Жарнама және заң
Жиында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ономастикалық жұмыстар және талдау бөлімінің бастығы Алмат Пангереев жарнамаларды жасауда «Тіл туралы» заңның орындамайтынын айтты.
— Аталған заңның 21-бабында барлық көрнекі ақпараттар мемлекеттік, орыс тілінде және қажет болған жағдайда басқа тілдерде жазылады делінген. Алайда бұл тұрғыда қазақ тілінің нормаларын бұзушылық, тіпті мемлекеттік тілде мүлдем жазылмайтыны туралы деректер жиі кездеседі.
1 шілдеден бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 82-ші бабына өзгерістер енгізіліп жатыр. Бұрын басқарма тек қана бақылау жасайтын болса, енді оған шара қолдануға құқық беріліп отыр. Егер мекеме белгіленген мерзім ішінде талапты орындамайтын болса, айыппұл салынады. Қазіргі таңда анықталған 38 нысанның 14-і кемшілікті түзетті. Ал қалғандары көрсетілген мерзім ішінде ескертуден қорытынды шығаруы тиіс. Егер талапты орындамаса, істі прокуратураға жібереміз. Мәселен, өткен жылы 158 жарнама нысанындағы қателікті прокуратура арқылы түзетуге мәжбүр болдық, — дейді бөлім бастығы.
Алмат Пангереевтің айтуынша, осыдан үш жыл бұрын орталық көшелердің бірінде «Көлік жуу» деген жарнама ілулі тұрыпты. Түнде жанатын нысанның «К» әрпі істен шығып, жанбай қалған яғни, жазу түнде «өлік жуу» деп оқылған. Күндіз байқалмаса да, түнде көзге оғаш көрінетіндіктен, жарнама иесіне ескерту беріліп, қателік түзетілген. Сондықтан бөлім бастығы осындай олқылықтар қайталанбас үшін, тұрақты түрде бақылау жұмыстары жүргізіліп, алдын ала ескерту жасалатынын жеткізді. Атқарылған жұмыстың нәтижесі бар. Мәселен, Уәлиханов, Сәтпаев көшелері мен «Орталық базар» маңындағы халыққа қызмет көрсету орындары кемшіліктерді дер кезінде түзеген. Дегенмен, әлі де мемлекеттік тілге менсінбей қарайтындар бар. Мәселен, Әбілқайыр хан даңғылының бойындағы «Стамбул» кафесі мен «Дзен» сауда дүкенінің, Есет батыр көшесіндегі «Рашид» шаштаразының сыртқы жарнама көрсеткіштері тек орыс тілінде жазылса, Абай даңғылында орналасқан «Семья» медициналық орталығындағы жарнамадан грамматикалық қателер кездеседі. Бұлардың барлығына ескерту беріліпті. Жалпы, талап бойынша жарнама көрсеткіштерінде мәтін әуелі сол жағына немесе үстіне қазақ тілінде, оң жағына немесе астына орыс тілінде бірдей әріптермен жазылады.
— Жарнаманың кез келгені заңнама талаптарына сәйкестендірілуі қажет. Осы орайда басқармаға келіп мәтінін тексертіп алатын агенттіктердің қатары көбейді. Қазір қаладағы жарнама агенттіктерінің басым бөлігі басқармамен тығыз байланыс орнатты. Мәселен, жарнама агентіктері орыс тіліндегі мәтінді сөзбе сөз аударады. Жақында бір агенттік «Зима не за горами» дегенді «қыс тауларға емес» деп аударыпты. Біз бұны «қыстын қамын жазда ойла» деп жазуға кеңес бердік. Мәтін әлі ілінген жоқ. Егер, мәтін сол күйінде ілінсе, үлкен қателік болар еді, — дейді Алмат Пангереев.
Биыл алты айдағы көрсеткіш бойынша 458 жарнаманың 149-ының мәтінінде қате кездескен.