«Серке» газетінің тарихы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Журналистика факультеті, 1-курс студенті
Мамажанова Мадина
«Серке» газеті – тарихта, оның ішінде қазақ баспасөзі тарихында өзіңдік ерекше орын алған, ұлт мүддесі үшін күреске шыққан, аса ауқымды мәселелерді көтерген, ұлт зиялыларымыздың саналы әрекеттерінен дүниеге келген ұлттық бағыттағы саяси басылым. Жалпы бұл газет ең алғаш 1907 жылы Петербургте, қазақ оқушыларына арналып шыққан «Улфат» газетіне қосымша ретінде басылған болатын. Газет басшысы ретінде Шәймерден Қосшығұлов, ал редакторы ретінде Хажы Ибрагимов тағайындалды. “Серкені” алғаш ұлттық газет ретінде атаған М. Дулатов болатын. Ол 1923 жылы “Еңбекші Қазақ” газетінде: “Мерзімді баспасөз бізде қашан туғаны белгілі. Әр жұрттың, әр мемлекеттің мәдениет майданында ілгері-кейінгінің қатесіз бір өлшеуіші – баспасөз болады. Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, өзі де өнерлі екендігі көрінеді, яки қай жұрт өнерлі болса, оның шексіз баспасөзі күшті болатындығы айдай анық” — деп жазған.
Қазақтың тұңғыш журналы “Айқаптың” редакторы М.Сералин, журналдың 1911 жылғы шыққан 1-санының бас мақаласында: «Соңғы замандарда біздің қазақ жұртында аз – мәз тіршілік көрсетіп газет шығара беруді қолға алып қараса да не себепті іске ұқсатып шығара алмайды. 1907 жылы ІI Мемлекеттік думаның жиынымен Шәһмәрден Қосшығұлов «Серке» есімді журнал шығара бастап еді. Ұзаққа бармай, үкімет тарапынан тоқтатылды. Сол жылы Троицкіде Есмағамбет Айманбаев «Киргизская газета» есімді орысша-қазақша бір газет шығармақ болып, алғашқы нөмірді шығарды да тоқтатты…», – деген пікір қалдырады. 1907 жылы шыққан «Нәжет» (Азаттық) деген жинақта: “«Серке» атты екі жетілік газеттің… 28 мартта бірінші саны шықты. Ол «Улфат» газетінің 67 санына қосымша болып шықты”, – деген дерек бар. Кейбір деректерде «Серкенің» 3-4 саны шықты деп айтылғанымен, әртүрлі деректерді салыстыру барысында 1907 жылы 28 мартта бір саны шығып таратылып, екінші санының дайындалып, бірақ таратылып үлгермей қалғаның көрсетеді.
Негізінен бұл газеттің мақсатын, бағыт-бағдарын, жалпы «Серке» деп аталу маңызын «Серке» газетінің авторларының бірі Міржақып Дулатовтың, осы газеттің бірінші санына жариялаған «Жастарға» атты өлеңі мен екінші санына жариялаған «Біздің мақсатымыз» мақаласынан байқауға болады. «Жастарға» өлеңінің бірінші шумағында:
Найзаменен түртсе де,
Жатырсың, қазақ, оянбай.
Мұнша қалың ұйқыны,
Бердің бізге, ой, аллай-ай!
деп жазылса, соңғы шумағында:
Халыққа, жастар, басшы бол!
Қараңғыда жетектеп.
Терең судан өтер ме,
Мың қойды серке бастамай? , – делінген.
Бірінші шумақтан-ақ М. Дулатовтың өз елін саналы болуға, қалың ұйқыдан оянуға шақыруын байқаймыз. Ал кейінгі жолдарда жастардың, қой бастаған серкедей, қараңғыда жол көрсетіп, халқын соңына ертер деген үмітін және газет атауының мағынасын көреміз.
«Арғын» деп қол қойған, «Біздің мақсатымыз» деген мақаласында:
«Қазағым менің, елім менің!
Ең алдымен қазақ халқы – Россияға тәуелді халық… Оның ешқандай правасының жоқтығы ыза мен кек тудырады. Халықтан жиналатын салық қаражатының көп бөлігі халыққа тіптен де керек емес нәрселерге жұмсалады…
…Өздеріңіз көз жазбай байқап отырғандай… Чиновниктер, урядниктер кедей қазақтарды ұрып-соғып, мал-мүлкін тартып, ойына не келсе соны істеді…
Енді бұл чиновниктер қазақ даласына мыңдаған мұжықтарды жер аударып, қазақтардың даласына суы мен шұрайлы жерлерін тартып, әперуде. Чиновниктерді арқаланған олар өздеріне жайлы қазақ жерлерін еркін иемденуде. Тұтас ауыл болып келсе бұлар сорлы қазақтарды ұрып-соғып бар мал-мүлкін тартып алып кетуде…
Қазақ жеріне бұл мұжықтарды не үшін жер аударды… Әлде Россияда жер аз ба? Шұрайлы жер аз емес, бірақ бәрі байлардың, дворяндардың, помещиктердің қолында, олар өз жерлерін ешқашан тегін бермек емес, ал аштан өлуге шақ жүрген мұжықтардың оны сатып алуға шамасы жоқ. Түрлі деңгейдегі министрлер, жоғары чиновниктер мен генералдар Россияда көбейіп келе жатқан мұжықтардан құтылу үшін оларды біздің қазақтардың арасына жер аударуда…», – деп жазылған.
Осындай жұмыстарының әсерінен Петербург баспасөз істері комитеті, «Полицияға түскен мәліметтер бойынша, бұл қазақ халқын өкімет орындары мен оның өкілдеріне қарсы күреске шақыратын барлық қазақ халқына арналған үндеу сияқты», – деп, «газеттің осы нөміріне қатысты барлық адамдар жауапқа тартылсын», – деген шешім шығарады. Алайда міржақыптанушы ғалым Марат Әбсеметтің айтуынша: «Полиция қанша іздегенімен мақаланың лақап атпен жүрген авторын таба алмады. Полицияның заңсыз әрекеттері ақын жанына қатты батты»,- деген.
Нәтижесінде бұл газетті, “«Серке» газетіндегі кейбір мақаласында қазақ халқын үкіметке қарсы үгіттеу бар”, – деп, полиция келіп, қала начальнигінің «Серке», «Улфат» газеттерінің ұсталғаны туралы айтып, басқармадағы барлық даналарын жинап, жауып тастайды.
Зерттеуші Ә. Әбдіманов: “«Серке» – қазақтың биресми, саяси бағыттағы демократиялық баспасөзінің тұңғыш бастау көзі ретінде тарихтан өз орнын алуы керек”, – дегендей, бұл газет тарихтан өз орнын алғанына барлығымыз куәміз. Азғантай данасы шыққанымен, астарлы мәні бар сол кездегі қоғамға ауқымды мәселелерді қозғап, қазақ халқының рухын көтеруге, көзің ашуға, елін, жерін қорғауға итермелеген қазақтың талай ақын-жазушылары, ұлт зиялыларына тағзым ету қажетпіз…
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718