Мағжан – эпик ақын (әдеби эссе)

МАҒЖАН – ЭПИК АҚЫН

(«Батыр Баян» поэмасының мысалында)

Әдеби эссе

 

Мағжан – эпик ақын. Оның қаламынан «Батыр Баян», «Қорқыт», «Жүсіпхан» сияқты поэмалар туған. «Батыр Баян» поэмасында өзінің халқына, Алашына деген суымас перзенттік жүрегінің ыстық сезімін өлең өрнегіне шынайылықпен түсірген. «Батыр Баян» поэмасы «Aлашым» деп еңіреп, «майданда жолбарыстай» ерлік көрсеткен осы аруақты көкжал батырға арналған. Ж. Аймауытов: «Баян» – қазақ әдебиетінде бола бермеген табыс. Әсіресе, «Баянның» басқы бөлімінде сурет, шешендік толғау, күй төгіліп кеткен» – дейді [1,427]. Лиро-эпикалық шығармада оқиғалар тізбегі мен кейіпкерлердің әрекетінде белгілі бір мақсат болады. Ақын өз қаһармандарының ішкі әлемін даму, өсу бағытында бейнелейді. Мұндайда автор эпикалық жанрдың принциптеріне сүйенеді. Лиро-эпикалық туындыда сюжетке енетін образдардан басқа лирикалық қаһарманның образы да айқын көрінеді. Қазақ әдебиетінде лиро-эпикалық поэманың үлгісі ретінде Мағжанның “Батыр Баян” поэмасын атауға болады. Осы поэма арқылы ақын эпик деңгейіне көтеріле алды.

Абылай ханның өз заманында аса жоғары бағалаған екі батыры болса, соның бірі – Баян батыр. Орта жүздің уақ руынан шыққан әйгілі батыр туралы аңыз да, ақиқат та көп. Сондай бір аңызға негізделіп жазылған поэма – “Батыр Баян”.

Бір жаугершілік аламанда Батыр Баян бір сұлу қалмақ қызды тұтқынға алады. Баян қалмақ қызына ғашық болып, бірақ қыз жақтан батырдың көңілінен шығатындай жауап болмайды. Қалмақ қыздың есімі – Құралай. Бұл қыз Баянды емес, оның інісі Ноянды сүйіп, екеуі қыздың отанына қашпақшы болады. Батыр Баян бұл істі туған жерді сату деп есептеп, оларды артынан қуып, Құралай мен Ноянды өз қолымен өлтіреді. Қызбалықпен жасалған істен кейін Баян өз ісіне өкініп, екеуін бірге жерлейді. Осыдан кейін, Батыр Баян Абылай ханның рұқсатын алмай, қасына 100 жігітті ілестіріп қалмақтарға аттанады. Сол соғыста Баян Батыр қайтыс болады. Міне, поэманың қысқаша мазмұны – осындай.

Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасы – қазақ поэзиясының биік шыңы. Ақынның «Батыр Баяны – тілі, сюжеттік құрылымы, композициялық құрылысы жағынан ең озық үлгідегі, Мағжандай ақынның шеберлігін, талантының сан қырын ашып, кемел дарынын тап басқан туындының бірі.

«Жүрегім, мен зарлымын жаралыға,

Сұм өмір абақты ғой саналыға.

