Шеттілдік білім берудің әдістемелік жүйесі: шеттілдік білім берудің мақсаттары, әдістері және коммуникативтік әдіс
Халибекова Бонугул
Аннотация: Мақала шет тілін оқытудағы «бағыт», «әдіс» ұғымдарына, қандай бағыт-әдістер бар екеніне, соның ішіндегі қатысымдық немесе коммуникативтік бағытқа арналған.
В статье рассказывается о методиках преподавания иностранного языка, а также коммуникативном подходе и его особенностях.
The article deals with foreign language teaching methods, as communicative approach and its characteristics
Кілт сөздер:әдіс, бағыт, технология, классификация
Білім берудегі бағыт терминін ғылыми ортаға ағылшын әдіскері А. Энтони (1963 ж.) зерттеушінің тіл табиғаты мен оны меңгеру тәсілдеріне қатысты қолданатын бастапқы ережелерді білдіру үшін енгізген болатын. Тілді оқыту жүйесінің бөлшегі бола тұра, бағыт оқыту пәніне қатысты бар ой-пікірлер мен оқыту барысында тілді меңгеру мүмкіндіктерін сипаттап, оқытудың жалпы әдіснамалық негізі ретінде қызмет атқарады. Әдіскерлердің ойынша, оқытудағы бағыт оқытылуы тиіс пәннің мәніне деген көзқарас болып табылады (Вятютнев, 1984), ілімнің нақты саласында зерттеудің жалпы әдіснамалық негізі ретінде қолданылады (Бим,1988), белгілі бір құбылысты зерттеуге бағытталған зерттеушінің әрекетін анықтайды (Скалкин, 1981). Тілді оқыту әдістемесінде оқыту бағытының бірыңғай топтастырылуы жоқ, осылайша, М. В.Ляховицкий (1981) тілді меңгеру психологиясы тұрғысынан анықталатын төрт жалпы бағытты атайды:
1. бихевиористік – көрсетілетін ынталылықтарға жауап ретінде сөйлеу дағдылы әрекеттерінің пайда болу жолымен тілді меңгеру;
2. индуктивті – саналы – тілдік ережелер мен оларды сөйлеуде қолдану тәсілдерін меңгеруге алып келетін сөйлеу үлгілерін бақылау нәтижесінде тілді меңгеру;
3. танымдық (когнитивті) – ережелер мен нұсқаулықтар күйіндегі білімнен меңгерілген білім негізіндегі сөйлеу дағдылары мен ептілікке дейін деген реттілікте тілді саналы түрде меңгеру;
4. интеграцияланған – білім және сөйлеу дағдылары мен ептіліктерінің параллельді меңгерілуінен көрініс табатын оқыту үдерісінде саналы
және саналы емес бөлшектердің сабақ барысындағы органикалық бірігуі.
Лингвистикалық және басқа да көптеген факторларды ескеру негізінде М.Н.Вятютнев бағыттарды классификациялауға тырысты. Ол қазіргі заманғы оқыту әдістерін топтастыру үшін алты бағытты қолданып, келесідегідей бөліп көрсетті: грамматикалық, тікелей, бихевиористік, оқылым, ұжымдық, коммуникативті – жеке тұлғалық. Егер тілді оқытудағы барлық бағыттарды сараласа, оларды бөлуге не оқыту нысанасы, не оқыту тәсілі негіздеме болып табылатынын аңғару қиын емес. Енді бағыт сөзіне жақын болып келетін əдіс сөзіне келер болсақ, жалпы мағынада «әдіс» ұғымы (грек. пр – зерттеу немесе таным жолы) – мақсатқа жету тәсілі. Әдістеменің іргелі категориясы бола тұра, оқыту әдістері оқыту жүйесінің бөлшегі болып табылады. Сәйкес оқыту әдістерінсіз оқыту мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл ұғым қазіргі заманғы ғылымда үш түрлі мағынада қолданылады: жалпы методологиялық (әдіс таным құралы, ақиқатты, табиғат пен қоғам құбылыстарын зерттеу тәсілі ретінде), жалпы дидактикалық (білім беру мазмұнын игеруді қамтамасыз ететін оқытушы мен оқушының өзара байланысты іс-қимылдар жүйесі ретінде) және жеке дидактикалық (әдіс оқытушының оқу әрекетінің стратегиясын анықтайтын, оқытудағы бағыт ретінде). Жеке дидактикалық əдістер Айтарлықтай әмбебап және түрлі пәндерді оқытуда қолданылатын жалпы дидактикалық әдістерден айырмашылығы – жеке дидактикалық әдістер тобы нақты оқу пәні немесе пәндер тобының өзгешелігін бейнелейді. Шет тілдерін оқыту әдістемесінде тарихи түрде әдістің