География сабағында интерактивті әдістер мен технологияларды пайдалану
География сабағында интерактивті әдістер мен технологияларды пайдалану
Абілхан Сандуғаш Айбатқызы
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті
Жетекші:
Исах Жұлдыз Ержігітқызы
Аннотация. Мақалада қазіргі таңдағы география пәнінің сапасын арттыру, оқушылардың жеке тұлғалық дамуын арттыру мақсатындағы мәселерді жәнеде жаратылыстану ғылымдарына деген қызығушылықты, ынтаны ояту мәселелері қарастырылады. Сонымен қатар, заман талабына сай келетін қолжетімді ақпараттармен оқушылардың назарын білімге, ғылымға салу мәселесі қарастырылады.
Түйін сөздер: АКТ, инфрақұрылым, бағдарлама, электронды кітаптар.
Қазіргі кезде білім ордасында интерактивті әдістерді пайдалану тиімді әрі танымал болып отыр. Себебі, оқушыларға да бұл әдіс ыңғайлы, әрі заман талабынан қалмай, қоғамдағы дағдыларды меңгеруіне көмектеседі. Атап айтсақ: жаңа идеялардың тууы, жаңашылдыққа ұмтылуы, өз бетінше шешім қабылдап, оны талқылай алуы. Қазіргі кезде бұл әдіс басқада Еуропа, Орта Азия елдерінің білім беру жүйелерінде де қолданыста. Мектеп қабырғасындағы білім алушылардың зейін әрекеттерін белсендіру, олардың өз беттерінше жұмыс істеуі мен шығармашылығын дамыту мәселесі ғылымның маңызды мәселенің бірі болып табылады. Жоғарғы үкімет орындары, мектептер, университеттер инфрақұрылымды құруға жәнеде оқушылар мен студенттерді қажетті технологиялармен, компьютерлермен қамтамасыз етуге біршама қаражаттар жұмсады. АКТ-ны алғашқы кезден бастап-ақ білім салаларына енгізу мұғалім мен оқушының арасындағы байланысты нығайта түсетін, әрі екеуара қарым-қатынас деңгейін көтеретін, оқушылардың белсенділігін арттыратын жүйе болып енгізілген болатын. АКТ негізгі міндеті – оқушыны заманға сай қажеттіліктерге сәйкес оны өз өмірінде қолдана алуы, яғни оқушыны ақпараттық қоғамға бейімдеу және тәрбиелеу. Қазіргі кезде АКТ құралдарымен жұмыс жасау оқушыларға ұқыптылықты, тапсырмаларды тиімді орындауды жәнеде маңызды мәселелерге назар аудару қабілетін ұлғайтып, дұрыс шешім қабылдау мен жұмысты жоспарлауға тәрбиелейді.
Қазіргі кезде көптеген жаңа технологиялармен қатар, АКТ-да география сабақтарында қолданылу үстінде. Бізді қоршап жатқан әлемді танып білу географияны оқытудың негізгі міндеті болып табылады. Әлемді танып біліп, зерттей отыра оқушылар жан жақты білім алуы тиіс, яғни ескі құндылықтармен шектелмей жаңашылдықта жүруі тиіс. Сол себепті күнделікті сабақтарда төмендегі құралдарды пайдаланғанымыз жөн:
- аудио құрылғылар;
- электронды кітаптар;
- зертханалық жұмыстар, эксперименттер;
- интерактивті тақта;
- компьютерлік бағдарламалар;
- түрлі карталар;
- сөздіктер, деректер.
Сонымен қатар ғаламтордан сабақ өткізуге байланысты түрлі сайттарды, бағдарламаларды басқада материалдарды пайдалану жақсы нәтиже береді. Мәселен, өз тәжірбиемде Шымкент қаласында орналасқан Н.Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназиясында өткізілген педагогикалық практика барысында мен 7 сынып оқушыларына Wordwall бағдарламасы арқылы сабақ өткен болатынмын. Бағдарлама түрлі ойындар мен сайыстарға толы (кездейсоқ дөңгелек, жұбын тап, анаргамма, сәйкестендіру т.б). Сабақ басталғаннан бастап сабақ аяқталғанға дейінгі тапсырмалар осы бағдарламаның аясында болды. Яғни, бірінші кезекте үй тапсырмасын сұрау және өткен сабақты қайталау мақсатында кездейсоқ дөңгелек ойыны өткізілді. Онда дөңгелекті айналдыру арқылы оқушылардың есімі шығып, сол арқылы оқушылар үй тапсырмаларына жауап беріп, өткен сабақты пысықтады. Кейін жаңа сабақты оқушылар түсіне алдыма соны білу мақсатында сәйкестендіру, жұбын тап секілді ойындар жүргіздім. Бұл материалдар оқушылардың қызығушылығын оятып, оларға мұқият тыңдауға және алынған мәліметтерді растауға мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта технологиялардың күннен күнге дамып жетілуі жастардың кедергісіз білім алып, жаңашылдыққа ұмтылуына жағдай жасауда. Мәселен, оқушылар ұстаздарының берген тапсырмаларын алдын-ала біліп оларды зерттеп, жұмыстар жүргізу арқылы өздерінің білімдерін тереңдетуде.
География пәнін барынша эксперименттермен жүргізген дұрыс. Себебі, географияда эксперимент жасау, оның жұмыс барысын қадағалау және қабілеттілікерін арттыру, зерттеу бойынша қондырғылар мен жабдықтардан сауатты болу маңызды дүниенің бірі деп есептеледі. Бірақ кейбір оқу орындарында осы зерттеу қондырғалары мен жабдықтардың жоқ болуы: білім берушілер мен білім алушыларға кедергісін келтіріп, қызығушылығын жояды. Сол себепті, болашақта геогрфия кабинеттерін толықтай керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі қажет деп ойлаймын.
Қорыта айтқанда, география сабағында интерактивті әдістер мен технологияларды пайдалану қазіргі замандағы ең өзекті мәселелердің бірі. Себебі, заман тамып жетілген сайын, адамдар сол ақпаратты игере бастаған сайын жаңа технологиялар ашылуда. Ал оны пайдалану өте тиімді, әрі ыңғайлы болып отыр. Сондықтан география сабақтарында технологиялардың маңыздылығын жоғалтпай, керісінше жетілдіруіміз қажет. Бұл оқушыға да, ұстазға да қызық әрі тиімді деп санаймын.
Пайдаланған әдебиеттер: