзыреттер» деп аталатын термин сөздердің астарында не жатқанын анықтап алайық. Шетелдік Cedefop глоссарийінде (Cedefop, 2014) «дағдылар» және «құзыреттіліктер» терминдері мынадай анықтама береді: дағды – тапсырмаларды орындау және мәселелерді шешу қабілеті, ал құзыреттілік – (білім, жұмыс, жеке немесе кәсіби даму сияқты) нақты бір контекстегі оқу нәтижелерін тиісті түрде тәжірибеде, іс жүзінде қолдану қабілеті. Нақтылайтын болсақ құзыреттіліктер дегеніміз – қазіргі қоғамға бейімделуге, өмір сүруге қажет білім, сауаттылық, дағдылар мен құндылықтар жиынтығы. Олар адамның құбылмалы жағдайға бейімделу қабілетін, сондай-ақ білім алу, меңгерген білімі мен дағдыларын нақты өмірде, атап айтқанда, әлеуметтік қарым-қатынасқа, жеке өміріне, өзін-өзі дамытуға және болашақ кәсіби қызметіне байланысты мәселелерді шешуде қолдана білу қабілеттерін білдіреді.
Ғылым мен бизнес арасындағы ынтымақтастық кез-келген елдің қарыштап дамуының негізгі кепілі екені белгілі. Ғалымдар мен кәсіпкерлер бірлесе жұмыс істегенде ғана инновациялық шешімдерге қол жеткізуге болады. Сайып келгенде, екі саланың өзара тиімді серіктестігі бүкіл мемлекеттің экономикасына оң әсер ететіндіктен оқыту саласында кәсіпкерлік сауаттылықты насихаттап, оның әр салада маңызды бола алатынын түсіндіру мақсатында «Business in chemistry» элективті курсы жүргізілген болатын. Элективті курстың мақсаты оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын басқа призмадан қарастыру арқылы үлкен жетістіктерге жетелеу. Цифрлық жаңарудың кең қолданысы кезінде кез келген сауатты сала үлкен қаржы алып келуі мүмкін. Яғни химия пәніндегі қызықты тәжірибелер, азық-түлік өндірісіндегі алуантүрлілік, өнімдерді ұсынудың ерекше рәсімделуі, өмірмен шынайы байланысы т.б әрекеттер болашақта үлкен табыс табу мүмкіндіктерін беретінін оқушыға ұғындыру керектігі жоспарланды.
Химия бағыты бойынша элективті курс аптасына бір рет жоспарланған болатын. Қатысушылар саны 7-10 сыныптар арасында анықталып, сабақтар топтық зерттеулер жүргізу түрінде өткізілді. Келесі қадамдар қазіргі қоғамдағы көп сұранысқа ие, минималды шығынмен жоғарғы табыс алып келетін, әлеуметтік желілерде қызығушылық тудыратын салаларды анықтау (сабын жасау, иіс су химиясы, түрлі хош иістендіргіш майшам жасау, қанттан кристалл өсіру, түрлі табиғи құрамды тәттілер, леденцы, мармелад, табиғи маска жасау, бояулар, саздан жасалынған ыдыстар, резинарт, гипстан жасалынған ыдыстар т.б), зат өндірісі, жарнамалау жолдары, сату техникалары т.б маркетинг жоспарларын жасаумен жалғасқан болатын.
Әлеуметтік желілердің қарқынды қолданысы, бейтаныс үлкен алаңдарға шығуға мүмкіндік беретіні айтылды және болашақта кәсіпкер болмаса да, бизнес жүргізу негіздерін білу оқушы өмірінде пайдалы болатынына шынайы өмірлік мысалдар арқылы көздерін жеткізу сабақтары өтілді. Сабақтар бизнес тренинг сипатында ұйымдастырылды. Өйткені, кез келген идеяны, әрекеттер арқылы жарыққа шығаруға болады. Шығарып қана қоймай, идеяны болашақ кәсіпке, ақшаға айналдыруына болатынын оқушылар өздері жасаған өнімдерінің арқасында түсінгендей болды. Бастағы білім, қолдағы зат, жинақтаған білік дағдылар оқушылардың қызықты, сұранысқа ие, тартымды безендірілген, пайда әкелетін химиялық өнімдерді жасауына септігін тигізді. Химия саласындағы көптеген соңғы жаңалықтармен таныс бола бастады, ғылымға деген қызығушылықтары кәсіби сауатты қорытынды жасау дағдыларымен терең ұштасып өзін қоғамға қажетті, қаржылық тәуелсіз, сауатты һәм әлемге пайдалы болу сезімдерін, жаһандық көзқарастарының терең сипат алуына көмегін тигізді.
Оның дәлелі оқушылар арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша кәсіпкерлік сауаттылықты арттыру мақсатында ұйымдастырылған «Business in chemistry» элективті курсы 7-сыныптар арасында үлкен қызығушылық тудырып, әлеуметтік желілерді (Инстаграм, Тик-ток т.б ) монетизациялау алаңына айналдыру идеяларын тастағанын растады.
Уақыт жастарға жаңа талаптар қояды, олардың кәсіпкерлік санасы болуы, бәсекеге қабілетті болуы, алдына мақсат қойып, соған жете білуі, тығырықтан жылдам шығуы сияқты дағдыларды элективті курс негізінде бойына сіңіріп өсетін болады. Оқушының көзі ашық, көкірегі ояу, санасы түрлендіруге бейім болып қалыптасады. Біз бұдан былай кәсіпкерлікті өмір салты ретінде қабылдауымыз керек, оқушылар өздерін кәсіпкер ретінде жүзеге асырудың жолдарын пайдаланулары керек, мысалы, болашақта отбасылық бизнесті жалғастыра алатынына немесе өз бизнесін аша алатынына сенімді көзі жететін салауатты жастар тобын қалыптастыруымыз керек. Өскелең ұрпақ жіті жоспарлауды жасап үйренуі керектігін өзіміздің кәсіпкерлік сауаттылықты қалыптастыру сабақтарымызда үйрететін боламыз.