Қазіргі заманауи қазақ музыкасына көңіліңіз тола ма?
Талғат Индира
Музыка-барлық өнердің ішінде ерекше әрі таңғажайып орын алатын әлемдік өнердің бір түрі.Заманымыз жаңарған сайын мәдениетіміз дамып,түрлі бағыттағы өлеңдер,билер шығып жатыр.Бұл тұрғыда “Рок-н-ролл”,“Мелодрамалық әндер” адам жүрегінен орын алып,жараларына ем болуда десек еш қателеспейміз.Алайда,көпшілігіміз қазіргі таңда шетел әндерін тыңдап,онда не айтып жатқанын,қандай сөздермен жазылғанын,не мағына беретінін түсінбесек те,музыкасы үшін тыңдайтынымыз шындық.Міне,осы арада ғалымдар шетелдік кей музыкаларды оқырманға тыңдамауға,оның суицид жасауға әкеліп соғатынын дәлелдеп отыр.Бұл біздің қоғам үшін үлкен дерт.
Дегенмен,өткен жылдардан бастап қазақ төрінде “ремикстер” көбейді.Бұл дүние арқылы біз тек өзіміздің ұлтымызды ғана емес,өзге ұлттардың біздің әндерді тыңдауға қызығушылығын ояттық.Мәселен,кезінде ата-аналарымыз бен ата-әжелеріміз тыңдаған “Музарт”,”Дос-Мұқасан” секілді топтардың әндерін жаңаша бағытта жазғандары көңіл толтырарлықтай.
Сонымен қатар,қазіргі қазақ қоғамында шетел әндерінен гөрі қазақтың ескі әндерін тыңдағанды жақсы көретіндігіміз туралы айта кеткеніміз жөн.Жас әншілеріміз ескі әндерді өңдеп,бояу беріп,өң беріп дүниеге ерекше бір жаңа бағытта ән әкеледі.Бұл процесс тек маған ғана емес,барша тыңдарманға ұнайды деп ойлаймын.
Менің ойымша,ескі әндердің ішіндегі патриоттық әндер де қазақ жастарының санасына ерекше әсер етіп қана қоймай,олардың ішкі патриоттық сезімін оятады.Осылайша,біз бір ғана музыка арқылы тәрбие бастауын жасай алады екенбіз.Осы орайда,қазіргі тәрбиеге толы яки мелодрамалық қазақ әндеріне тик-ток желісі арқылы түрлі бейнебаян түсірген қазақ жастарымыз музыка арқылы қазақ жұртының өз мәдениеттерін,ұлттық құндылықтарын көгілдір экран арқылы насихаттап жүргенін айта өткім келеді.Алайда,кей жын-ойнақы әндердің де қоғамымызда бар екенін ұмытпағанымыз абзал.Артымыздан өсіп келе жатырған жасөспірімдеріміз осы жолда бет бұрып,адасып қалмаса екен деймін.
Қазіргі заманауи қазақ музыкасына көңілім толады.Себебі оның ішінде қазақ жазушысының сөздері мен сырлары,қазақ композиторларының әндері мен еңбектері жатыр.“Музыка адам жанын жарқындатып,жалындатуға тиіс”,-деп немістің ұлы композиторы Бетховен айтып кеткендей,шын мәнінде музыканың құдіреттілігінде шек жоқ.Оның әсерімен біз ерекше қайталанбас күйге бөленіп,әуеннің ырғағына сай ішкі ойымызды жинақтай аламыз.
Қорытындылай келе,музыканың адам баласының өмірінде елеулі рөл атқаратынын байқадық.Болашақтың тізгінін ұстар мына біздер оны өскелең ұрпағымызға көзіміздің қарашығындай сақтауға міндеттіміз.Бұл өзге елдердің әндерін қазақ қоғамы мүлде тыңдамау қажет деген сөз емес.Өзге елдің әндерін тыңдаған дұрыс,ол адамның өзіндік ой-өрісін кеңейтіп,саналы түрде ойлануына мүмкіндік береді.Алайда,өзіміздің тамыры тереңге жайылған тарихымызды,дәстүр мен ұлттық құндылығымызды ұмытпағанымыз жөн.