Жасөспірімдер мен балалардың интернетке тәуелділігі
Біз дамыған, жан–жақты болуды талап ететін, білім мен жаңа технологиялар заманында өмір сүріп жатырмыз. Қазіргі таңда ізденген, алға ұмтыламын деп мақсат қоя білген адамдарға барлығы қолжетімді десем артық айтпағаным.Бір жерге саяхат жасасақ билетті онлайн брондап қоя аламыз, қолымыз босамай жатса үйге онлайн тапсырыспен тамақ алдыра аламыз. Күнделікті өмірімізге «онлайн» сөзі біте қайнасып кетті. Әлемді дүр сілкіндірген вирустан қорғану үшін онлайн оқыдық, интернет арқылы байланыс жасап қашықтан жұмыс жасадық. Басында қиын болғанымен соңғы жағынан көп адам қашықтан жұмыс жасаған ыңғайлы екенін тілге тиек етті. Пандемия кезінде интернетке теген тәуелділік екі үш есе көп болды. Әр түрлі программалармен жұмыс жасау арқылы заман көшінен қалмау керек екенін түсіндік.
Орта жастағы аға буын өкілдері интернетте керек кезінде ғана отырып, пайдалы нәрсені ғана алып, сыртқы ортамен байланысын үзбейді. Ал жасөспірімдер мен балалардың интернеттен тек пайдалы мағлұмат алады деп кесіп айта алмаймыз. Ғаламтордағы мәліметтердің қырық пайызға жуығы шындыққа жанаспайды не өсіп келе жатқан баланың психикасына кері зиянын беруі мүмкін. Бала өскен сайын қоршаған ортаны танығысы келеді. Қазіргі таңда балаға бағыт–бағдар беруші ата–анасы емес, оның орнын интернет басып жатыр. Оның бірнеше себебі бар: [1]
1. Заман дамыған сайын біз де даму үстіндеміз. Ал интернет адамның досы болып алды. Жұмыста да, үйде де ғаламторда отыратын үлкендерді көрген балалар көргенін жасайды.
2. Әлеуметтік желілердің адам өміріндегі орны. Қазіргі қоғамда әлеуметтік желіге тіркелмеген адам жоқтың қасы. Ойландыратыны, адам өзінің көңіл–күйін желілер арқылы білдіретін болды. Бұл нәрсе де баламен ата–анасының арасындағы нәзік сезімді жоғалтуы мүмкін.
3. Ғаламтор екі секундта жоғыңды табатын, білмегеніңді айтатын көрінбейтін досқа айналды. Бұрын балалар ақ жаулықты әжелерінің ертегісін тыңдап өссе қазіргі балалар ғаламтордан мультфильмдер көріп өсіп жатыр. Еркін әңгіме айта алмаған бала ұялшақ, өз ойын білдіре алмайтын тұлға болып өседі деп ойлаймын.
4. Барлық жаңалықтарды бірінші болып ғаламтордан табамыз деген ой. Секунд сайын түрлі жаңалықтар шығып адамның назарын өзіне аударады. Жүз пайыз деп алатын болсақ елу пайыз жаңалық өтірік немесе қажетсіз ақпарат екенін көбі біле бермеейді. [2]
Иван Голдберг атты дәрігер өз еңбегінде Интернетті пайдалану жағымсыз стрессті немесе күйзелісті тудырады деп айтқан екен. Қазір психикалық аурумен көп адамдар ауырып жатыр деген ақпараттар көптеп тарауда. Интернеттегі керек емес ақпаратқа бас ауыртып, уайымға түсетін адам әрине күндердің бір күнінде ауруға шалдығатыны сөзсіз. Ондай адам балаларына тәрбие бере алмайтыны айтпасада түсінікті.Интернетті шамадан тыс пайдалану тұлғааралық, экономикалық немесе әлеуметтік жағдайға зиян келтіруі мүмкін деп есептеймін. Адамдармен еркін әңгіме айтпағасын адамның сөздік қоры азаяды. Телефонның ар жағында халіңді смайликпен білдіріп отырсақ бара бара сөйлеуден де қалуымыз мүмкін. Мұндай адам өзінің тұлға ретінде болмысын жоғалтуы мүмкін. [3]
Қазір жасөспірімдер арасында «кибербуллинг» деген термин бар. Яғни баланы ғаламтор арқылы қорқытып бопсалау деректерін көп естіп жүрміз. Интернеттің ар жағында қандай адам отырғанын, ол адамның не ниетпен сөйлесіп отырғандығын білу мүмкін емес. Сол үшін де әр ата–ана балаларының кіммен хат алмасып, кіммен сөйлесетінін біліп жүруі керек. Танымайтын адамға интернет арқылы сыр ақтаруға болмайтынын жасөспірім жеткіншектерге үнемі айтып отыру керек. [4]
Бүгінде интернетке тәуелділіктің салдарынан жастардың денсаулығы ғана емес, ойлау, сөйлеу, жазу мәдениеті де төмендеп барады деп қоғам белсенділері дабыл қағуда. Жастар ойларын жеткізе алмайтын дәрежеге жетті. Болашағымыз саналатын жастардың ой деңгейлерінің төмендеуі алаңдатарлық жағдай екені сөзсіз. Сол үшін де психолог мамандар жасөспірімге білім алу уақытында сабаққа бару, сабақ уақытында сабақ оқу, ойын уақытында ойнау керектігін ұдайы жеткізіп отырған жөн дейді. Бала өз уақытымен жетілуі керек. Ешқандай нәрсе әсіресе интернет баланың дамуы үшін кедергісін тигізбеуге тиіс.
Күнде жаңа технологиялар шығып, сағат сайын дамып жатқан заманда жастарға интернетті қолданба деп үзілді кесілді айта алмаймыз. Интернеттегі тәуелділіктен жаймен арылтуға болады деп ойлаймын. Ол үшін қалада жастар үшін жұмыс жасайтын түрлі спорттық үйірмелер бар. Жастардың бос уақыты аз болып, спорттық үйірмелерге жазылып, домбыра үйірмесіне қатысса интернетте отыратын уақыты аз болары сөзсіз. Сонымен қатар дойбы, тоғызқұмалақ, күрес, бокс, суда жүзу, т.б. спорт секцияларына баруға болады. Ал демалыс уақытында отбасымен бірге мәдени жерлерге барып тиімді уақыт өткізуге болады. Театрлар, көрме залдары, кинотеатрлар менсаябақтарға барып демалуларына болады. Әр бала спорт үйірмелеріне белсене қатысып салауатты өмір салтын ұстанып, білімге құштар, өнерлі тұлға болып қалыптасса керемет емес пе? Еліміздің болашағы бүгінгі жастардың қолында, сондықтан да жас ұрпақты дұрыс тәрбиелеу әрбір адамның міндеті деп есептеймін!