жеке дидактикалық ұғым ретінде екіжақты анықтамасы қалыптасты: а) әдіс оқытудағы бағыт ретінде және б) әдіс тілдің белгілі бір жағын оқыту тәсілі ретінде. Бір ұғымның бұлайша екіжақты түсіндірілуі сәтті деп айтуға болмайды: ол, көп жағдайда, бір терминнің басқасымен алмастырылуына алып келеді және де жалпы дидактикалық пен жеке дидактикалық әдістердің қазіргі дидактикада белгіленген жіктелу тұрғысынан негізделмеген. Оның орнына тілді оқыту әдістемесінде терминнің кең мағынасындағы түсіндірілуін бекіткен жөн, яғни оқыту әдісі – оқытудағы тілді оқыту мақсаттарын, міндеттері мен мазмұнын жүзеге асыратын және оларға жету жолдары мен тәсілдерін анықтайтын бағыт. Шет тілдерін оқыту тарихынан тілді оқытудағы қоғамның қажетсінулеріне жауап ретінде пайда болған және қоғамның түрлі даму сатыларындағы ғылым мен техниканың даму деңгейін бейнелеген бірнеше ондаған әдістер мәлім. Осылайша, тілдің практикалық меңгеруіне деген қажетсіну тікелей әдістердің тууына, ал қоғамның қысқа уақытта тілді үйренуге деген талабы интенсивті әдістердің дамуына алып келді. Заманауи технологиялардың дамуы аудио- мен видеобаспалардың, компьютерлердің оқу үрдісіне енгізуіне және қашықтан оқуды тілді меңгерудегі перспективалық форма ретінде рәсімдеуге септігін тигізді. Жаңа оқыту әдістерінің пайда болуымен қатар ең ұтымды да әмбебап оқыту әдісінің жасалуы жайлы жиі хабарланып жатты. Әдістемедегі барлық тіл оқытудың тікелей, саналы және әрекеттік бағыттарына сүйене отырып, қазіргі заманғы оқыту әдістерін тікелей (интуитивтік), саналы, құрама, интенсивті деп бөлуге болады.
Коммуникативті әдіс шет тілін оқытудағы ең белсенді әдістемелерінің ішінде жетекші орын алады. Ағылшын тілі үшін әдістің өзге атаулары – «оксфордтық» немесе «кэмбридждік» – қолданылады. Шынында-ақ, ағылшын тілінен бөлек кез келген тілді оқытуда қолданылып жүрген осы әдістің негізі Британдық жетекші университеттердің оқытушы – лингвистері мен психологтарының бірлескен күшінен туындаған. Коммуникативті әдіс негізінде «Headway» мен «New Cambridge English Course» (ағылшын тілі), «Neumen neu» (неміс тілі), «Le Nouvelle sans Frontiers» (француз тілі) сияқты танымал оқу құралдары жазылды. Коммуникативті әдіс жанды ерікті қатынас үдерісінде негізгі тілдік дағдыларды (жазбаша және ауызша сөйлеу, грамматика, оқылым мен тыңдалым) бір мезгілде дамытуға бағытталған. Студентті басқа тілде сөйлесуге үйрету – оқытушының басты міндеті. Шет тіліндегі лексика, грамматикалық құрылымдар, сөз тіркестері студентке оқып жатқан материалдың тез және берік бекінуіне септігін тигізетін шынайы эмоционалды жағдай контексінде ұсынылады. Коммуникативті әдіс оқушы мен оқытушы арасындағы психологиялық тосқауылдың жойы луын ұйғарады. Білім алушылар өздері мен оқытушы арасындағы қашықтықтың жоқтығын сезіне бастағанда, олармен қатынас қызықты, көңілді болса, оқушыларға өзге тілде сөйлей бастау оңайға түседі. Оқытудағы көптеген ойын элементтері сабақты жандандырады, студенттердің эмоционалды көңіл-күйін сақтап отырады, олардың уәжін күшейтеді. «Жұптық», «үштік» жұмыстар, студенттерге қызық тақырыптардағы пікірсайыстарға қатысу – осының барлығы мұғалімге студенттердің жеке тұлғалық ерекшеліктерін ескеруге, сабақтарды шығармашылық және қызық етуге және де сол мезетте оқытушыға студентке сездіртпей, оқыту үдерісіне толыққанды бақылау жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл бағыт, әдетте, коммуникативті деп аталады. Алайда оның бастапқы кезеңдерінде функционалды немесе мағыналы деген басқа да ұғымдар синоним ретінде қолданылды. Тіл оқытумен байланыстағы коммуникативті термині тілдің семантикалық аспектісімен белгіленген қатынасын білдіреді.
Коммуникативті бағыттағы белсенділіктер мен әдістер. Коммуникативті бағыт сыныптағы өзара әрекетті жақсартатын жол және тілдің коммуникативті қолданысы ретінде таңдалған материалдардың алуын түрін пайдаланады. Осы материалдарға негізделген кейбір критериялар мен олардан алынған кей әрекеттер мен әдістер (Джонсон 1982 және Ларсен-Фриман 1986) келесідегідей: – Тасымалдың ақпараттық ұстанымы, бір тілдік ортадан екіншісіне тілдік тасымалдар жасауды тудыру және түсіну қабілетіне қатысты. Ақпараттық тасымалға негізделген әрекеттер келесідегідей болу мүмкін: тыңдап отырып түсінгеннен біраз мақсаттық мақалалар жазу, диаграммалардан сөйлем жазып алу, кейбір суреттер жайында өз пікірін ұсыну…
– Ақпараттық бос кеңістік ұстанымы қатынас кезіндегі адамдардың арасындағы ақпараттың түрлі деңгейлерін ескереді, ол біраз жақсы жаттығулар жасауға мүмкіндік береді: студенттерде ақпараттың түрлі бөлшектері бар және оларды сұрақтар мен жауаптар арқылы алмасу, студенттердің сөйлеп жатқанда ұйқасатын түрлі жауаптарды таңдауына болады.
– Мазмұны үшін түзету ұстанымы грамматикалық нақтылыққа қарағанда берілген коммуникативті мазмұнына көп екпін жасауды білдіреді. Сондықтан қателер алдыңғы әдістемелерден гөрі сан алуан қатынасқа ие болады.
– Шынайы материалдарды қолдану студенттерге нағыз, ойдан құралмаған тілге жол ашады, ол – студенттерді тілдің табиғи кейпімен беттесу үшін құнды.
– Сөйлемдердің өз ретіне шифрланғандарын енгізу – бүтіндік пен үйлесімділік және дискурстың басқа да аспектілерімен жұмыс жасағанға жақсы жол.
– Тілдік ойындар коммуникативті болып табылады, себебі олардың қатынастың 3 белгісі бар: ақпараттық бос кеңістік, таңдау және кері байланыс.
– Рөлдік ойындар түрлі әлеуметтік контекстер мен рөлдерді, қатынастарды түсінуге мүмкіндік береді.
– Жұптық және топтық жұмыстар – жиі қолданылатын әрекет.
Е.И. Пассов: «Оқу материалын коммуникативтік бағытта ұйымдастыру мәселесі әзірге теориялық тұрғыда және оның айтылым әрекетін үйретуге қатысты проблемалары аясында ғана қарастырылған. Ал сөйлеу әрекетінің барлық түріне қатысты коммуникативтік әдістің барлық деңгейлерде жүзеге асырылуы әлі шешімін таппаған», – деп, аталмыш мәселенің өзектілігін баса көрсетеді. Сондықтан ендігі кезекте алға қойылатын міндет – коммуникативтік әдістің барлық деңгейлерде дамуына үлес қосып, оқытушылардың осы бағыттағы әдістемелік шеберлігін шыңдатып, нақты нәтижелерге қол жеткізу. Қазіргі заманда жалғыз ұтымды әдістеме ретінде коммуникативтік әдіс қолданылып жүр дегеннен гөрі, әрбір оқытушы өзіне тиесілі әдіспен коммуникативтік бөлшектерді енгізе отырып, практикалық әдістемені қолданып жүр деген дұрыс. Яғни, жоғарыда айтылып кеткен Л.Н. Толстойдың сөзімен еріксіз келісеміз. Сондықтан бір әдістемемен шектелмей, білім алушылардың сұраныстары мен мақсаттарын ескере отырып, тиімді бағытты ұстанған абзал.