«Ақ әжелер» ансамбліне 20 жыл. Мәуия Бекмағанбетқызымен сұхбат.

2020 жылдың 25 қараша күні «Ақ Әжелер» Ансамблі 20 жыл мерейтойларын атап өтті. Ансамблдің негізін қалаушы Мәуия Бекмағамбетқызымен сұхбат берді.

Мәуия Бекмағанбетқызы Бекмағанбетова -ақын. Қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы. 1950 жылы Ұлытау ауданы Айыртау бөлімшесінде туған. Жезқазған медицина училищесін, Жезқазған педагогикалық институтын бітірген. Ақындар мүшайрасының жеңімпазы. «Кеңгір самалы» жыр жинағының, «Сәтбаев вальсі», «Жас қанат», «Байқоныр дауысы қалықта» патриоттық әндердің авторы. Мемлекеттік мейрамдарға арналған қалалық іс-шара қойылымдарының режиссері. Сәтбаев қаласы мәдени-ағарту училищесінде оқутушы (1976-1997), «Байқоңыр» кинотеатрының директоры (1997-2000) болды. 2000 жылы Сәтбаев қаласында Оқушылар Сарайын ашып, 2015 жылға дейін директорлық қызмет атқарды. «Қазақстан конституциясына 10 жыл» медалі және Сәтбаев қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

 

-Бүгін сіздің талмай еңбектеніп, асыл әжелерді ардақтап, мәртебелерін көтеріп жүрген «Ақ әжелер» ансамблін құрғаныңызға биыл 20 жыл толып отыр, қандай сезімдесіз? Концерт көңіліңізден шықты ма?

-Біздің қоғамымыздың баға жетпес байлықтары -біздің әжелереміз. Бұл біріншіден, сондай асыл әжелеріміздің әлі де қоғам алдында ерекше орын алып, талмай еңбектеніп, осы әжелер мектебінің ауылын суытпай жүргендерінің арқасы. Мен үшін бұл — үлкен мақтаныш, үлкен жетістік. Концертімізді абыройлы өткіздік, ал бағасын көрермен бере жатар.

— «Қоғамның баға жетпес байлықтары» дедіңіз. Осы Ансамблдің тарихына тоқтала кетсек, оны құрудағы мақсатыңыз қандай болды?

— Айта кеткенімдей, әжелердің қоғамда орны — ерекше. Көненің көзі отырған әрбір шаңырақ — берекелі, қазыналы. Отбасыда болатын алауыздықты аластап, жас келіндерді тәрбиелеп, немере-шөберелірінің ауыздарына қаймақ жалатып, құлақтарына асыл ертегілер мен мәні мен мағынасы терең, тәрбиеге толы әңгімелерді құлақтарына сіңіріп, әулеттегі әр келіннің арасындағы абысындықты тиып, қыздарымызды қылықты, ұлдарымызды салмақты қылып өсіретін әжелеріміздің еңбегін екінің бірі айта бермейді. Біз білетін Ұлы Абай данамыздың атына заты сай, дана, дар тұлға болғанына әкесі Құнанбайдан бөлек, оттың басы, ошақтың қасында жүрген шешесі Ұлжан мен әжесі Зеренің еңбегін айта кетпеу — үлкен қателік. Ардақты да, ақ жаулықты әжесінен әңгіме мен ертегіні естіп, анасының ыстық сүтін еміп, махаббатта өскен бала әженің де, ананың да, әкенің де орнын жетік біліп, елдің арқа сүйер азаматы бола алды. Сондықтан қоғамымызда Абайдай дара тұлға бола алған ұлдарымыздың, Ұлжандай дана келін, ел анасы боларлық қыздарымыздың көп болғанын қаласақ, әжелер мектебін ерекше қадірлеуіміз қажет. Ансамбілдің де мақсаты — осы.

— Өзіңіз ақын, «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарының иегері болдыңыз,»Кеңгір самалы» жыр жинағыныңызды жарияладыңыз, Сәтбаев қаласында «Оқушылар Сарайын» аштыңыз, одан бөлек осы «Ақ Әжелер» ансамблі. Өзіңіздің бес немереңіз бен шөберелеріңіз бар екен. Осыншалық қоғамда көп істің басын қайырып жүрген кісі — үйдегі жас буынға көңіл бөле ме? Сіз айтып отқандай әжелер мектебі үйде бар ма? Өзіңізді қандай әже деп көресіз?

— Адам бір істің басын бастамас бұрын, біреуге ақыл айтып, тілді бастан асырмас үшін әр нәрсені өзінен бастағаны жөн, дұрыс емес пе? Жақсы әже бола алдым ба білмеймін, бірақ көрген білгенімді, көргенімді үйреттім. Аллаға шүкір немерелерімнің ешқайсысы үшін ұялып төмен қарамадым. Әрқайсысын ерекше жақсы көремін, айтпасам да екі сөзден түсінетін ақылды, көрікті, кейбірі бір-бір үйдің асыл келіндері, шөберелерімнің анасы болып отыр. Бір- біріне бауырмал, түсініктері мол, аналырының асыл қамқоршылары болып өскені — мен үшін мақтаныш. Қазақ «Құдай, бала бер. Бала берсең, сана бер.Сана бермесең, ала бер» деп бекер айтпаған ғой. Тәрбие қанша берсең де — қыстырмайтын құлақ бар. Тәрбие мен өнеге — бөлек мағына. Әр бала көргенін істейді. Сол себепті, кітап оқы деп айтқаннан, кітапты өзің оқысаң, баланың міндетті түрде кітапқа қызығушылығы артқанын байқайсың.

— Өте тамаша! Тәрбиеге толы сұхбатыңызға, уақыт бөлгеніңізге, рақмет. Сөз соңында жастарға қандай тілек жолдайсыз?

-Қанатын кеңге жайған қазақтың болашаққа үміт артып отқан- асыл қазыналары! Армандарыңның орындалуларыңа, көздеген мақсаттарыңа, шыңға жетудегі табандылықтарын талмай жасаған еңбектеріңнің жемісін көруге, болашақта ел мақтанарлық азаматтар болуларыңа тілектеспін! Әрқашан бақтарың жанып, жолдарың кеңінее ашыла берсін!

 

 

Алматы қаласы,

«Тұран» Университеті,

Журналистика 4 курс студенті – Бектурова Фариза Сырымқызы.

Вам может также понравиться...

1 комментарий

  1. Данияр:

    Тарбиелик мани зор екен, оте кореген киси екени коринип тур!

Добавить комментарий для Данияр Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *