БІлімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез
АДУЫН
Қазақта адуын деген сөз бар. Бұл сөзді қызу іске кіріскен кездегі адам бойындағы шабыттың шарықтау шегіне айтылады. Адуынды адам көптің назарын аудартады. Ол энергиясын ой немесе физикалық қозғалысқа бағыттайтын жан. Адуын адам бойына анадан туғанда мінезбен келетін қасиет. Адуынды адам санасындағы эмоциялық күйді басқара алатын келешекке нық сеніммен қарайтын, ұзақты көре білетін, көкірегі ояу тұлғалар болып келеді. Ен далаға егелік еткен бабаларымыз адуыны қарқынды болған. Бабалар деп еркекке телуімде жөн болмас. Алып анадан, ат биеден туады.Ел билеген әйел патшайым, жауға төтеп берген, намысын, арын жоғары қойған аналарымызда болған. Оған мысал Томирис, Әлия, Мәншүк, Хиуаздар. Алайда менің айтпағым қазіргі ХХІ ғасыр білекті адуындардан, білімді адуындар ақпаратының салмағы алдында тәуелді болып тұр. Әр адам өз ойын жазғанда, айтқанда оның салмағы байқалады. Көп қорқытып, терең батырады дейді қазақ. Адуынға дұрыс бұрысын таразыламай көп ілесері де содан. Елімізде жаңа Қазақстанға өз үлесін қосуға талпынғандар артуы да, қоғамның оянғанын көрсетеді. Жағымды ақпараттың қозғаушы күші де осы адуынды азаматтар.Ақпарат кеңістігінде зиялы қауымның адуыны тәрбие мен білімге, ғылымға жазылса ол еліміздің дамуы үшін оң бағыт. Ал тек жеке басының мүддесін көксеп, бір біріне қолдау емес қорлау көбейсе ол адуын емес өктемдік . Адуынды балаларды көре білетін ұстаздарымыздың саны арта берсін. Жаратушы берген өмірді және қуатты толық пайдалану немесе ұқсату да батылдықты талап етеді. Ұзын арқан, кең тұсау, болбырлықпен бостық, білім, ғылымсыз сөз жарысу бұның барлығы текке уақыт жоғалту.
ҒАЛЫМЖАН Әбілқайыр