Балабақшадағы музыка сабағы арқылы балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту
«Балабақшадағы музыка сабағы арқылы балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту»
Балабақшадағы музыка сабағының теориялық маңызы мен балалардың шығармашылығын дамытудың маңызы зор. Басқа сабақтардан айырмашылығы – балалар жүрегінен ерекше орын алатындығы. Олар мектепке дейінгі тәрбие мен білімді жан-жақты алып, өзінше зерттеу жасай отырып, көркемдік-эстетикалық талғамдарын қалыптастырады. Теледидар мен ұялы телефон арқылы әр түрлі әуендерді естиді. Балабақшадағы музыка сабағы – оларға өз қабілеттерін шыңдауға зор мүмкіндік береді. Мысалы, музыка мұғалімінің назарына әдемі дауысы бар, ырғақты жақсы сезінетін бүлдіршіндер бірден түседі. Оларға ата-аналарының келісімі арқылы кішкентай кездерінен бастап вокалмен шұғылдануына болады. Сондай-ақ, топтық сабақтарда балалар музыкаға ілесіп, әннің ырғағына сай эмоцияларын көрсетіп, билеп, қол шапалақтап, көңілді отырады. Ертеңгіліктерде хормен ән айтып, алғашқы сахналарында өз өнерлерін көрсетеді. Дарынды, талантты балалар суырылып, көрермен көзайымына айналары сөзсіз. Тұйық, көп сөйлемейтін жуас балалар да ән айту арқылы басқа балардан қалыспай, бірте-бірте ашылады.
Жалпы, музыка сабағының балаларға берері өте көп. Шығармашылықтарын дамыту арқылы әрбір баланың болашағына зор мүмкіндіктер ашылуы мүмкін. Оларды қызықтыру үшін әр түрлі әдістер арқылы сабақтарды түрлендіріп өткізуге болады. Орындаушылық қабілеттері төмен балаларға музыканы қабылдауда ерекше назар аудару керек. Музыкаға деген сүйіспеншіліктің дамуы барысында, олардың «өнер» әлеміне деген қадамдары басталады. Әдемі, әсерлі музыканы тыңдап, би билеп, сурет салып немесе тағы да басқа қырлары ашылуы мүмкін. Музыка әлеміне бойлау арқылы олардың адамгершілік қасиеттері, ұйымшылдықтары артады, эстетикалық талғамы қалыптасады. Даму ерекшеліктеріне байланысты дикциясы нашар және тұтығатын баларға ән айту өте пайдалы. Сонымен қатар, тыңдау арқылы ұлттық әндер мен күйлерді ажырату мүмкіндігі дамиды.
Музыка – адам өмірінің барлық кезеңдерінде кездеседі. Бесік жырынан бастау алатын ұлттық музыкамыздың өзі де балаларға үлкен қазақы тәрбие береді. Сондықтан, балабақшадағы балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту арқылы – оларды болашақта жақсы адам болуға тәрбиелейтініміз сөзсіз.
Алматы облысы, Іле ауданы, Жетіген ауылы
«Інжу-Жібек» балабақшасының музыка жетекшісі Абдыкасимов Мукан Абаевич