Ұлттың ұлы ұстазы
№49 “Сырдария” ЖББМ
Ұлттың ұлы ұстазы…
Қазақ халқының, қазақ даласының алғашқы ағартушысы, педагогы – Ыбырай Алтынсарин атамыздың биыл туғанына 182 жыл мерей тойы. Біз үшін бұл үлкен мереке. Ыбырай Алтынсариннің еңбектері қазақ халқының рухани – мәдени дамуына зор үлесін қосты. Ағартушының шығармалары балалар жүрегінен орын алып, білім алуға жол бастай білді.
Ағартушы өз шығармаларын, еңбектерін қазақ халқының ұлттық тәрбие үрдістерімен ұштастыра білді. Педагогика саласындағы бірнеше бағыттардың негізін салды, қазіргі педагогика саласында да қолданылып келеді.
Ыбырай Алтынсарин қазақ даласындағы мектептер мен оқыту ісін бір жүйеге келтіріп, оқу үрдісін ана тіліне негіздей отырып, орыс тілін меңгертуді қолға алды.Ұстаз идеясының мықтылығы сонша оқулықтар мен оқу құралдарын орыс графикасына сүйене отырып, жаңа алфавит негізінде жасай білді.
Ыбырай Алтынсарин – өз өмірін халқының білімді, өнерлі, жаңа заманның өркениеті мен мәдениетінен қалмайтын мәдениетті, дамыған елдердің қатарына қосу жолына арнаған еліміздің біртуар зиялы азаматы. Ол өз бойындағы дарынын, ағартушылық қызметін, терең білімі мен күш-жігерін өз елінің жас ұрпағын оқытып тәрбиелеуге, оқушысын ғылым – біліммен қаруландыруға, кәсіп түрлерін үйренуге, еңбекқор болуға үйретуге арналған. Жолында кезіккен сан алуан қиындықтар мен кедергілерді жеңе отырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді, сөйтіп, елінің ардақтысы, мақтан тұтар ұлы тұлғасына айналды.
Ыбырай шығармалары адамды рухани байыта алатын қасиетке ие. Ол рухани тәрбиенің маңыздылығын ең басты құндылық деп санады. Әсіресе, Ыбырай әңгімелерінің құрылымы, мән-мағынасы, тәрбиелік мәні баланың санасына ерекше әсер етіп, қызығушылығын оятып, бала бойына тереңінен тәрбие құйып, қоғамда адамгершілігі жоғары адамдарды қалыптастыра алды. Мысалы бала күнімізде оқыған Ыбырайдың “Екі дос” әңгімесінің бір өзі-ақ адалдықты санамызға сіңіре білді. Осы сияқты “Әке мен бала”, “Асыл шөп” т.б әңгімелері бала санасына ерекше әсер етіп, өмірді жақсы қырынан танып, рухани бай болуға негіздейді.
Ыбырай шығармаларын тереңінен зерттеп, оның ұрпаққа қалдырған асыл мұрасын қадірлеп, оны қасиетті ұстаз деп тану, біздің парызымыз деп түсінемін.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Давлатова Азиза