Қызыл тіл, қолым емес, кісендеулі,

Сондықтан жаным күйіп жанады да» , [4,273-б.]- деп, кісендеулі тілге күйініп, тіршіліктен безінген ақын «Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң, Толғанып қарауым сол баяғыға» деп өз сырын ашады. Одан әрі ақынның романтикалық биік өресінің қиясына бірге самғап, іштей онымен сырласып кетесіз. Өткен замандағы өз ұлтыңның ұланғайыр даланы қорғаудағы ұмытылмас ерлік күресінің куәсі боласыз. Ұлтының айбары болған Абылайды, махаббат сезімінің құрбандары Ноян мен қалмақ қызын, елін жаудан қорғаған батыр Баянды танимыз. Оның өкініш өзегін өртеген сәттегі жан-дүниесіндегі ала құйын сезімдер мен көзсіз ерліктерінің сырына қанығып, бірде шынайы сезімді, бірде қайғылы күйді кезек-кезек жырлай отырып, өлең сөздің тылсым тереңіне тартқанда ақынның құдіретіне еріксіз табынасыз. Поэмадағы Мағжан түйген идея – ұлт намысы – сатқынға тартылған сұр жебе. Бұл поэманың романтикалық сарыны айрықша көзге шалынатын жері «Қан көрсе қас қыранда шер тұра ма?!» демекші, батыр Баянның Абылай қолы шегінер кездегі жүз жігітпен ажалға сескенбей қарсы баруы. Баян – ажалдан қаймықпаған, күнәсін қанмен жуған – романтикалық қаһарман. Батыр Баянның жауға салған ойраны:

«Қалың қол ортасында батыр Баян,

Баянның батырлығы алашқа аян.

Екі көз екі қызыл шоқ боп кеткен,

Аузынан көбік болып бұрқырап қан.

Оң-солға алдаспанды сілтегенде,

Бұлақтай қалмақ қанын бұрқыратқан», [4,299-б.]- күйінде суреттелген, бірақ күш тең емес еді. Қанша қырғанымен қалың қалмақ таусылмайды; аз қазақ жеңіледі. «Қайран ер қайсар Баян, жолбарыс» құлап түседі. Көз алды шыр айналып, тұманданып, елеске айналады. Абылайды көргендей болады. Енді бірде көз алдынан «жұлдыздай жымыңдаған сөнбей-жанған» Ноян мен Ақшамаңдайды көреді, оларға өлер алдындағы жан сырын жайып салады:

«Көзімнен неге ақпайды қан боп жасым,

Жан беріп, жазғаным ғой, жан жарасын.

Кетсе де жаннан жара, қан кетпек пе?

Дариға, жазамнан да күнәм басым!

Жауында жан берген соң алты алашым!» [4,300-б.]-

Хас шебер аз сөзбен көп нәрсені аңғартады. Мағжанның осы бір алты жолында поэманың бүкіл рухы сайрап тұр. Дастанда батыр Баянның ел қорғаған ерлік істері паш етілуімен бірге, көтерілген тағы да бірнеше адами мәселелер бар. Солардың ең бастысы – Адам деген үлкен әріптермен жазылатын қасиетті ұғымға сай өмір сүріп, адамшылық басты қасиеттерді сақтап қалу мәселесі. Батыр Баян да жұмыр басты пенде. Ол ер қорғаған, қамал бұзған батыр болғанымен де адамға тән қасиеттердің барлығы да оған жат емес. Батыр Баянға кісі өлтіру сөз емес. Ол жаумен алысқанда қаншама дұшпанның қанын ағызып, жер жастандырған. Кісі өлтіру ол үшін үйреншікті іс. Бірақ өзінің бауырын, бауыры болғанда да туған інісін бір қызға бола өлтіру – кешірілмес күнә.

«М.Жұмабаевтың «Батыр Баянында» Ф.Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романындағы қарапайым студент Раскольников еске түседі. Ұқсастығы көтеріп отырған проблемасы жағынан болғанымен де батыр Баянның бейнесі қарапайым студентке қарағанда аса күрделі. Достоевский қылмыс пен жазаның арақатынасын тек философиялық тұрғыдан қарастырса, Мағжанда бұл мәселе ауқымдылау, жан-жақты байланыстарымен кеңірек қамтылған. Поэмада қылмыс пен жазаның адам өміріндегі орны отансүйгіштік, халқына қызмет ету, ағайын-туыстық, адамгершілік, махаббат, т.б. мәселелермен қабыстырыла көтеріледі. Бір қалыппен өлшеуге келмейтін адам өмірінің қым-қуыт қуыстары шынайы көрініс табады», – деп салыстырады филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы. [2]

Сан тарау сезімге серік болған махаббат трагедиясы осындай романтикалық ірі пафосқа алып келеді. Негізінде шығармада өткен өмірдің реалистік шындығы мен мұндалап тұр. Мағжан шеберлігінің бір қыры – тарихи шындық пен көркемдік шындықты жымдастырып жіберуі. Ел аңызы мен ақын қиялы бірін-бірі толықтырар бірлік тауып, шығарманың шыншылдығын бекіте түседі.

