Оқу-ағарту министрлігінің осы аптадағы басты жаңалықтарына шолу
Асхат Аймағамбетов іссапармен Абай облысына барды. Министр «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын мектептердің құрылысына дайындық жұмыстарымен танысты. Облыста 12 мыңға жуық оқушыға есептелген 11 мектеп салу жоспарланып отыр. Оқу-ағарту министрі Приречное ауылындағы мектепке барды. Мұғалімдермен оқу бағдарламалары, бағалау және т.б. мәселелерді талқылап, оқушылармен ҰБТ-ға дайындық, мамандық таңдау, дебат қозғалысы және мектеп парламенттері тақырыптарында әңгімелесті. Семей қаласында облыс тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді. Жиынның негізгі бөлігі тұрғындардың сұрақтары мен ұсыныстарына арналды. Кездесуде мектеп психологтарының санын көбейту, мектептерде буллингтің алдын алу, мұғалімдерге әртүрлі қосымша төлемдерді төлеу, мектептен тыс уақытта балалары үшін ата-ананың жауапкершілігі және тағы да басқа мәселелер көтерілді. Оқу-ағарту министрі есеп беру кездесуінен кейін мектеп және колледж директорларымен бөлек кездесті. Жиын пікірталас форматында өтті.
Асхат Аймағамбетов Шығыс Қазақстан облысында есеп беру кездесуін өткізді. Жиында мектептегі тамақтану, лагерьлерде балалардың тегін демалу санаттарын кеңейту, балабақшалардың бірыңғай кезек базасына көшуі және т.б. тақырыптарға қатысты сұрақтар қойылды. Аймаққа сапары аясында министр «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыру жұмыстарының қалай жүріп жатқанымен танысты. ШҚО-да 2023-2025 жылдар аралығында 8400 оқушы орнына арналған 10 мектеп салу жоспарда бар. Асхат Аймағамбетов «Рахат» балабақшасында тәрбиешілермен әңгімелесіп, жұмыс мәселелерін талқылады. №11 мектеп-лицейіне соғып, оқу кабинеттерін, қауіпсіздік жүйесінің жұмысын көріп, оқушылармен әңгімелесті. Іссапар соңында Өскемен көпсалалы технологиялық колледжіне барды.
Асхат Аймағамбетов «Үздік педагог-2022» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Министр мектептер мен колледждердің үздік мұғалімдеріне ақшалай сертификаттар мен төсбелгілерді табыс етті. Биылғы байқаудың 64 жеңімпазының әрқайсысы 3 млн теңгеден сыйақы алды. Жалпы жүлде қоры – 190 млн теңгеден асады. Байқаудың барлық кезеңін цифрландырудың арқасында биыл 5,5 мыңнан астам мұғалім қатысты. Министр әріптестерін «Үздік педагог» атағымен құттықтап, өз ісіне адалдығы мен білім саласын дамытуға қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.
Елімізде алғаш рет 700-ден астам колледжде Жұмыс берушілер күні аталып өтті. Асхат Аймағамбетов Astana Polytechnic жоғары колледжіне барды. Министр студенттермен әңгімелесіп, жұмыс берушілермен кездесті. Жұмыс берушілер күніне арналған іс-шараға ірі компаниялардың, шағын және орта бизнестің 4 мыңнан астам өкілі қатысты. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары жұмыс берушілермен 600-ден астам меморандум мен 500-ден астам ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. 2,4 мыңнан астам жұмыс беруші кадрларды даярлаудағы жемісті ынтымақтастығы үшін Оқу-ағарту министрлігі мен білім басқармаларының алғыс хаттарымен марапатталды.
Оқу-ағарту министрлігінің аппарат кеңесінде білім беру ұйымдарында психологиялық қызметті дамыту мәселесі қаралды. Биыл «Білім туралы заңға» өзгерістер енгізіліп, мектептерде психологиялық қызметті үйлестіру бойынша Оқу-ағарту министрлігінің құзыреті кеңейтілді. Осының нәтижесінде тамыз айында психологиялық қызмет көрсетудің ортақ ережесі бекітілді. Асхат Аймағамбетов педагог-психологтарға арналған курстар ұйымдастырып, қолдау көрсетудің маңызына тоқталды. Сондай-ақ мектеп психологтарының жұмысын бір әдістемелік орталықтан үйлестірудің қажеттілігіне тоқталды.
Оқу-ағарту министрлігінің осы аптадағы басты жаңалықтарына қысқаша шолу
✅ Қазақстан балабақшаларында ерекше білім беруді қажет ететін 15 мыңнан астам бала оқиды.
✅ Асхат Аймағамбетов «Жайлы мектеп» пилоттық жобасын жүзеге асыру бойынша кеңес өткізді.
✅ Оңтүстік Кореядан Қазақстанға қоныс аударған оқушылардың ата-анасы елорда мектептеріндегі білім сапасы туралы пікірін айтты.
✅ Еліміздің 700-ден астам колледжінде алғаш рет жұмыс берушілер күні өтті. Іс-шараға ірі компаниялардың, шағын және орта бизнестің 4 мыңнан астам өкілі қатысты. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары жұмыс берушілермен 600-ден астам меморандум мен 500-ден астам ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Асхат Аймағамбетов Astana Polytechnic колледжінде болып, жұмыс берушілермен кездесті
✅ Шолпан Каринова Ташкентте өткен мектепке дейінгі білім беру мәселелеріне арналған дүниежүзілік конференцияда Қазақстанды таныстырды.
✅ TikTok-та қазақстандық мұғалімдердің танымдық роликтері айына 100 млн-нан аса рет қаралды.
✅ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Абай облысында 12 мыңға жуық оқушыға арналған 11 мектеп салынады – Асхат Аймағамбетов дайындық жұмыстарымен танысып, облыстағы ауыл мектебін аралады.
✅ Асхат Аймағамбетов Абай облысы тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, мектеп және колледж директорларымен кездесу өткізді.
✅ Мектептер мен колледждердің үздік 64 педагогі 190 млн теңгеден астам қаражат алды. Астанада салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
✅ 2022 жылдың басынан бері 250-ден астам қазақстандық оқушы халықаралық олимпиадаларда медаль жеңіп алды.
✅ Қазақстандық оқушылар алғаш рет робототехника бойынша дүниежүзілік олимпиадада алғаш рет 2-орын алды.