Өмірдің тәлімгері – тәрбиеші

Алтаева Ажар Алмабаевна

 

 

«Адам өмірі қамшының сабындай ғана қысқа екен, досы көп, ұрпақ тәрбиелеген ұтады екен», — деп Қорқыт бабамыз айтқандай, ғаламда түрлі мамандық иесі бар десек, соның ең құдыреттісі де қастерлісінің бірі саналатын мамандық – ұстаздық. Қай кезенде де ұстаздықты ұлы мамандық деп санаған. Қандай данышпан, дана, ғұлама болсын ұстаздан тәлім алады. Ұстазға ақ тәж киген патша да, ақ киізге көтерген хан да бас иіп, тағзым еткен. Ұстаз жайлы айтылар сыр да, жыр да, ән де өте көп. Ұстаздың жүрегі соғып тұруы үшін: жауаптылық, қажырлылық, білімдік, жүректілік, сүйіспеншілік, сабырлылық керек екен.

Бүгінгі таңда мамандық таңдау ең маңызды шешімдердің бірі, ал мамандықты дұрыс таңдау болашаққа үлкен жол ашады. Бүгінде осы мамандықтардың ішіндегі тәрбиеші мамандығының тізгінін ұстап, талайлардың талабы мен талантын тасытып жүрген тәрбиешілер зор табыстарға жетуде.

Үлкен жауапкершілікті талап ететін істі бастау алғашында қобалжытқанымен мен үшін сыңғырлаған күлкісі, балдай тәтті сөздері, мөлдіреген көздері бәрі-бәрі есімде.

Содан бері 3 жылға жуық балабақшада жұмыс істеп, жас ұрпақты тәрбиелеуге атсалысу біреуге көп, біреуге аз көрінуі мүмкін. Ал мен үшін ол аз уақыт емес.

Мен осы уақыттарымды өмірімдегі ең бір бағалы және бақытты уақытым деп есептеймін. Бала-өмірдің гүлі, отбасы дәнекері, ана ғұмырының жалғасы, ең бастысы, біздің болашағымызды алға қарай дамытушы. Сондықтан да жас ұрпақты заман талабына сай, көздің ғана емес, көңіл қуанышы етіп тәрбиелеу-басты міндетіміз. Адам баласы өмір бойы тәрбиеленіп, үздіксіз білім алуы қажет. Тәрбие мен білімнің алғашқы дәні мектепке дейінгі тәрбие ошағында беріледі. Бала бойындағы жақсы қасиеттер мен мүмкіндіктерді ашып, олардың өнегелі де тәрбиелі болып тәрбиеленуіне балабақша ошағының маңызы зор екені белгілі.

Баланы алғаш қабылдағаннан бастап балабақшаға бейімделуінің өзі де үлкен шыдамдылық пен төзімділікті қажет етеді. Балабақшаға жаңа келген бала мен оның ата-анасы арасында тығыз байланыс орнатып, баланың жеке қасиеттерін ескере отырып, топтағы балалармен араласуына ықпал жасаймын. Өйткені топтағы әр баланың мінезі әртүрлі болғандықтан, олардың арасындағы қарым-қатынастың тиімді жолын таба білу менің міндетім.

Тамаша педагог К.Д.Ушинскийдің егер педагогика адамды жан-жақты тәрбиелегісі келсе, оны жан-жақты білуі керек деген. Кішкене сәбимен сөйлесе білу де – үлкен өнер. Олар бір нәрсені естігені мен көргендерін есте сақтағыш, тез қабылдағыш, мейлінше сезгіш, барынша таза, адал көңілді, білуге, тануға құмартқыш келеді. Неғұрлым жылы сөйлеп, көңілін аулауды жақсы көретіні де осы қасиеттерге байланысты екенін түсіндім.

Мысалы: «түн неге қараңғы», «күн қайда кетті», жаңбыр жауғанда аспан жылай ма», «ұшақ қалай ұшады» деген сауалдары шексіз. Мұндайда баланың сұрағына байыппен түсіндіре жауап беру, олардың ой-өрісін дамытуға, дүниетанымын кеңейтуге көмектеседі. Ал сәби жүрегіне қонымды жауап беру үшін, күнделікті өткізілген ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті шынайы, жақсы, қызықты болуы керек. Әрбір оқу іс-әрекеті балалар үшін құпиясын ашқан сырсандықтай болса, тәрбиеші сол бір тылсымы мол жұмбақ әлем болады. Әр нәрсенің сәтті шығуы бірінше кезекте, әрине, тәрбиешілер қауымына — өзімізге байланысты.

Ал біздің берген тәрбиеміз балалардан көрінеді. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті кезінде балалардың сөйлеу қабілеті, өзін-өзі ұстауы, белсенділігіне, жасаған жұмыстарына қарап анықталады. Бала-тәрбиешінің айнасы десем артық болмас.

Балабақшамыз, ҚР мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру жөніндегі стандартты басшылыққа ала отырып: «Денсаулық», «Қатынас», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеуметтік орта» бес білім беру салаларына байланысты жүзеге асыруда.

«Денсаулық» саласы: дене тәрбиесі, валеология;

«Қатынас» саласы: тіл дамыту, сауат ашу, ағылшын;

«Таным» саласы: құрастыру, қарапайым математика, экология негіздері, қоршаған орта;

«Шығармашылық» саласы: сурет салу, музыка, мүсіндеу, жапсыру;

«Әлеуметтік орта» саласы: өзін-өзі тану, көркем әдебиет.

Ересектер топтары «Біз мектепке барамыз» бағдарламасы бойынша жұмыс жасаймыз. Мәселен, ағылшын тілін үйретудегі басты мақсат — бүлдіршіндердің шет тіліне деген қызығушылығын ояту болса, бейнелеу өнеріне баулу арқылы бала қиялына қанат бітіреміз.

Ойын-баланың даму құралы, таным көзі. Баланың жеке тұлға есебінде қалыптасуына ықпалы зор. Ойын балалардың ақыл-ойын дамытып, қызықтырып, қиял мен қанат бітіретін ғажайып нәрсе.

Ата-аналар жиналысы кезінде сауалнамалар жиі алынып, әртүрлі кеңестер оқып тұрамыз. Ата-аналармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Әр тоқсанда ашық-есік күндерін жасап, ата-аналар өздерінің ықыластарын білдіріп жатады. Ең бастысы ата-ана ықыласына бөлену ол үлкен қуанышым.

Осы балабақша тұсындағы ең есте қаларлық жағдай, ол өз тобымдағы екі баланың бір-бірін түсінбей жиі соқтығысатыны. Психологтыңда көмегіне жүгініп жиі жеке жұмыстар жүргіземін.

Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің тәрбиешілері әрқашан:

  • Жылылық таныта білетін;
  • Бала жанын түсінетін;
  • Сезімтал;
  • Жанашыр;
  • Кең ойлай білетін;
  • Баланы шабыттандыра білетін;
  • Балаға адам ретінде қадірлі бола білетін;
  • Шығармашыл;
  • Төзімді бола білу керек.

Рақатқа тек қана ақыл-оймен, ерінбеген еңбек арқылы таласқандар ғана жетеді. Жүрек қалауымен таңдаған мамандығының отымен кіріп, күлімен шығу үшін талмай еңбектену қажет.

«Тәрбиесін тапса, адам болар, оқуын тапса, білім қонар» демекші, мен өз бүлдіршіндерімнен болашақта белсенді азаматтары болады деген үлкен үміт күтемін.

Сондықтан балаға тәрбие беру жауапты да өте күрделі іс екенін естен шығармаған жөн. Өз бүлдіршіндерімді адамгшершілікке, ана тілін ардақтап, Отанын сүюге, табиғатын аялауға тәрбиелеп, бала жүрегінен орын тапсам, қоғамға қосқан үлесімнің бірі деп білер едім.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *