Қазақтың ұлы ханы Абылайдың туғанына -310 жыл

Абылай хан (шын есімі Әбілмансұр) — 1771 – 1781 жылдар аралығында билік құрған Қазақ хандығының 18-ші ханы. Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірі. Арғы тегі Ақ Орданың негізін қалаған Орда Ежен ханнан бастау алады. Абылай онымен қоса Ұрыс хан, Барақ хан, Әз-Жәнібек хан сияқты билеушілердің тікелей ұрпағы. Абылай хан қазақ тарихындағы бірегей тұлға Кенесары ханның атасы.

Абылайдың шын аты – Әбілмансұр. Ол 1711 жылы арғы тегі Шыңғыс ханның ұлы Жошыдан тарайтын белгілі тұлғалардың шаңырағында дүниеге келген. Ал «ақтабан шұбырынды» жылдарында әкесінен ерте айырылып, жетімдіктің зардабын көп тартты. Балалық шағы мен жасөспірім кезі қуғында өтті.
Әбілмансұрды әйгілі Төле би тауып алды деп айтады. Аш-жалаңаш, өңі жүдеген, шашы өсіп кеткен. Өзінің атын да білмейді. Содан атақты би оған «Сабалақ» деп ат қояды да, түйесін бақтырып қояды. Әбілмәмбет төренің жылқысын да бағады. Шоқан Уәлихановтың жазбаларына сәйкес, Әбілмансұр ол кезде 13 жаста болған.
Төле бидің тәлім-тәрбиесінде болуы Әбілмансұрға зор ықпал жасады. Қазақ даласының даналығын бойына жинаған баба ақылы мен парасатын, ел билеу қабілетін, анталаған жауға қарсы қазақ халқы басы біріксе ғана тойтарыс бере алатынын жас баланың санасына ұялата білген. Оған қоса, бала кезінен көрген жұпыны тіршілік, өмірлік тәжірибе Әбілмансұрдың ел өміріне ерте араласуына себепші болды.
1730-1733 жылдары аралығында болған бір ұрыста Әбілмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қоңтажы Қалдан Сереннің жақын туысы (кейбір деректерде: күйеу баласы) Шарышты өлтіреді. Одан кейін «Абылай! Абылай!» деген ұранмен жауға карсы шабады. Қазақ жауынгерлеріне жігер беріп, рухтандырады, шайқаста жеңіске жетеді. Осылайша, атын білмейтін жас жетім хандық ататегін білетін болып шығады.
Осы ұрыстан кейін хан шатыры құрылады. Әбілмансұрды Әбілмәмбет шақырып, қасына отырғызады.
«Шырағым, сен кімсің? «Абылайлап» шапқаның қалай? — десе: — Мен қанішер Абылайдың немересі едім, соғыста жолы болған соң атамның атын ұран қылдым, — дейді. Сонда Әбілмәмбет хан: — Қарағым, бауырым! — деп құшақтап, сүйіпті де халқына айтыпты.
Бірте-бірте ұлыстағы бар өкім Әз-Тәуке ханның немересі Әбілмәмбет ханнан өтіп, Абылайдың қолына көшеді. Абылайдың ерлігі мен ақыл-парасатына бас ұрған Әбілмәмбет ақылшы аға болып қалады, кеңесші хан дәрежесімен шектеледі.
XVIII ғасырдың 30-жылдарының аяғында Абылай есімі бізге белгілі құжаттарда Әбілмәмбет ханмен қатар аталады. Орыс тарихшысы А.И.Левшин: «1739 жылы Орта жүзде Сәмеке ханның орнына хан сайлаудан бұрын Әбілмәмбет пен Абылай екеуі бірдей хандық билік жүргізген»,- деп жазған. Шоқан Уәлиханов та осы пікірді қолдайды.
Абылай қазақ мемлекетінің саяси бірлігін қалпына келтіріп, ірі мемлекетке айналдырды. Ресей мен Қытай арасында жүріп, Қазақ хандығының тәуелсіздігін сақтап қалуға тырысты. Екі мемлекетпен арақатынасты бірдей ұстап, халқының өз туған жерінің қожасы, өз тағдырының иесі болуын көкседі. Оның данышпандығы мен көрегендігінің арқасында кең байтақ Ұлы далада ұзақ уақыт бойы бейбіт заман орнады.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *