Мектеп жасына дейінгі психикалық дамуы тежелген балалардың сөйлеу тілін ойын арқылы қалыптастыру

 

Психикалық дамудың тежелуі (ПДТ) — бұл психикалық үдерістердің дамуының қарқынды артта қалуы және арнайы ұйымдастырылған оқыту мен тәрбиелеудің көмегімен еңсерілуі мүмкін балалардағы эмоционалды-ерік саласының жетілмеуі. Психикалық дамудың тежелуі моториканың, сөйлеудің, зейіннің, есте сақтаудың, ойлаудың, мінез-құлықты реттеу мен өзін-өзі реттеу деңгейінің жеткіліксіздігімен, эмоциялардың тұрақсыздығымен, мектептегі үлгерімінің нашар болуымен сипатталады. Психикалық дамуы тежелген балалардың сөйлеу іс-әрекеті дыбыстық айтылу жағының ақауымен сипатталады, мектепке дейінгі балалардың сөйлеу әрекетінің дыбыстық шынайылығына бағытталу деңгейінің төмендігі, дыбыстарды саралаудағы қиындықтар, сондай-ақ дыбысты әріпті талдауды меңгерудегі қиындықтар байқалады.

Мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу тілін ойын арқылы дамытуда логопед пен бала арасында өзара тығыз қарым қатынас қалыптасады. Біз осы ойын арқылы балаға қуаныш, сенімділік, достық қарым-қатынастарын бере аламыз.

Мектепке дейінгі жастағы ойын қызметтің жетекші түрі болып табылады. Ойында баланың психологиялық қасиеттері мен жеке ерекшеліктері қарқынды қалыптасады, одан кейін өзіндік мәнге ие болатын қызметтің басқа түрлері қалыптасады.

Ойын қызметі психикалық үдерістердің еркіндігін қалыптастыруға әсер етеді. Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту, олардың әлемді тануы, балаларды адамгершілік тәрбиелеу үшін ойынның маңызы туралы К. Крупская, В. А. Сухомлинский былай деп жазды:» Ойын — бұл үлкен рухани терезе, ол арқылы әлем туралы идеялар мен түсініктердің ағымы баланың рухани әлеміне енеді».

Ойын-баланың ақыл-ой тәрбиесінің маңызды құралы. Балабақшада және үйде алған білім ойында практикалық қолдану мен дамуды табады. Ойын барысында бала жеке тұлға ретінде қалыптасады; оның психика жақтары дамиды, кейіннен оның оқу және еңбек қызметіндегі табыстылығы, оның адамдармен қарым-қатынасы қалыптасады. Ойын барлық танымдық психикалық процестердің дамуына әсер етеді: ойлау, зейін, есте сақтау, қиял. Ойында қоғамдағы өмір сүру нормалары мен оның мінез-құлығы қалыптасады. Ойын барысында баланың ерік-жігері дамиды, өйткені бала ойын іс-әрекеті барысында ол үшін қандай да бір жаңа әрекетті меңгеріп, қиындықтарды жеңуге үйренеді.

Мектеп жасына дейінгі балалар үшін ойын ерекше мәнге ие: олар үшін ойын – оқу, олар үшін ойын – еңбек, олар үшін ойын — өмірге жан-жақты дайындалу үшін қажетті тәрбиенің маңызды түрі.

Мектепке дейінгі балалардың ойыны:

-балаларды бір-бірімен қарым-қатынас жасауға итермелейді;

-бастамашылық сөйлеуді пайдалану дағдыларын бекітуге ықпал етеді;

-сөйлеу тілін жетілдіруге ықпал етеді;

-сөздікті байытуға көмектеседі;

-тілдің грамматикалық құрылымын қалыптастыруға әсер етеді.

Ойын арқылы баланың сөздік қоры дамып, ауызша сөйлеу машығы өзгереді, таным белсенділіктері қалыптасып, ақыл – ой процесі өсіп – жетіледі, түрлі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіреді. Олармен ойынның әр түрін ұйымдастыра отырып, бір – біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, достық, жолдастық, бауырмалдық, ортаны сыйлау сезімдеріне тәрбиелеуге болады. «Адам өркениетті болуы үшін балалық шақты бастан кешуі міндетті, егер ойын мен қызыққа толы балалық шақ болмаса, ол мәңгілік жабайы болып қалар еді», — деп К. Чуковский бала денесінің дамуы мен ой – дүниесінің өркен жаюы ойынға тікелей байланысты екенін атап көрсеткен.

Сөйлеу қабілетін қалыптастырып, сөздік қорын дамыту мақсатындағы ойындар «Бұл не? Қалай аталады?» әдістемелік ойынын өткізу үшін әр түрлі суретті 25 — 30 карточка дайындап, балаға жеке — жеке көрсетіп, суреттің атауын сұрау керек. Бала ойынға белсене араласып, жарыса жауап беріп жатады, яғни баланы сөйлету, сөздік қорын дамыту. Нәтижесі картаға түсіріледі. Келесіде жоспар бойынша одан күрделірек ойын: «Сурет бойынша әңгіме құрастырайық», «Жалғастыр» ойындары ойнатылады. Әр ойын – тапсырманың нәтижесі балл түрінде картаға түсіріліп отырылады.

Сондай — ақ, кімде – кім баланың тіл қабілетін дамытқысы келсе, ең алдымен оның ой қабілетін дамытуы тиіс», — деп атап көрсеткен болатын. Осыған байланысты ойлау қабілетін арттыруға арналған «Сен білесің бе?», «Бұл қай кезде болады?», «Суреттерді аяқтайық» ойындары, зейінді қалыптастырып, дамытуға арналған «Не өзгерді?», «Түймелер», «Жұпты суреттер» ойыны, қабылдау қабілетін дамытуға арналған «Пирамидалар, жинағыштар, таяқшалар» «Кубиктер», «Таңғажайып дорба», есте сақтау қабілетін арттыруға арналған «Суреттерді есіңде сақта», «Түрлі — түсті доптар», «Көлеңке», бала қиялын дамытуға арналған «Гүл», «Алып бер», «Аяз Атаның үйі» ойындарын ойнатуға болады.

Ерекше дидактикалық сабақтар мектепке дейінгі балаларға ұнайды. Олар баладан терең білімді, күшті ақылды талап етпейді. Жұмыстың мұндай әдістеріне ұяшық бойынша графикалық диктанттар да жатады. Ол тілді дамытуға арналған жаттығулардың бірі. Бұл ойын барысында бала қағаз бетіне сызық, диагональді кескіндер  салу арқалы сурет шығады. Мұны істеу қиын емес. Тек педагогты мұқият тыңдау керек, қарындашпен солға, оңға, жоғары немесе төмен сызықтарды жүргізу керек. Моториканы дамыта отырып, бала санауды, кеңістікте бағдарлауды, өзін бағалауды және басқалардың жетістіктеріне қуануды үйренеді.

Балалардың сөйлеу тілін қалыптастыруда ұсақ моториканы дамытудың пайдасы зор. Ұсақ моториканың дамуы сөйлеудің дамуына, саусақтардың ептілігіне шешуші әсер етеді, мидың сөйлеу аймағын ынталандырады.

«Саусақ ойындары» — бұл саусақтардың көмегімен қандай да бір рифмды әңгімелер мен ертегілердің қойылымы. Көптеген ойындар екі қолдың да қатысуын талап етеді, бұл балаларға «оңға», «солға», «жоғары», «төмен» және т. б. ұғымдарға бағдарлауға мүмкіндік береді. Саусақпен ойындар жағымды эмоционалдық фон жасайды, ересектерге еліктеуді дамытады, сөйлеудің мағынасын түсінуге үйретеді, баланың сөйлеу белсенділігін арттырады. Егер бала жаттығуларды орындай отырып, қысқа өлең жолдарымен сүйемелденсе, онда оның сөзі анық, ырғақты, жарқын болады. Бала өзінің назарын шоғырландырып, оны дұрыс бөлуге үйренеді. Жады дамиды, өйткені ол қолдың белгілі бір ережелерін және қозғалыс реттілігін, есте сақтауды үйренеді.

Ойында мектепке дейінгі балалар өте дербес, өнімді және белсенді болады. Олардың танымдық іс-әрекетінің дамымауы бағдарламалық материалды меңгеруде көрінеді. Осы санаттағы балаларда бейберекет және қызметтің ұйымдастырылмаған болуы, асығыс және мінез-құлықтың теңсіздігі, сондай-ақ жауапкершілік сезімінің болмауы байқалады. Оларда эмоционалдық-еріктік саланың жетілмегендігі, ерік-жігердің әлсіздігі, жеке психикалық функциялардың жеткіліксіздігі, соның салдарынан еңбекке қабілеттіліктің төмендеуі байқалады. ПДТ бар балаларда танымдық қызығушылық жеткіліксіз болғандықтан, жады мен зейіннің бұзылуы пайда болады, сенсорлық ақпаратты қабылдау және өңдеу жылдамдығы баяулайды. Сөйлеудің бұзылуы фонетикалық-фонематикалық және лексикалық-грамматикалық жақтарын дамытуда артта қалуда байқалады. Мұндай балаларда құрдастарымен қарым-қатынас жасау қажеттілігінің төмендігі байқалады, бұл ретте олар ересектермен жемісті ынтымақтастыққа қабілетті және педагогтың көмегін оңай қабылдайды.

Баланың дамуына арналған ойын түрлері:

— қимыл-қозғалыс ойындары,

— рөлдік ойындар,

— үстел ойындары,

— дидактикалық ойындар,

Бала үшін қозғалмалы ойындардың маңызы. Қозғалмалы ойындар баланың өміріне өте ерте кіреді. Өсіп келе жатқан организм белсенді қозғалысты қажет етеді. Барлық балалар доппен, секіргішпен, ойынға бейімделе алатын кез келген заттармен ойнауды жақсы көреді. Барлық қозғалмалы ойындар баланың физикалық денсаулығын да, оның зияткерлік қабілеттерін де дамытады.

Бала үшін рөлдік ойындардың маңызы.  Рөлдік ойындар, баланы қоғамдағы өмірге дайындау үшін тамаша жаттығу залы болып табылады. Әр ойында, бала бір немесе басқа ойын қатысушыларымен бірге ойнайтынына қарамастан, ол белгілі бір рөл атқарады. Ойын барысында бала өзіне белгілі бір рөл алады және осы кейіпкерге тән әрекеттерді жүзеге асыра отырып, ойын кейіпкерінің іс-әрекетін орындайды.

Үстел ойындары балалардың ойлау дағдысын, есте сақтау дағдыларын дамытады, бөлісуге, ойнатуға үйретеді, ілтипатты, логикалық және бейнелі ойлауды дамытады, басқа ойыншылармен қарым-қатынас жасауға, ережелерге бағынуға үйретеді.

Дидактикалық ойындар-балаларды оқыту және тәрбиелеу мақсатында педагогикамен арнайы құрылған ережелермен ойындардың бір түрі. Олар балаларды оқытудың нақты міндеттерін шешуге бағытталған, бірақ сонымен бірге ойын әрекетінің тәрбиелік және дамытушылық әсері көрінеді.

Баланың сөйлеу тілін қалыптастыруда ойын өте маңызды орынға ие. Мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу тілін қалыптастыруда оқу түрін ойын арқылы өткізу балаларға өте қызықты және іш пыстырмайды. Балаға көрнекі құралдармен, суреттермен өткен сабақ әрқашан қызықты болады және баланың зейінін қалыптастырады. Ойын арқылы бала адамдармен еркін қарым-қатынас жасауды, өзіне деген сенімділігін, сөздік қорын байыта алады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Ермағамбет Ә. Психикалық дамуы тежелген балалардың психологиялық -педагогикалық сипаттамасы // Дефектология -2008. -№ 4, 3-5
  2. Кушербаев А. Психикалық дамуы тежелген балалармен жүргізілетін түзете дамыту жұмыстарының ерекшеліктері //Дефектология. 2011. №3. 17 б.
  3. Құсайынов Д. Мектеп жасындағы балалармен жүргізілетін логопедиялық сабақта қолданылатын әдістер. // Дефектология — 2009. — №2. — Б.10-13
  4. Карабанова О. А. Игра в коррекции психического развития ребенка.- М., 2007.- 216 с.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *