Ұрпақ тәрбиесі-болашақ тірегі

Шалбаева Сымбат Дауленовна

 

«Ұрпақ тәрбиесі-болашақ тірегі»

      Ісім оңсын десеңіз,

Сол істің маманы болыңыз.

 Даңқым шықсын десеңіз,

 Көпшіліктің адамы болыңыз.

(Әл — Фараби)

 

Қай мамандық болмасын өзіндік қиындығы мен қызығы бар. Ал менің таңдауым – бала тәрбиесі. Жанжақтылық білімділікті, мейірімділікті, шеберлікті қажет ететін, ең қастерлі әрі қасиетті іс. «Жол таңдауда жалтаңдауға болмайды» дегендей, тәуелсіз еліміздің ертеңін, ұлтымыздың болашағын қалыптастыратын бүлдіршіндерді тәрбиелеу жолын таңдағаныма еш өкінбеймін. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, менің де осынау қастерлі маман иесі атанғаныма бес жыл уақыт болды. Біреуге аз, біреуге көп көрінер. Ал мен үшін балабақша қабырғасында өткізген әрбір сәт, әрбір күн – үлкен мектеп, қайталанбас оқиға, таптырмас тәжірибе…

Тәрбиеші-ұстаз болу кездейсоқ адамның қолынан келе беретін іс емес. Бұл мамандықты оқып, диплом алу – бір басқа, оны жүрегіңмен, бар болмысыңмен құрметтей білу – бір басқа. «Тәрбиеші болу үшін адамның жандүниелік қасиеттері пәктік, ізгілік, әділеттілік сияқты сөздермен сипатталуы қажет» делінген сөз бар. Шынымен де, адамгершілікті ту етпеген адамға бала тәрбиесін тапсыру – ағаттық. Сәбидің пәк болмысы- таптырмас қазына. Ал қазынаны күзету, оны саф алтын – біліммен толықтырып отыру, сол байлықты талан-таражыға салмай, сақтап қалу – күрделі міндет. Бұл ретте, тәрбие тізгінін ұстаған адамға қойылатын талап та қатал, жүктелген жауапкершілік те –ұшан теңіз!

Өз басым осы мамандыққа келмес бұрын «мың ойланып, мың толғандым». Жүрегімді мұқият тыңдадым… Құрсағымды жарып шыққан өз балаларымдай өзге сәбилерді жақсы көре аламын ба? Ата-аналардың маған жүктеген сенімін ақтау үшін не маңызды?.. Осы сынды көптеген сауалдарға жауап іздеп, мазам қашты. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, шүкір, деркезінде кеңес бере білген жақсы адамдар табыла кетті. Бала тәрбиесіне араласып жүрген жақындарымның «қолыңнан келеді, бұл іске табиғатың жақын, қорықпа» дегені барма… Армандарыма қиянат жасамайын деген тұжырымға келіп, балабақша есігін аттадым.

Қазіргі заманда «Екпінім-ерен, білімім-терең!» дегендер көп. Менде де білім мен екпін жоқ емес. Тиянақты іс, тыңғылықты тыныс үшін бұл қасиеттер, меніңше, аздық етеді… Бастысы, адам алдына қойған мақсаты мен мойынына жүктелген міндетті анықтап, оларды шеберлікпен ұштастыра білуі қажет. Осы тұрғыда біздің өңірдің байырғы ұстазы, елге кең танымал азамат Әсет Әбдіқызырқызының айтқаны бар: «Ұстаз үшін алдына келген шәкіртінің болмысын, табиғатын етене танып, құрметтей білу – парыз. Ал ондай дәрежеге жету үшін ол баланы жанынан артық жақсы көруі абзал!» Ұлағатты ұстаздың осы бір қанатты қағидалары менің кәсіби ұраныма айналды. Бүгінге дейін бұл ұстанымнан ауытқыған емеспін. Ылайым солай болғай деген сенімдемін.

Есімде, ең алғашқы рет тәрбиеші ретінде балалармен танысқан күнім. Ата-аналар, қалыптасқан ережеге сәйкес, таңертең сәбилерін әкеліп, топ-топтарға тапсырып жатты. Мен жетекшілік ететін топтың да балалары жинала бастады. Папа-мамаларының жылы алақанынан ажырап жатқан бүлдіршіндер маған қорғансыз балапандай, тіпті тоңып тұрғандай болып көрінді. Әрбіреуінің алақанын алақаныма салып кезек –кезек жылыта бастадым. Мейірімділік отын сезінгеннен бе, әйтеуір бүлдіршіндер мені ортаға алып, тап-таза, мөп-мөлдір жанарларымен қадала қарап, жақындай түсті. Олардың маған деген сенімі оянғанын түсіндім. Жүрегім елжіреп, ерекше сезім құштым. Сол күннен бастап «алақан жалғастыру» рәсімі басталып кетті. Балалар аз болсын, көп болсын, балабақшаға келгенде мен әрбіреуінің алақанын өз алақаныма салып, қал-жағдайын сұрауды әдетке айналдырдым. Аталмыш дәстүрді ішімнен «сенім көпірі» деп атаймын. Осы күнге дейін жақсы нәтиже беріп келе жатыр.

Француз ағартушысы, жазушы Жан-Жак Руссо «Бала туғанда ақ қағаздай болып таза туады, оның үстіне шыймайды қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең ол солай тәрбиеленеді» дегені де бар. Пәк көңілді балалармен қарым-қатынас орнату маған қуаныш, шаттық сыйлайды. Балалар әлемі- бақыт әлемі сынды, ол жерде жасандылық болмауы қажет, өйткені сәбилер жасанды сезімді жақсы ажыратады, және ересектердің жасандылығы пен дөрекілігін ешқашан кешірмейді…

Кезінде бір үлкен, облыс көлемінде ұйымдастырылған семинарға қатыстым. Үзілісте әріптестер күнделікті жұмыс жайында әңгіме қозғады. Бір-бірімізді жақсы танымасақ та, шүйіркелесіп сұхбат құрдық. Тәп-тәуір әңгімеге кенеттен бір әріптесіміздің сызат түсіргені бар ма. «Соңғы күндері біраз жеңілдеп қалдық, тұмаудың тарауына байланысты балалар топқа аз келіп жатыр»- деп, басып жібергені. Біртүрлі, ішімнен оны жек көріп қалдым.

Басқалары да жақтырмаған сыңай танытты. Ал біздің топта, тіпті мен қызмет ететін балабақшада бір бала ауырып қалса, ұжым болып уайымдаймыз… Оның тез сауығып кетуін тілейміз. Айтпақшы, бала сезімталдығы жайында тағы да айтарым бар: тәрбиеші мен баланың арасында ерекше «жоғары толқындағы» қарым-қатынас орнатылуы қажет. Тәрбиеші тәлімгерін бір қарағаннан-ақ түсінуі керек. Содан болар, балалармен өткізген әрбір сәт мен үшін үлкен сынақ және таптырмас сабақ. Дәлірек айтқанда, олар мені тәрбиелеп отырады…

Мен ұстанып жүрген қағидалардың ішінде тағы бір мызғымас ереже бар. Балапандардың бойына жақсылық пен ізгілік қасиеттерін сіңіру, олардың игі сезімдерін ояту үшін мен «ойын принциптерін» үнемі қолданамын. Халық арасында «Баланы ойын өсіреді” деген сөз тегін айтылмаса керек. Себебі, баланың жетекші әрекеті ойын екені бәрімізге мәлім. Бала ойнап жүріп, ойланады, жүйкесі тынығады, ойы сергиді, денесі шымырланады, өзінің құрбы-құрдастарымен жақсы араласуды үйренеді, адамгершілікке, сүйіспеншілікке, кішіге көмек, үлкенге құрмет көрсете білуге үйренеді. Ойын оны қиындықтан қорықпауға, мақсатқа жетуде төзімділікті ұлғайтуға ықпал етеді. Содан болар, іс-тәжірибемде осы бағытты дамытатын әртүрлі құралдар мен ойыншықтарды жиі қолданамын. Оларды сәбилермен біріге отырып жасауды да әдетке айналдырдық.

Соңғы кездері байқағаным, балаларға ата-аналар ертегі оқудан қалды. Бұл өте улкен қателік, өйткені, кітаптан оқылған немесе әженің айтып берген ертегісіне еш бір мультфильм жетпейді. Мультфильмдерде режиссердің фантазиясынан шыққан дайын дүние ұсынылады да, балалардың қиялдау қабілеттері дамымай қалады… Ал әженің әдемі дауысымен жеткізілген ертегі сюжетін әрбір бала әртүрлі қабылдап, ой-қиялдарына еркіндік береді. Түсін-түстеп, бояуын өздері сіңіреді. Әрине, жақсы, тәлім-тірбиеге толы мультфильмдер де балаларға қажет. Ең бастысы- орынымен, қажеттілігімен іріктеліп отырса. Сократтың «Таным – бұл жақсылық» деген қағидасы дәл осы жерде тікелей мағынасына ие. Баланың жан дүниесін неғұрлым терең тани алсақ, соғұрлым оның тұлға ретінде жетілуіне септігін тигізе аламыз. Бүлдіршіндердің бойынан жылт еткен жақсылықты, талап пен талантты тауып, «бұлақтың көзін ашқандай» алға жетелесек- мақсатымызға жеткеніміз.

