Дәулекерей Шығайұлы

Өзбекова Жазира Расыханқызы

  Дәулеткерей Шығайұлы (1820-1887) композитор, күйші.

Дәулеткерей адамның рухани дамуына аса көңіл бөлген және бұл бағыттағы өз көзқарасын қорғаған. Ол көп саяхат жасап, өнер, рухани саладағы адамдармен кездесіп, жай халықтың тұрмысы мен өмірін зерттеген.

 

Композитор өміріндегі аса елеулі оқиғаның бірі — ұлы күйші Құрманғазымен кездесуі. Дәулеткерей творчествосына Құрманғазыдан басқа Соқыр Есжан, Байжұма, Мүсірәлі сияқты күйшілердің ықпалы болған. Осындай ұлы адамдар арасында оның азаматтық көзқарасы қалыптасып, шығармашылығы дамыды. Дәулеткерей шығармалары алдыңғы қатарлы қоғамдық көзқарастарды, өмір философиясын, уақыт лирикасын, халық тарихын көрсетеді.

 

Дәулеткерей Шығайұлы 1820 жылдар шамасында қазіргі Орал облысының Орда ауданында ауқатты отбасында дүниеге келген. Әкесі Шығай да, Бөкей ордасының ханы Жәңгір де оны бала жасынан ел билеуге, төрелік салтанат құруға тәрбиелеген. Алғашқы уакытта ол сол елдегі жеке-жеке руларды басқарып көреді. Бірақ билікте жүрген адамның амалсыздан қатігез болатынын ол нәзік жүрегімен ерте түсінеді. Туысы Жәңгір ханның қарапайым қазақтардың жерін тартып алып, шұрайлы, өзен-сулы жайылымдарды, қыстауларды кең даламызға бойлай еніп келе жатқан орыс отаршылдарына беруі Дәулеткерейдің де ызасын келтірген. Тікелей қатыспаса да XIX гасырдың орта тұсындағы Исатай, Махамбет көтерілісіне тілектес болған деген дерек те бар. Мұны оның «Жігер» атты күйінен байқауға болады.

Атақты музыка зерттеушісі, академик Ахмет Жұбановтың айтуына қарағанда, Дәулеткерейдің туған жиені, Кеңес өкіметінің тұсында өмір сүрген Науша Бөкейханов күйшінің елу шақты күйін тартады екен. Даңқты сазгер туралы, құнды деректер берген де сол кісі көрінеді. Дәулеткерей бала кезінде молдадан оқып, мұсылманша хат таныған. Ресейде білім алып, кейін генерал дәрежесіне дейін жеткен хан Жәңгір Ордада балалардың орысша білім алуына да жағдай туғызыпты. Дәулеткерей орысша үйреніп, оқи да, жаза да алатын болған. Кішкентайынан-ақ оқымысты бала атанған. Домбыраны тамаша орындаушы Мүсірәлі деген күйшіден шеберлікті үйренген. Оның үстіне сұлтандардың қысқы мекеніне айналған Ордаға қырқыншы жылдардың бас кезінде Саратовтан драма және эстрада артистері шақырылады екен. Дәулеткерей орыс және Еуропа музыкасымен жастайынан танысқан деген жорамал бар. Ол орыстың балалайкасында шебер ойнапты. Сондай-ақ гитара мен мандолинаны да тарта білген.

 

1854 жылы француз саяхатшысы Паули сызған суреттің нобайымен Чередеев салған акварельде күй тартып отырған Дәулеткерей, одан басқа да аспаптарда орындаушылар бейнеленген. Ең қызығы — ортада билеп жүрген еркек бейнесі бар.

 

1855 жылы Екінші Александр патшаның таққа отырып, тәж кию салтанатына қатысқан өкілдердің ішінде Дәулеткерей де бар еді. Оны делегация құрамына кіргізудегі мақсат — бірте-бірте ел басқару тәртібін үйрене берсін дегендік еді. Бірақ ол патша отарлаушыларының сарайымен емес, озық ойлы Ресеймен, Пушкин елімен танысуға келген-ді. Ол осы сапардан көрмегенін көріп, естімегенін өз құлағымен естіп қайтады. Еуропа сазгерлерінің оркестр ойнаған шығармаларын тыңдайды. Өзі өлең жазбаса да поэзияны жүрегімен түсінетін күйші екі жылдан кейін Пушкинге, акынның өзі оқыған лицей жанынан ескерткіш қоюға Бөкей ордасынан қаржы жиналған кезде, бірінші болып өз үлесін қосқан. Дәулеткерей 1861 жылы Қызылқұрт елінің билеушісі боп тағайындалған соң, бір жылдан кейін күй атасы Құрманғазымен кездескен. «Дәулеткерейдің Құрманғазымен әңгімелесіп, халық дәстүрі үлгісіндегі басқа да домбырашыларды көріп тануы, оның музыкалық творчествосына қатты әсер етеді», — деп жазады академик Ахмет Жұбанов. Құрманғазы және оның шәкірттерінің ең үздік музыкалық шығармалары дауылдатқан екпінімен, тастай тегеуірінділігімен, өршіл батылдығы, кең тыныстылығымен ерекшеленеді.

 

Дәулеткерейдің халық тағдырын, елдің еркіндікке ұмтылу сезімін бейнелеген «Топан», «Жігер» атты күйлері тегеурінділігімен қоса тақсірет көрген ержүрек адамның салмақты, салиқалы тебіреніс-толғанысын бейнелейді. «Жігер» туралы Затаевич былай деп жазған: «Бұл күй — дыбыстық мүмкіндігі аз домбыраның тар көмейіне сыймай, тасып жатқан терең де мол, көтеріңкі лептегі мән-маңызы зор шығарма». Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қайтыс болған Дәулеткерей, ұзақ уақыт өмір сүрмесе де артына өлмес, өшпес мұра қалдырып кеткен ұлы күйшілердің бірі.

Қазақтың əйгілі күйші-сазгері Дәулеткерей Шығайұлы домбыра күйлеріндегі лирикалық бағыттың негізін салушы. Төменде күйшінің күйлері және олардың шығу тарихы жайлы мәліметтер оқи аласыздар:

   “Бұлбұл” – Дəулеткерейдің үздік күйлерінің бірі. Дəулеткерей шыншыл суреткер ретінде құстың дауысын домбыраға құр қайталап түсірмей, сайраған бұлбұл тақырыбын поэтикалық түрде халық өмірімен тығыз байланыстыра жырлаған. Бұл күйдегі қиялды қозғайтын “азаттық жыры” секілді астарлы ой адамды қанаттандырады. Белгілі музыка зерттеушісі А. Затаевич “Бұлбұл” күйі жөнінде: “Болашақ қазақтан шығатын Римский – Корсаковтарды күтіп тұрған Шехерезаданың тақырыбы осы күйде жатыр” деп жазып кеткен.

  “ Ващенко” – Дəулеткерейдің бұл күйі уақытша кеңестің төрағасы Г. В. Ващенкоға арналған. Ол Шығаевтар жанұясына көптеген жақсылықтар жасаумен қатар, Дəулеткерейдің сол кездегі көзі ашық прогрессшіл адамдармен игі ниетте қарым-қатынас жасауына септігін тигізген.

“Желдірме” – Дəулеткерейдің желдірме күйі аттың желісін суреттейді. Күйдің орындалу шеберлігі Дəуеткерейдің басқа күйлерінен ерекше, шəкірттерінің айтуына қарағанда, күйші күн батып, кешкі салқын түсісімен қос дөңгелекті арбаға атын жегіп серуенге шыққанды жақсы көреді екен.

“Жұмабике” – Дəулеткерей бұл күйді масқар руынан Жұмабике деген қызға арнаған екен, қыздың асқан əншілігі, ақындық өнері де бар екен. Малға сатылып, сүймеген адамға кетіп бара жатқанын Уақытша Кеңес төрағасының алдына кіріп өлеңге қосып, мұңын шаққан еді, дейді. Сонда қыздың дауысының да, əні мен сөзінің кереметтігі сонша, отырғандар қыз өнеріне риза болып, Уақытша Кеңес Жұмабикенің тілегі бойынша өзі қаламаған күйеуінің құрығынан құтқарады. Дəулеткерей күйін “Жұмабике” деген атпен халыққа таныстырады.

 

Көркем-ханым”, “Қаражан-ханым” – Дəулеткерейдің жұбайлары Саржан мен Зифаға арналған деседі. Күйші туындыларын бұлайша атауы жұбайларының қараторылығын, көркемдігін суреттеуінен болуы керек. Күйлер лирика түріндегі арнау.

“Көрғұлы” – Дəулеткерейдің бұл күйі түрікпен тақырыбындағы парафраз. Аулы аралас, қойы қоралас болып көрші отырған халықтардың бір-біріне тигізетін өзара əсері ақиқат. Батыс Қазақстан күйлерінің дутарға арналған түркмен күйлеріне мүлде ұқсамайтын өз ерекшеліктері бар. Дəулеткерейдің түркмен тақырыбына арналған “Қөрғұлы”, “Түркмен” күйлері П. Чайковскийдің итальян тақырыбына жазылған “Франческа жəне Риминиі” мен М. Глинканың испан тақырыбындағы “Арагон əуені” тəріздес деуге болады.

“Қоңыр” – бұл көңіл күйі. Арындап алысқа кетпей, адамның ішіндегі бір сырдың, ойдың сыртқа шыққан бейнесі сияқты. Музыкасында жарқын лирика бар. Дəулеткерей əсем лириканың шебері. “Қоңыр” – қазақ тілінде жуастықтың, тыныштықтың, біркелкіліктің түйіні. Қазақта “Жайма қоңыр”, “Майда қоңыр”, “Жай қоңыр”, “Əсем қоңыр”, “Кəрі қоңыр” деген əн-күй аттары кездесе береді. Осылардың бəрінің музыкасында сол “қоңырлық” құлаққа бірден естіліп тұрады.

   “Қосалқа” – Дəулеткерей күйі. Бұл күй су əкеле жатқан қос алқалы қыздың əсем жүрісі мен сырғасының сыңғырын суреттейді. Ескі салт бойынша ата-ана қызын үйден шығармайтын болған, қыздар құрбыларымен жолығу үшін құдық басына келеді екен. Ат суара келген жігітке де қызбен бір ауыз сөйлесуіне жағдай туатын. Дəулеткерейдің “Қосалқа” күйінде қыздың нəзіктілігін, биязы мінезін, əдептілігін музыка тілімен шебер бейнелей білген.

 

 

 

 

 

 

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.