Қосылған құн салығының мөлшерлемесін өсіру сөредегі тауар бағасын қымбаттады
Қосылған құн салығының мөлшерлемесін өсіру сөредегі тауар бағасын қымбаттады
Мұндай пікірді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Еркебұлан Бейімбет айтты.
Еске салсақ, жаңа Салық кодексінің жобасын әзірлеу шеңберінде Ұлттық экономика министрлігі
ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін көтеруді ұсынды.
Министрліктің сарапшылары ұсынылып отырған мөлшерлеменің ұлғаюы бюджетке қосымша
түсімдер әкеледі, сондай-ақ көрші елдерден әкелінетін тауарлармен салыстырғанда отандық
тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады деп санайды. Бұл мөлшерлеме 2025 жылдан
бастап қолданылады деп күтілуде.
Еркебұлан Бейімбеттің айтуынша, Ұлттық экономика министрлігі қосылған құн салығы
мөлшерлемесін өсіріп, оның салдарын дұрыс бағаламай отыр деп санайды.
«Бұған себеп көрші мемлекеттердегі құн салығына деген пайыздың жоғары болуы. Яғни
Беларусьте – 20%, Ресейде – 5%-дан15%-ға дейін, Еуропада 15%-дан 20%-ға дейін. Бірақ бұл шара
біздің мемлекетте қазіргі уақытта негізді емес деп санаймыз, өйткені қосылған құн салығы жанама
салық түрі болғандықтан, тікелей тұтынушлардың қалтасын қағады. Яғни 12 пайыздан 16 пайызға
дейін өсіру бұл сөредегі тауарлардың бағасын қымбаттады», – деді сарапшы.
Мөлшерлеменің артуы тауар бағасының өсуіне, инфляцияға алып келіп соғуы мүмкін, дейді
Палата өкілі.
«Бұның екінші жағы көлеңкелі экономика үлесі арта түседі, яғни көп кәсіпкер көлеңкелі
экономикаға кетіп, салдары салық өндірілуінің азаюына алып келуі мүмкін. Қазіргі уақытта Ұлттық
экономиканың министрлігінің негіздеп отырғаны бюджетті қосылған құн салығы арқылы 2,4 трлн
дейін көтеру болып тұр. Бірақ кәсіпкерлер қосылған құн салығынан қашып, көлеңкелі
экономикаға кететін болса, бұл мемлекетке түсетін салықтың азаюына алып келіп соғады», – деді
спикер.
Сарапшының айтуынша мәселенің екі жағы бар. Сондықтан көзделген өзгертуді тереңірек
саралап, зардабын немесе әкелер пайдасын егжей-тегжей зерделеу керек.
Әлия Кемелбекова