Адамгершілік тақырыбы – мәңгілік. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерін сіңіру – ата-анамен қатар менің де тікелей міндетім деп білемін. В.Сухомлинский «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады»,-дейді. Демек, балаға білім бере отырып, жүрегіне адамгершілік қасиетін ұялата алсам, бүгінгі сәбиім өзіндік көзқарасы қалыптасқан, айналасымен санасатын азамат болуы әбден мүмкін. Осы жолда баланың тұлға болып қалыптасуына отбасылық тәрбиенін тікелей қатысы бар екенін ұмытпағанымыз жөн сияқты. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасы –бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Баланың бойына адамгершілік қасиеттерін сіңіру – ең бастысы, ата-ананың парызы. Содан болар, ата-анамен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау мен үшін өте маңызды. Бала тәрбиесі біз үшін ортақ міндет екенін түсіндіруге тырысамын. Талпынысым жауапсыз қалып жатқан жоқ. Бір ғана мысал, ата – аналар жиналысының бірінде әңгімені былай бастадым:

Бір бала анасына келіп:

– Ана, Сіз мені жақсы көресіз бе? – депті.

– Әрине, сен жақсы болсаң ғана жақсы көремін,– деп жауап қайтарыпты анасы.

– Ал, мен Сізді үнемі жақсы көремін! – деген екен сонда баласы.

Әңгіме барысында аналардың көздеріне жас үйірілгенін байқадым. Енді олар балаларына басқаша қарайтынын сезіндім. Кез келген бала – жылдам немесе ақырын қимылдасын, жеңілтек немесе ауыр мінезді болсын, бәрібір, өзіне деген сүйіспеншілік пен құрметті көргісі келеді, айналасының мейірімділігіне, шапағатына бөленгісі келеді. Бөленуіге де тиіс. Осыны ұмытпағанымыз жөн. Бұл қағида да менің басты ұстанымым болып табылады.

Тәрбиеші деген сөздің мағынасына үңілсек, мақсаты тәрбие беру екенін түсінеміз. Адамның жаны мен тәні қашанда тәрбиеге мұқтаж екендігін ескерсек, тәрбиешіге артылар жүк жеңіл еместігіне көзіміз жетеді. Балабақшада дұрыс тәлім – тәрбие бере алсақ, ол ертең мектепке барып саналы түрде сапалы білім алуға тырысады. Соның нәтижесінде елін сүйген азамат болып шығады. Біз, тәрбиешілер, түрлі болашақ маман иелерін тәрбиелеп жатырмыз десем артық болмас. Болашақ заңгер, ұстаз, дәрігер, құрылысшы- барлығы тәрбиешінің қолында. Сондықтан да өз бойымызда әділдік, мейірімділік, жауапкершілік қасиеттері толығымен болуы абзал. Тәрбиеші жұмысы – оңай жұмыс емес. Бірақ абыройлы, сыйлы. Жақсы тәрбиешіні балалар ешқашан ұмытпайды. Оған мысал, ересектер тобынан шығарып салған тәрбиеленушілерім қазір 2 сыныпта оқиды. Олармен кездесе қалсам, маған ұмтылған сағынышқа толы жанарларын көремін. Сол кезде балабақшадағы қызықты қылықтары, бұзықтықтары есіме түседі. Оны ұмыта алмайсың… «Ел есіңде бір жыл қалғың келсе – ас бер, он жыл қалғың келсе – ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе – бала тәрбиеле» дейді дана халқымыз. Баланың ой – өрісін дамытуға, олардың қиялына қанат бітіріп, тіл байлықтарының шыңдалуына тәрбиешілердің сіңірер еңбегі орасан.

Сондықтан, сөзіміз – түзу, еңсеміз – биік, рухымыз – мықты болсын десек, бірегей тәрбиеші мамандығын ұлықтай білейік. Ұрпағымыздың тамырына нәр беретін мамандық екендігін естен шығармайық.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *