«Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандығына сұраныс артуда
«Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандығына сұраныс артуда
Музей – ел тарихы, ұлттың мәдениетінен хабар беретін тарихтың қайнар көзі. Музейде сақталған әрбір құндылықтан сол жеке мұра тарихын ғана емес, сол мұраға байланысты кезеңді, оны жасаған халықтың мәдени деңгейін, тарихын көруге болады. Музей ісі – қоғамдағы өзгерістермен, қоғам дамуымен тығыз байланыстағы ерекше сала. Музей – ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына тікелей әсер ететін ғылыми мекеме. Бүгінгі таңда «Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандығына түсушілер саны жыл сайын арта түсуде.
Қазақстанда бұл мамандық бойынша кадрларды дайындайтын жоғарғы оқу орындары саны – үшеу. Соның бірі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих археология және этнология факультетінің археология, этнология және музеология кафедрасы. Тарих археология және этнология факультеті өз тарихында көптеген білімді, бәсекеге қабілетті мамандарды дайындаған, ірге тасы ерте қаланған ардагер факульттеріміздің бірі. Қазақстандағы мұражай ісі жас мамандық болғандықтан қажырлы еңбек пен білікті мамандарға зәру. Бұл орайда, өз елінің тарихына бей-жәй қарамайтын, рухани-мәдени құндылықтарын, жәдігерлерін дәріптеуге, қорғауға талпынатын жас мамандардың күн санап артуы қуандыратын жәйт. Соңғы жылдарда Қазақстан бойынша жаңа технологиямен жабдықталған, ірі музейлер ашылып, ескілері жаңа қолайлы орындарға көшірілуде. Мұражайлар артефактілерді сақтау қоймасынан ғылыми-зерттеушілік, әлеуметтік қызмет формасын біріктіретін мәдени орталықтарға айналуда. Бұл ретте «Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандығын аяқтаған жас мамандар толқынына үлкен мүмкіндіктер есігі ашылмақ. Міне сондықтан да археология, этнология және музеология кафедрасы мәдени мұраларымызды қорғау мен сақтау, оларды қолдануға байланысты заңдық-құқықтық негіздер туралы білім бере отырып, Қазақстандағы музей ісінің білікті мамандарын даярлап шығарады. Мұнда студенттер өндірістік тәжірибелерін ҚР МОМ, Ә. Қастеев атындағы өнер музейі, Ықылас атындағы саз аспаптар музейі, «Есік» мұражай-қорығы сияқты Қазақстанның ірі музейлерінде өтеді. Ағылшын тілін жетік меңгерген студенттерге академиялық ұтқырлық және қос диплом алу бағыттары бойынша шетелде білім алуға мүмкіндік жасалған.
Тағы бір қуанарлық жағдай, аталмыш мамандық бойынша біраз уақытқа дейін бакалавриат және магистратура деңгейлері бойынша оқытылса, 2017 жылдан бастап «Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандығы бойынша кафедрада докторантура ашылды.
Осыған байланысты өркениеттіліктің мәні мәдениет пен білім берудің өзара тығыз қарым-қатынасында деп айтсақ болады. Музей бір жағынан қоғамның сұранысына қарай мәдениет пен өнерді игерудің делдалы және құралы болса, екінші жағынан ол тәжірбиелік дағдысы бар маманды даярлауды талап етеді. Осы орайда, әл-Фараби атындағы Қазақ Қлттық университетінің археология, этнология және музеология кафедрасының атқарып отырған қызметінің маңызы орасан зор.
Мақала жетекшісі: М.Қ.Егізбаева – әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық университеті, археология,
этнология және музеология кафедрасының
доценті, тарих ғылымдарының кандидаты
Баймұхамбет Арайлым Мұратқызы
Этнология және антропология мамандығының 1-курс магистранты