Менің оқыту философиям
Ұстаздық жол – ұлы жол. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін бұл жолды таңдау, әркімнің қолынан келе бермейді. Ұстаз болу – ұлылардың ұлы ісі. Себебі, өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін ұлы мамандық. Олай дейтінім, мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман. Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Ол нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы. Ол – өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Жас ұрпаққа тәлім тәрбие беретін мекеме, білім беру жүйесінің негізі – мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім.
Ұстаз – ұлағатты есім. Ұстаз жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы “Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз” деген екен. Ұстаз балаларды білім нәрімен сусындатып қана қоймай, заман талабына сай жас буынды тәрбилейді. Ал, оларды оқыту арнайы философиялық тәжірибені талап етеді. Мәселен, қазіргі таңда өскелең ұрпақты тәрбиелеуде цифрлық сауаттылық басшылыққа алынады. Әсіресе, жаңа білімді игертуде әдіс-тәсілдерді орынды қолданған жөн. Мәселен, мен сабақтың барынша қызықты өтуіне басты назарды қойып, мультимедиялық әдіс-тәсілді жиі қолданамын. Атап айтқанда, word wall, quizizz, canva, onlinemektep және т.б. платформаларды жатқызуға болады. Осылардың ішінде маған қатты ұнайтыны word wall платформасы. Бұл платформаның ерекшелігі оқушыға әр түрлі форматта (нақтырақ айтсақ 36) сұрақ түрлерін ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Мәселен, үй тапсырмасын сұрауда «айналмалы шеңберді» қолданған тиімді. Онда сыныптағы оқушылардың тізімін шеңберге енгізген соң, шеңберді айналдырамыз. Шеңбер айналып, тоқтаған кезде оқушы үй тапсырмасын бастап айту керек болады. Сол сияқты «шындық және өтірік «деген түрін таңдап оқушылардан жаңа сабақты бекітуге болады. Сонымен қатар, «жетіспейтін сөз» деген түрін таңдау арқылы оқушының ақыл-ойы мен білім деңгейін анықтауымызға болады. Менің оқыту философиям әрдайым жаңашылдыққа құштар, креативті ойлайтын ұрпақ тәрбиелеу.
XXI ғасыр – бұл ақпараттық қоғам дәуірі, технологиялық мәдениет дәуіріне, айналадағы дүниеге, адамның денсаулығына, кәсіби мәдениетіне, мұқият қарайтын дәуір. Бүгінгі білім мазмұны оқытушы мен оқушының арасындағы негізгі бастамалардың барлығы оқытушы арқылы жүзеге асырылады.
Оқушыға белгілі бір дәрежеде білім беру мен қатар оқуға, үйренуге деген ынтасын арттыру әр ұстаздың міндеті. Сабақ барысында шәкірттің білімге құштарлығын арттыру, еңбек етуге баулу, жалпы оқушы бойында жауапкершілік сезімін қалыптастыру оқытушыға қойылатын басты талап. Осы талапты шешуде электронды оқытудың пайдасы зор деп білемін.
Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Ұстаз болу – адамның асылдығы,-
деген Ғафу Кайырбековтың өлең жолдарымен сөзімді аяқтағым келеді.