Сарсаңға салған субсидия
Жетісуда ауыл шаруашылығы саласында субсидия беру кезінде қателік көп кездеседі. Мәселен, шағын және орта бизнес өкілдерінің техника алуға сұранысын басқарма бірнеше рет кері қайтарған. Тек антикордың араласуымен ғана мәселе шешілген. Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасы ескірген техникалар туралы мәлімет беруден қашқақтап отыр. Одан бөлек, мемлекеттік сатып алу ісінде де сыбайлас жемқорлық меңдеп тұр.
Аграрлы өңірдің алдына қойған мақсаты – ауыл шаруашылығы саласында алға шығу. Қазір бос жатқан жерлерді игеруге күш салып жатыр. Әрине, бұл тұста шағын және орта бизнес өкілдеріне салмақтың көбірек түсетіні белгілі. Сол себепті Мемлекет басшысы Жолдауында ауыл шаруашылығы негізгі салалардың бірі болып қала беретініне тоқталып, мемлекеттік органдарға субсидия бөлуге бақылауды күшейту тапсырылған еді. Соған орай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті көптеген шикілікті байқаған. Мониторинг барысында «таңдамалы әдіс» бойынша субсидияларды төлеу фактілері, сондай-ақ өтініштерді қарау мерзімінің жаппай бұзылуы анықталды. Тіпті осындай фактілер субсидиялаудың басқа салаларында да кездеседі.