Домбыра-қазақтың қазынасы

Домбыра – қазақтың қазынасы

Әр ұлттың өзінің тілі, дәстүрі, салты болады. Қазақ – салтқа бай, үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарайтын халық. Ата бабамыз байырғы заманнан өзіндік ұстанатын дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын дәріптеп отырды. «Нағыз қазақ» деген сөз естігенде бірінші ойымызға домбыра түсетіні сөзсіз. Ұлттық аспабымыз ұрпақтан ұрпаққа мұра болып, дәстүрімізді айшықтап келеді. Әр қазақтың шаңырағының төрінен орын алған домбыраның халқымыз үшін орны бөлек. Тарихымыздан белгілі, атақты жыршыларымыз, салсерілеріміз ауыл мен елді мекендерді аралап өнер көрсетіп, халықтың батасын алған. Бірінші кезекте, музыкалық аспап арқылы елдің ықыласына бөленіп, сол заманнан келе жатқан қыз бен жігіт айтысы, жыраулардың баға жетпес туындылары халық арасына ауыздан-ауызға тарап бүгінгі күнге дейін жетіп отыр.

Бүгінде домбыраға деген қаракөздеріміздің қызығушылығы жоғары. Бұл біз бен сіз үшін қуантарлық жайт екені белгілі. Той мен жиынның, алқалы отырыстың сәнін келтіріп жүрген де – домбыра. Қай заманда болмасын музыкалық аспаптың танымалдылығы тоқтаған емес. Бұл дәстүрді сақтап, оны әрі қарай жалғастыру басты міндет. Осы орайда, қазіргі таңда домбыраны мектеп программасына оқытылуына қатысты әңгімелер жүруде. Бұл да болса өткенімізге көз сүзіп, алға қадам басуда маңызды фактор. Әлем халық қызықтыратын тағы бір жайт, домбыра аспабында қазақтың халық күйлерін ғана емес, батыс және шығыс классикалық шығармаларын, танымал туындыларын орындауға болады. Оған жарқын мысал ретінде, әлемге өз өнерімен танылған Димаштың шығармаларын домбырамен орындауы. Ұлттық аспабымызды әлемге танытып жатырған жас әншінің тыңдармандары домбыраның үніне ғашық болғандарын жасыра алмауда. «Ұлытау» тобының да әлемде өз орны бар. Күмбірлеген күйімен талайды таңқалдырған топтың жанкүйерлері алыс, жақын шет мемлекеттерден жетерлік.

Жыл сайын шілденің бірінші жексенбісі «Ұлттық домбыра» күні болып жарияланды. Аталған мерекелік күннің ұлттық руханиятымызға қосар үлесі салмақты болмақ. Себебі, дана халқымызбен егіз ұғым болып кеткен ұлттық аспабымызға құрметпен қарау маңызды болып табылады. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» деген сөздің өзі біраз нәрсені айтып тұрғандай. Өткен жылы бас қаламызда мың жас өспірім баланың қатысуымен үлкен домбырашылар сабағы өткен болатын. Маңыздысы сол, осы шара Гиннесс рекордтар кітабына енген болатын. Осы секілді ұлттық аспабымызды ұлықтайтын бас шаралар әлі де жалғасын табады деген ойдамын.

Домбыра қазақтың ұлттық қазынасының бірі. 2007 жылы отандық ғалымдар мемлекет пен халықтың рухани дамуына, соның ішінде қалыптасуына ықпал еткен жеті ерекше мәдени құбылысты анықтаған. Бұл тізімге ұлттық аспабымыз домбыра да енді. Домбыра сөзбен айта алмағанды сезіммен жеткізетін жалғыз аспап түрі деуге болады. «Ақсақ киік» оқиғасын тарих пен әдебиеттен білеміз. Сол секілді, Құрманғазының ішіндегі жағдайын күйге түсіріп, оны тартқан кезде халықтың да ол жайтты сөзсіз түсініп, қабылдауы ғажайып құбылыс. Қазақта ән, күй, жырлар өте көп. Айтыс десе ішкен асын жерге қоятын халықпыз. Қай заманда болсын домбыра арқылы ақындар суырып салма өнерімен халықтың мұңмұқтажын айтып, шешілмей жатқан мәселелерін көтеріп отырған. Елді мекен тұрғындары да күміс көмей, жез таңдай өнерпаздарға қолдау білдіріп, айтыскер ақындарға шапан жауып, ат мінгізіп құрмет көрсеткен. Күмбірлеген асыл қазынамыз домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт беріп отырған.

Әрбір шаңырақтың төрінде ілулі тұратын домбыра ұлттық өнерді ұлықтайды. Қашан да бабаның көзіндей, қазақтың өзіндей болған қастерлі дүниенің қадір-қасиетін құрметтей білген елміз. Ғасырлар бойы сақталған даланың рухы мен бабаның ғұрпын бүгінге жеткізген ұлттық құндылықтың тамыры тым тереңде жатыр. Біз бар кезде қасиетті домбырамыздың қадірі ешқашантүспек емес. Домбыра — қазақтың асыл қазынасы, халық аспабы!

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *