Өз шекараң-өзгенің шекарасын құрметтеуіңнің негізі
Өз шекараң-өзгенің шекарасын құрметтеуіңнің негізі. Әр адам баласы үшін өз құндылығын білу, жан-жақты даму өте маңызды рөл ойнайды. Және ең алдымен адам өз құндылығын білу үшін, өзін-өзі жақсы көріп, өзі өзін, өзгелер оны құрметтеу үшін ЖЕКЕ ШЕКАРАСЫ болу қажет. Және бүгін қозғайтын тақырыбымыз-ШЕКАРА. Жалпы біздің қазақи менталитет десем бе әлде тәрбие ме “ұят болады, бәріне көмектесу керек, өзіңдікін айтуға болмайды” т.б секілді нәрсемен кейде тым асыра сілтеп жібереді. Бәрі болуы керек бірақ өз орнымен. Адам өзінің шекарасын қойып ғана қоймай, басқа адамдарға одан өтуге мүмкіндік бермеу керек. Шекара деген не? Ол көзге көрінбейтін бірақ біз сезетін дүние. Оған тек СІЗ және сіздің қызығушылықтарыңыз, көзқарасыңыз, уақытыңыз, құндылықтарыңыз, пікіріңіз, өз жеке меншігіңіз жатады. Адамда шекара нақты болғанда өзін еркін және сенімді сезе бастайды. Неге? Себебі ең алдымен өзін тұлға ретінде сезінеді! Өзінің жеке ойы, пікірі бар және маңыздысы өзіне не керектігін біледі. Сәйкесінше ол бұзылып жатқанда адам іштей өзін нашар сезініп бастайды. Шекара қою балалық кезден бастау алады. Ата-ана өзінің шекарасын білсе, бала да соған үйренеді. Біздің өмірімізде бұл нәрсенің рөлі орасан зор. Сырттан келетін пікірлерге, ақыл мен кеңеске құлақ аса отырып ешкімнің сөзіне тәуелді болмай өзін қалағандай саналы шешім қабылдау. Өз уақытыңды сыйлау, бәріне бірдей жалпақтап “иә” дей бермей, керек кезде “жоқ” деп айта алу. Көп жағдайда басқаларға көмек беремін, адамдарға жағу керек, мен туралы жаман ойлап қалмасын деген оймен өзімізді “құрбан” етіп сыйламай, уақытымыз сәйкес келмей тұрса да басқалар үшін бәрін жасап жатамыз. Бұл жерде көмектеспеу керек деген мағына емес, ең бірінші өзіңді сыйлау керек дегенді айтқым келеді. Енді қараңыз, сіз өзіңізді ең соңғы орынға қойып бәріне үнемі көмек бересіз, ешкімге ешқашан бас тартпайсыз. Ал бір күні бас тартсаңыз адамдар сізге ренжіп, тіпті сөйлеспей кетеді. Неге? Себебі сіз ыңғайлы адамсыз. Өз уақытыңызды өзіңіз сыйламай тұрғанда кімнен қандай сыйластықты қалайсыз? Өзіңізді сыйлау тек сөзбен болмауы керек, ол жанның түбінде жатқан тылсым дүние. Ол бергі жақтан емес сонау тереңнен сезілуі керек. Шекараны барлық адамға қою керек. Ал кімге әлсіз не қатаң шекара қою – сіздің еркіңіз. Тіпті ата-анаңыз, жарыңыз да оны сыйлауы керек! Ал сыйлата алу тағы да сіздің жауапкершілікте!Өміріміздің барлық сферасында – жұмыс, қарым-қатынас, достық, туыстық қатынас т.б шекара қойылуы маңызды! Неге менің пікірімді ешкім тыңдамайды, неге мені сыйламайды, неге мені адамдар қолданады деп ренжейміз, ал мәселе адамдарда емес өзімізде. Өзіміз оған рұқсат бергенде ғана адам шектен шығады, соны ұмытпаңыз! Үнемі өзгенің пікірі мен манипуляциясына тәуелді болып “шынайы ішкі қалауыңызды” ысырып тастай бергенде “іштегі мен” қиналады.”Heге мені тыңдамайды, мен қалағанды неге жасамайды” дейді. Яғни шынайы бақытты сіз сезінбейсіз! Қайдағы бақыт егер өз қалауыңыз болмай жатса? Айтылмаған сөздер, реніш бәрі іште қала береді, түбі жақсы болмайды. Оған қоса сіз де өзгенің шекарасын аттамаңыз. Сізге қатысы жоқ істерге араласпаңыз. Жалпы өмірде өзіннің шекараңды аттатпай,өзгенің шекарасын аттамай тыныш өмір сүру керек.