Поэманың көркемдік деңгейіне келер болсақ, өзінің алдындағы поэма түрлеріне, дастандарға қарағанда бұл поэмада табиғат көріністері де айтарлықтай орын алды. Мағжан поэмаларындағы Көкше, Бурабай, Жетісу суреттері шығарманың идеялық мазмұнының аса көркем шешімге ие болуына аз әсер еткен жоқ. Пейзаждық суреттер оқиғаға фон ғана болмай, жалпы суреткердің айтпақ ойын, мұратын да білдіреді.

Мен де ойды ағытамын қаламыма,

Арқаның көз жіберсем алабына:

Сарыарқа-сары дария, қиыры жоқ

Көз болсын, қандай қыран, талады да.

Ішінде сары дария көз тоқтатар

Көкшетау – Сарыарқаның аралы да.

Көкшеде күні кеше қойдай өрген

Түрлі аң: бөрі, бұғы, маралы да.

Айрылып асау, ерке аңдарынан

Көкшенің тас жүрегі жаралы да!- [4,273-б.]деген жолдар романтикалық идеал мен романтикалық наразылықтың түп төркініне ишара жасайды.

Жүрегіне ұшқын түсіп, аяғы өртке айналған жап-жас Ноян алғаш рет тұтқын қызды көргенде от боп жанып, аласұрады.

«Жас Ноян қызды көріп от боп кетті,

 Көздері қызыл жалын шоқ боп кетті.

Жер мен көк, ай, жұлдызды тұман басып,

Бір қыздан басқа нәрсе жоқ боп кетті». [4,281-б.]

Романтикалық көтеріңкі леппен жырланып, әсірелеу амалының қолданылуы өлең жолдарын тым ажарландырып, әсерлендіріп жіберген.

«Ертегі» мен «Оқжетпестің қиясында» поэмаларынан басталған лиро-эпикалық жанрды игеруі «Қорқыт» пен «Батыр Баян» тұсында өзінің апогейіне жетті. Осы арада Мағжанның эпос жанрына лирик ақын ақын ретінде есейіп келгенін, ендігі жолда ол Абайдың да, өзгелердің де ықпалынан шыққанын, өзінің сара бағытын тапқанын, оны жемісті игергенін атап өтеміз», – деп жоғары баға береді филолог-ғалым Ербол Тілешов.[3]

Қорыта айтсақ, «Батыр Баян» – М.Жұмабаевтың шығармашылық кемел кезінде бір демде шабытпен жазылған шоқтығы биік шығармасы. Поэма – Мағжан поэзиясының шыңы, бүкіл қазақ поэзиясының інжу-маржандарының қатарында. Қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген өресі биік өрелі шығарма. Шын тұлпар шапқан сайын көсілсе, шын асыл уақыт өткен сайын жарқырай түседі. Мағжанның поэзиясы да, оның ішінде «Батыр Баян» поэмасы да заманалар жайымен жылжыған сайын інжу-маржандай жарқырай түсуде.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Ж.Аймауытов Мағжанның ақындығы туралы // М. Жұмабаев шығармалары. Алматы, 1989
  2. Д.Ысқақұлы Мағжанның «Батыр Баяны» 18.08.2018 Мақала. Интернет-ресурс https://egemen.kz/article/171933-maghdgannynh-batyr-bayany
  3. Е.Тілешов Мағжанның жаңашылдығы. 03.07.2015 Мақала. Интернет-ресурс https://abai.kz/post/40981
  4. Мағжан Жұмабаев Шығармалары (әдеби басылым). 1-том: Өлеңдер, дастандар / Құраст. Сәндібек Жұбаниязов.– Алматы: Жазушы, 2013. – 376 бетАлматы “Жазушы”  2013

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *