Жыраулар толғауларының көркемдік ерекшеліктерін талдау және топтастыру

Жыраулар толғауларының көркемдік ерекшелігін талдау және топтастыру

Жыраулар халық поэзиясының эстетикалық жүйесі мен көркемдік тәжірибесін қайталамай, оның сөздік, образдық, бейнелеу құралдарына, өлшем-өрнектеріне сүйене отырып, өздік қолтаңбасын туғызған деп айта аламыз. Серік Негимов: «Поэзия тілі – образды, бейнелі, мәнерлі, нұрдай таза, мөлдір тіл» [1, 6]. – дейді. Расында да поэзия тілі әрдайым дамып отырады, тақырып жағынан, көркемдегіш құралдарды тиімді қолдану жағынан, түрлі ұйқастардың құрылуын да айтуға болады, сонымен қоса эстетикалық жүйесі жағынан.
Ақын жыраулар өмір құбылысын суреттеуде бейнелі де бедерлі, құнарлы да қуатты, мағыналы да мәнді, отты да ойлы сөздерді мол қолданған. Жыраулар мұрасынан ажарлап, яки құбылтып, құлпыртып қолданған көркемдегіш тәсілдерді көптеп кездестіреміз. Солардың бірі – ауыстыру (метафора) мағынасында ұшырасады.
Әдетте, асыл тастарды әшекейлеп тағу кейбір наным-сенімге негізделгенімен, келе-келе, жыраулар көркемдік мақсаттарға пайдаланған деген пікірлер бар. Оған мынадай жолдар себеп бола алады:
«Сөйлесе қызыл тілдің шешені,
Ұстаса қашағанның ұзын құрығы,
Қалайылаған қасты орданың сырығы» [2, 75].
(Қазтуған)

«Күмістей екі қолтық жоқ болса,
Сыпайышылық өмір сүрмен-ді…

Алтынды кесе сары бал.
Алсам мен саған ұсынармын…

Соқса бір жілік сындырған,
Көк қоянның қос құлағын тұндырған.
Тегеурінді болат темірдің
Тегеуріні – өзіңсің» [2, 67]!
(Шалкиіз)
«Алмасын арнап суарып,
Ақ сауыт соқса зергерім» [2, 79].
(Ақтамберді)
Үмбетей жырау ел қамын жеген Ер Бөгембай өліміне шығарған жоқтауында ой-сезімдерін беру үшін, заттық дүниеге сүйенген:
«Болмашыдай анадан
Болат тудың, Бөгембай!
Темір жұмсап, оқ атқан,
Қорғасындай Бөгембай» [2, 86]!
Асыл тастарға негізделген құбылтудың бір түрі ауыстыру тек осы заманда ғана пайда болды деп те айта алмаймыз. Сонау қазақ эпостарынан басталған бұл ауыстыру, яғни метафора жыраулар поэзиясында осылай жалғасын тапты деп айта аламыз. Сөз шеберлері батырға дарыған ерлікті, қайтпас жігерді, болаттай төзімді, әсемдік пен үйлесімділікті жырлауда асыл тастарды кәдесіне жарата алды деп айта аламыз. Мысалы: қалайы, мыс, қола, ақық, ақ жамбы, жақұт, т.б. түрлі асыл тастарды қолдану да кездеседі.
«Ауыстырудың екі түрлі қызметі бар: ол, бір жағынан, көркем сөз аударудың амалы болса, екінші жағынан, белгісіз заттар мен құбылыстардың атауларының орнына жүреді» [1, 20].
Ауыстыру дүниесі дегеніміз – суретті, бейнелі, көркем ойлау дүниесі. Демек, ауыстыру – сөз өнерпазының көркемдік ойлау дәрежесін, кең құлашын анықтайды.
Ауыстыру әр түрлі заттар мен құбылыстарды бір-бірімен түсіндіруде шексіз мүмкіндіктерге ие болып, шын мәнісінде, белгілі бір құбылысты жаңаша сипаттап, оның ішкі табиғатын жарқырата көрсетуге мейлінше қабілетті.
«Ауыстыру тәсілінің бойында сан алуан қасиеттер бар. Олар: өрнектілік, экспресивтілік, түсіндірмелік, болжағыштық, танымдық, репрезентативтік» [1, 26].
Ақтамберді жыраудың мына бір тармақтары:
«Сыртым құрыш, жүзім болат,
Тасқа да салсаң майрылман!» [2, 72]. – өз бейнесі мен батырлығын ашуда сәтті пайдаланылған метафора. Жырау «құрыш, болат» деген тас атауларын көркемдік тәсіл ретінде пайдаланып оқырман назарына ұсынып отыр.
Қазтуған жыраудың шоқтығы биік шығармасында да, өз бейнесін ашу үшін жан-жануарды қолданып метафоралар жасағанын мына тұстардан көре аламыз:
«Айдаса қойдың көсемі,
Сөйлесе қызыл тілдің шешені…
…Буыршынның бұта шайнар азуы,
Бидайықтың көл жайқаған жалғызы» [2, 75].
Түсінік бере кетсек, буыршын – еркек түйенің жасы, жас бура. Оның мұқалмаған тісі бұта шайнауға қаншалықты жарамды болса, сипатталып отырған тұлғаның да неге салсаң тартынбайтын дер шағынан көрініс береді дегені.
Ал, бидайық дегеніміз – торғай, үйрек сияқты көл құстарына түсетін жыртқыш құс. Толғауда «бидайықтың көл жайқаған жалғызы» деп беріледі. Жыртқыш құстардың екі балапанының ең мықтысы ғана аман қалатыны белгіл, өз ұяласының әлсізін жойып, ата-анасы тасыған жемді үлессіз жеп жетілетіні бізге мәлім. Ендеше, «жалғызы» қолданысы да белгілі бір семантикаға берілген. Яғни, өз әулетінің, елінің бетке ұтары, данышпаны деп түсінсек артық емес. Ал, «көл жайқаған» тіркесі, көбінесе, «шайқаған» , яғни, қозғаған мағынасымен алмастырылып та ұғынылуы мүмкін. Бұл екі сөз екі мағынада қолданылады. «Көл жайқау» көлді аласапыран, астан-кестен ету, бұл әрекет құс қимылын, әрекеті мен мінезін білдіреді, сол арқылы сипатталып отырған тұлға Қазтуғанның бір қырын танытады.
Бұл жырда өзгерістер орын алған десек те болады. Әр нұсқада әр түрлі сақталған. Бұл туралы қазақ әдеби тілінің тарихын зерттеуші ғалым Р.Сыздық: «Талданып отырған кезеңдердегі ауызша сақталған әдеби мұралардың тілін зерттеуде қиындық тудыратын, кейде, тіпті зерттеушіні немесе жалпы оқырмандарды шатастыратын келеңсіздік бар. Ол – жеке сөздердің қате берілуі. Бұл мұралардың қай кітапта, қай журналда, қай жылда басылғанын алсаңыз да, бәрінен де қателерді, әсіресе, бейтаныс сөздердің жазылуындағы ала-құлалықты кездестіреміз. Ала-құлалықтың бірқатары араб жазуымен жеткен кітаптар мен қолжазбалардағы сөздердің қазіргі жазумен көшіргенде, контекске қарай түзеліп жазуға байланысты алшақтықтар. Мысалы, алдыңғы басылымдарда Асан қайғының «Шабылып жатқан халқың бар, Аймағын көздеп көрмейсің» деген жолдардағы «шабылып жатқан» тіркесі соңғы басылымдарда «жайылып жатқан» деп өзгертілген. Сол сияқты Қазтуғанның бұрын «Билер отты, би соңы» деген тармағын «Билер өтті, би соңы» деп дұрыс оқығандықтан, екі басылымда екі түрлілік бар» [4, 7]. – деп жыраулар поэзиясындағы ауысып қолданылып жүрген сөздерді саралайды.
Тілдік талдауда кездесетін қателіктерге қарамастан, ары қарай талдауымызды жалғастырайық.
Тәтіқараның:
«Қамыстың басы майда, түбі сайда,
Жәнібек Шақшақұлы болат найза» [2, 68]. – деген жолдарынан метафоралық ауыстыру көреміз. Яғни, Жәнібек батыр бейнесін ашуда қару-жарақ атын пайдаланып отыр. Бұл жердегі ауыстыру – болат найза.
Онымен қоса, метафоралау мына тұста да көрініс беріп тұр. Бірақ бұл жерде тұрмыста қолданылытын затпен алмастыру жүзеге асып отыр.
«Сөйлесе қызыл тілдің шешені,
Ұстаса қашағанның ұзын құрығы,
Қалайылаған қасты орданың сырығы» [2, 75]. – деген тармақтарды талдап қарайық.
«Қашағанның ұзын құрығы» деген қолданысқа қарап қашаған жылқыны ұстайтын ұзын құрық екенін ескерсек, сол қашаған құрыққа балап тұрған тұлғаның «қашағанды», яғни, ел ішіндегі бас бұзарларды немесе жауды тырп еткізбес екенін тану қиын емес.
«Қалайылаған қасты орданың сырығы» деген ұғымнан орданың қандай екенін танытатын маңдайына қағылған белгі сияқты елдің бет-бейнесін танытарлық бір қыры, елге тіреу, таяныш болар тұлғалық сыны ашылады.
Және де ерлік образды ашуға мүмкіндік берген ауыстырудың бір жолы – өзін өсімдік немесе ағашқа теңеу. Мысалы:
«Торлаусыз өскен құланмын,
Мезгілсіз жусап өрермін,
Байраққа біткен құрақпын,
Саусағым жерге түсірмен,
Жапанға біткен терекпін,
Еңсемнен жел соқса да теңселмен,
Қарағайға қарсы біткен бұтақпын
Балталасаң да айрылман» [2, 79]. – деген жолдарды қарастыруға болады.
Академик Қ. Жұмалиев «Абай поэзиясының тілі» деп аталатын еңбегінде құбылысы жағынан алғанда Абайға дейінгі қазақ поэзиясында метафораның бес түрі болғандығын жазған [5, 192]. Жыраулар әдебиетінен Қ. Жұмалиев айтқан бес түрлі жолмен жасалатын метафораны кездестіре аламыз. Мысалы:
«Иман – қой, ақыл – қойшы, нәсіп бөрі…» [3, 192].

«Ашу – пышақ болғанда, ақыл – таяқ…» [3, 193].
(Шал ақын)
Бұл келтірілген мысалдардың қай-қайсысы да бір нәрсені екінші нәрсеге балау арқылы жасалынған метафораның жалғау, жұрнақсыз жай түрі. Тек жай ғана балау, ұқсас, мәндес құбылысқа қарапайым ғана ұқсату емес, бұл мысалдарда суреттеліп отырған обьектіге ерекше ажар, өзгеше өң беріп, мазмұнын тереңдетіп, мәнін үстей түсу бар.
Жыраулар мұрасында Қ. Жұмалиев айтқандай -мын, -бын, -пын, -сын жіктік жалғаулары, не -м, -ң, -ы (сы) тәуелдік жалғауларының көмегімен жасалған метафоралар да кездеседі:
«Торлаусыз өскен құланмын,
Мезгілсіз жусап өрермін.
Байраққа біткен құрақпын,
Саусағым жерге түсірмен.
Жапанға біткен терекпін,
Еңсемнен жел соқса да теңселмен.
Ой, мен қарағайға қарсы біткен бұтақпын,
Балталаса да айрылман» [3, 193].
(Ақтамберді)
«Соқса бір жілік сындырған,
Көк қоянның қос құлағын тұндырған,
Көгілдірдің жез қанатын сындырған.
Тегеурінді болат темірдің
Тегеуріні өзіңсің!
Айдынды көлге қал шауып,
Тоғысын соғып ұшырған,
Қу сұлтаны саһарсың!
Саһарында сайлап қаусырған,
Боз сұңқарым өзіңсің» [3, 194].
(Шәлгез)
«Сен бұзау терісі шөншіксің,
Мен өгіз терісі талыспын» [3, 194].
(Бұқар)
Ақтамберді мен Шәлгез өздерінің жыраулық өр рухын танытып, Шәлгез Би Темірді әсірелей суреттейтін бұл мысалдардан да бірқатар сыр аңғаруға болады. Жауынгер жырау Ақтамберді шалбар шабытпен тебірене толғайтын пафосымен халқына хан-кәкімнен де биік мерей, бұла күшін аңғартар тұста өзін жалына қол тигізбес ту асау, табиғи сұлулық белгісіндей дархан өскен дала құланына ғана емес, мейлінше еңсесі биік құраққа, дауыл мен дүлейге теңселмес жапанға біткен жасыл терекке, яки балталаса да болмайтын қарағайдың қарсы біткен берік бұтағына құбылта, дамыта балап, көз алдымызға көптеген суреттер әкеледі. Сөйтіп, танымды тереңдетіп, әрлі әсерге бөлейді.
Ал Шәлгез суреттеуіндегі Би Темір – тегеурінді болат темірдің тегеуріні, қу сұлтаны саһар, сол саһардың өзін қаусырған боз сұңқар. Жырау құбылтуларының әсерлілігі мен ажарлы айқындығы сол қатігез де қайсар Темір би қарсы алдыңызға келіп тұра қалғандай елестейді.
XV-XVIII ғасырларда ақын, жыраулар мұрасында әсіресе едім, едің, еді, екен, ем, ең сияқты көмекші етістіктердің көмегімен жасалған метефораның түрі көбірек:
«Атығай, Қарауылдың кені едім,
Асқар таумен тең едім.
Жүйкемді құрттың сен, тоқал,
Қара жермен тең едім» [3, 195].
(Шал ақын)

Қартайған шағында отбасындағы ояз күйіне назаланып, ызамен айтқан бұл жолдарында Шал ақын қадір-халін – қара жерге, өткенін – асқар тауға, өзін – халықтың кен-қазынасына балаған.
Ал Бұқар жырау Абылайды бірде су бетінде сығылып аққан сеңге, бірде алтынды тонның жеңіне әсірелей балап, қазақ ұғымына ежелден таныс, затты суреттер арқылы елестетеді. Жырау ол тебіренісін өзге біреуге емес, Абылайдың өзіне баян етеді. Бұл ретте Бұқар жырларындағы ауыстырулар яғни метафора «едің» көмекші етістігі көмегімен жасалады.
«Отыз бес жасқа келгенде,
Қара судың бетінде,
Сығылып аққан сең едің!
Қырық жасқа келгенде,
Алтынды тонның жеңі едің» [3, 197]!
(Бұқар жырау)
«Едім» көмекші етістігі көмегімен жасалатын ауыстырулар ақын, жыраулардың өз аттарынан айтылатын толғау, теңеулерде, лирикалық батыр атынан берілетін монологтерде, «едің» көмекші етістігі көмегімен жасалатын ауыстырулар, әсіресе, арнау өлеңдерде көбірек ұшырасады.
«Ойыл көздің жасы еді» [2, 31].
(Асан қайғы)
«Құладын құстың қоры еді,
Аққу құс ару төре еді» [2, 34].
(Асан қайғы)
Алғашқы тармақтан екі түрлі сыр аңғаруға болар еді. Асан жырау Ойылдың сыртқы қалпын ғана мөлдіреген көз жасы деп суреттеуі мүмкін.
Яки «қызғыштай болған есіл ер» дегендей, туған даланың тұтамдай жеріне де селқос қарай алмайтын жырау жүрегінің мөлдір махаббаты – лап еткен жалыны. Себебі: балығы тулап, құсы қиқулап, төрт түлігі жамырап, ызу-шу болған құтты мекен, құнарлы қоныс үшін талай найзалар шарт сынып, талай тағдырлар үзілгені белгілі. Бұл жер үшін бабалар қаны, аналарымыздың көз жасы тамған десек қателеспейміз. Қалай суреттесе де жеті қат жүрек түбінен шымырлап шығар осы бір идеяны Асан Ойылды көз жасына балау арқылы бір ауыз сөзбен бірегей жеткізген, бірден сезімге селт еткізер әдемі сурет жасаған. Ал, екінші мысалда жырау құладын мен аққуды салыстыра шендестіру арқылы аққуды – төреге, құланды – құстың қорына балап барып, таным-түсінікті тереңдете түседі.
Енді мына шумаққа назар аударайық:
«Тоқал торы ат жайлаған,
Тобығына тондық ала байлаған,
Хандар шыққан төбе-ді,
Қабырғадан бүтін шыққан сүбе-ді,
Аударылмас қара кеме-ді,
Қандауызға сырлап салған жебе-ді,
Хан ұлы төре-ді,
Би ұлы шорадай,
Қан жұқпас қайғы қара болат өтпеген,
Бұ жиынның ішінде,
Ер Жақсымбет аға бар» [3, 199].
(Ер Шобан)
Ер Шобан жырынан келтірілген бұл үзіндідегі ауыстырулардың да жасалуы жағынан алғашқы мысалдардан өзгешелігі шамалы. Айырмалы мұнда «еді» көмекші етістігі «ді» түрінде ғана келеді (төбе-ді, сүбе-ді, т.б.). Бұл – жырдағы көнекілік сипаты. Әйтсе де, Жақсымбет батырдың ерлігі мен азаматтық келбетін келтіріре суреттеп, тыңдаушы әсерін тереңдете түсу үшін оны хандар шыққан төбе еді, қабырғадан бүтін шыққан сүбе еді, аударылмас қара кеме еді, қандауызға сырлап салған жебе еді, хан ұлы төре еді дегенін аңғаруға болады.
«Едім», «едің», «еді» көмекші етістіктері көмегімен жасалған ауыстыру түрлерін талдаған тұста айта кетер жәйт, ақын, жыраулар мұрасында «мен едім», «сен едің», «ол еді» дегендей балап отырған, яки балайтын нәрселері түгел келе бермейді, «едім», «едің», «еді» көмекші етістіктеріне қарап, «мен», «сен», «ол» сөздерінің айтылмағанын шамалаймыз, тіпті ол сөздерді керек те етпейміз, академик Қ. Жұмалиев сөзімен айтқанда: «оларды сөйлемнің мағынасына қарай ұғынуға болады» [5, 219].
Ақын, жыраулардың терме, толғауларында «екен» көмекші етістігі көмегімен жасалған ауыстырулар да мол ұшырасады:
«Жетпіс деген жел екен,
Шала ауырып пір екен…
…………………………..
Сексен деген сор екен,
Шындап ұрған пері екен» [5, 219].
Академик Қ. Жұмалиевтің «бейне», «бейне бір (тең)» сөздері арқылы жасалған ауыстырулар тек ауыз әдебиетінде ғана емес, тарихи әдебиетте де жиі кездестіреміз» [30, 219],- дегеніндей, метафоралардың «тең» сөзі көмегімен жасалуы XV-XVIII ғасырларда ақын, жыраулардың көркемдік тәсілдерінің бірі ретінде танылады:
«Үйіңдегі ұлың жаман болса,
Есіктегі құлмен тең.
Қойныңдағы қатының жаман болса,
Қаңтардағы мұзбен тең.
Кей сорлының қатыны
Күндіз ауру, түнде сау,
Арқаңа артқан тұзбен тең» [2, 67].
(Үмбетей)
Салыстыра суреттеп, мінез-құлқына, кісілік қасиетіне орай нақты адамға, не затқа балау арқылы ұғымды молайтып, әсерлі күшейтуде метафоралардың «тең» сөзі көмегімен жасалуы – толғау, термелердің дидактикалық-философиялық мазмұнын еркін, жеңіл жеткізерлік ұтымды тәсіл.
«Тең» сөзі ауыстыру жасалғанда әр кез сөйлем соңында келе бермейді, поэзиясының инверсиялық тәсіліне тән ілгері-кейінгі орын ауыстырып кездесе беруі де мүмкін. Мысалы:
«Атығай, Қарауылдың кені едім,
Асқар таумен тең едім» [2, 91].
(Шал ақын)
Шал ақын бұл үзіндінің алғашқы тармағында Атығай, Қарауылдың кені едім десе, екінші тармаққа асқар тау едім дейді. Алғашқы тармақтан бір ғана айырмасы – таудың жалғаумен және де «тау» мен «едім» арасында «тең» сөзінің қыстырылып келуі. Академик Қ. Жұмалиев дәл ос тектес мысалы «тең» сөзі арқылы жасалатын ауыстыру түрі ретінде қарастырған. Демек, Қ. Жұмалиев мысалы да, біз келтірілген тармақ та «тең» сөзі мен «едім», «едің» көмекші етістіктердің тіркесе келуі арқылы жасалған ауыстырулар. XV-XVІІІ ғасырлардағы ақын, жыраулар мұрасындағы ауыстыру түрлерін тап басып, айқын тану үшін әр кез олардың түріне ғана емес, ішкі мазмұнына назар аударамыз. Қ. Жұмалиев айтқандай «олар (еді, едім, т.б.) бір нәрсені екінші нәрсеге балауға» – ауыстыру жасауға көмектесіп тұр ма, әлде жай өздерінің грамматикалық қызметін атқара ма, міне, осы жағына қарау керек» » [5, 220]. Расында да, сөз жоқ, біз қарастырған Шал ақын тармағы («Асқар таумен тең едім») ауыстыру жасауға ықпал етіп тұр.
Жыраулар шығармаларындағы ауыстыру түрлері әр алуан. Мысалы, ақын жырау өзін тура бір нәрсеге, не нәрсеге, не құбылысқа балау арқылы, сол затқа, не құбылысқа тән қасиетті өз бойына дарыта суреттейді.
«Мен бір шапқан жүйрік ат,
Бір желіксем басылман». [2, 102].
(Шал ақын)
«Сыртым – құрыш, жүзім – болат,
Тасқа салсаң майрылман» [2, 102]!
(Ақтамберді)
Жыраулар мұрасындағы ауыстырулардың көбі дәл осы мысалдағыдай бір нәрсені екінші нәрсеге құбылта, ауыстыра дамыта, мүдете балау арқылы жасалады.
«Алп, алп басқан, алп басқан,
Арабы торым өзіңсің.
Жазулы алтын, қол кескен,
Алдаспаным өзіңсің.
Білер де білмес не демес,
Сұлтан ием, сен менің
Бармай тапқан қағбамсың.
……………………………
Көбең семіз торыңмын,
Көп құлыңның бірімін» [2, 74].
(Шәлгез)
«Тоқсан бес деген тор екен,
Дүйім жанның қоры екен,
Қарғиын десең екі жағы ор екен.
Найза бойлы жар екен,
Түсіп кетсең түбіне,
Түбі жоқ терең көл екен.
Ел қонбайтын шөл екен,
Келмей тұғын неме екен» [2, 98 б.].
(Бұқар)
Бұл үзінділерден Шәлгез, Бұқар шығармаларындағы ұлғайған метафора түрлерін кездестіреміз. Шәлгез Би Темір алдында өз көңіл күйін білдіріп, ақиқат сырын ашына атқарған сәтте Темірді «алты ай жорытса азбайтын» «арабы торыға» ғана балап қоймай, оны әсірелей, әрлендіре суреттеп, сілтегенін сілейтіп салар алдаспанға да, барша мұсылманның қасиетті жері қағбаға да барабар етіп, өзін «бетегеден биік», «жусаннан аласа» жандай кішірейтіп, Темірдің де, өзін де айқын, анық тану үшін бір ғана нәрсеге балап қоймай, әлденеше мазмұнды, мағыналы, ойға қонымды ұғымдар ұялатады. Бұлар – ұлғайған ауыстырулардың ақын, жыраулар мұрасында кездесетін озық үлгілері. Мұндай пікірді Бұқар жыраудың өмір кезеңдері туралы өлеңіндегі ұлғайған ауыстырулар жайында да айтуға болады. Қ. Жұмалиев сөзімен айтсақ: «Мұнда «тоқсан бесті» «торға», «қорлыққа», «орға», «жарға», «көлге», «шөлге» – қысқасы бірнеше нәрсеге балап отыр. Өлең сөйлеміндегі «тоқсан бес» – барлық сөздің қазынасы» [5, 200].
Жыраулар мұрасындағы ұлғайған, күрделі метафоралар бір нәрсені бірнеше нәрсеге тікелей балау ғана емес, әуелі сол баламақ, суреттемек нәрсенің ерекше қасиеттерін көркемдік тәсілдердің біреуінің не бірнешеуінің көмегімен өрнектеп алып барып балау арқылы жасалатындығын аңғарамыз.
«Боз үстінде от жаққан,
Бұзмай бұлан пісірген,
Мен иемнің бөрлі ала тасы едім,
Ие, ием, би Темірдің әрі өзім,
Менің ием би Темірдің әрі өзім,
Жау көрген күн жүрегінің басы едім,
Көз үстінде қасы едім» [2, 75].
(Шәлгез)
Бұл мысалда батыр жырау Шәлгез әрі сұсты, әрі мұңды жырлағандай. Сұстылығы сол – Би Темір дәуірі өтіп, күні өзгеге қараса да, мәрт жырау кішірейгісі келмей, бұрынғы мықтылығын айтады. Мұңдылығы сол – «мен иемнің бөрлі ала тасы едім», «Би Темірдің әрі өзім», «жау көрген күн жүрегінің басы едім», «көзі үстінде қасы едім», сол дәурен өтті дегендей. Мұны жыраудың «едім» деген бір ғана сөзі аңғартып тұр. Осындай ойды, мұнша мағынаны тыңдаушы танымына жеткізіп тұрған алуан ауыстыруларға жыраудың «мен» деген сөзі қазық болып, сол «меннің» ерекше қасиетін Шәлгез: «Боз үстінде от жаққан, бұзмай бұлан пісірген» деп айқындау арқылы суреттейді. Демек, әуелі «менді» ерекше әсерлеп алып, сол «міннің» өзі кім еді? – соны айқын тануға айрықша мән береді.
«Сауырдан су төгілмес боз жорға едім,
Тарлан тартса танбайтын жорғасынан» [2, 107].
(Шал ақын)
Ал, бұл мысалда ауыстырудың жай түрін («боз жорға едім») «сауырдан су төгілмес», «тарлан тартса танбайтын жорғасынан» деген эпитеттер айқындай түседі. Демек, жай және ұлғайған ауыстыруды айқындау көмегімен ажарлап суреттеген мұндай ауыстырулы айқындаулар (метафоралық эпитеттер) ақын, жыраулар мұрасында аз емес.
Әдетте, ауыстыру мен айқындау ғана емес, бір толғауда, яки толғаудың жеке шумақтарында көркемдік тәсілдердің ауыстыру, айқындау, теңеу, меңзеу, т.б. түрлері қат-қабат, бірге келе береді. Неғұрлым құбылту, ажарлаулар әрлі келсе, көркемдік тәсілдердің алуан түрлері араласа келсе, шығарма мазмұны мәнді, солғұрлым айқын, көркемдігі құнарлана түседі. Әрине, мұны көркемдік құралдарды орынды-орынсыз бітістіру, рабайсыз үйіп-төгу деп ұғынбау керек. Әр кезде айтар ойды, мәнді мазмұнды әрлендіре, ажарлай таныта түсер орынды қолданылған көркемдік көріктеулер ғана жарасымды.
XV-XVIII ғасырлардағы ақын, жыраулар поэзиясында да өмір құбылысын суреттеуде ауыстыру, айқындаулардың көркемдік құнары мен танымдық қуатының мол екендігін аңғарамыз.
«Көркем теңеулер де – көркемдік қиялдың жемісі. Әрі ортаны, табиғатты, тұрмыс-тіршілікті, шаруашылықты жетік білуде поэзия тілінің құлпыра түсуіне, өрнекті сөздердің, сырлы суреттердің молая беруіне жойқын әсер етеді» [7, 31].
Батыр-жырау өз бейнесін ашуда жан-жануарларға, аң-құстарға, өсімдіктерге теңеу сәтті қолданыс тапқан жырдың бірі Жиембет жыраудың «Еңсегей бойлы ер Есім» толғауы. Толғауда мынадай тармақтар кездеседі:
«Менің менен ханым ойнаспа,
Менің ерлігімді сұрасаң,
Жолбарыс пенен аюдай,
Өрлігімді сұрасаң,
Жылқыдағы асау тайыңдай,
Зорлығымды сұрасаң,
Бекіре менен жайындай,
Періктігімді сұрасаң,
Қарағай менен қайыңдай…» [2, 57]
Жырау толғауы осындай өткір тілді болып келеді, бейнелі теңеулермен өз бейнесін суреттейді. «Аюдай, тайыңдай, жайындай, қайыңдай» деген сөздермен шебер құбылтып, тармақтың соңына тіркеп ұйқас ретінде де пайдаланған. Толғауды кезектес ұйқаспен ырғақты өрген.
Бұқар жыраудың ер адамның жастық шағы мен кәрілік келген кезін жырлаған жырынан мына үзіндіге көңіл бөлсек:
«Төскейден қашқан түлкідей
Сылаңдатқан жиырма бес…
…Қатты тамақ шайнарға
Мен пақырда тіс бар ма?
Арыстандай ақырған –
Бөденедей күш бар ма?» [2, 78],- бұл жерде жырау батырдың жастық шақта күш қуаты мол болатынын, кез келген жағдайда амалын тауып кете алатын алғыр да, батыр болатынын айта келе, ерлер қартайғанда бөденедей ғана болып қалады деп құсқа теңеп отыр.
Жыраулар өз образын ашуда қолданған теңеулер қатарында затқа теңеу де қолданыс тапқан. Мысалы, Қазтуғанның «Мадақ жырынан»:
«Бұдырайған екі шекелі,
Мұздай үлкен көбелі,
Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті,
Адырнасы шайы жібек окқа кірісті» [2, 75]. – деген тармақтарда автор «сұлтандайын» деген күрделі теңеуді сәтті қолданған. Тармақтағы қары сөзі – қолдың иық пен білек аралығы, ішкі жағы, иіні. Ауыспалы мағынасы қарына тартты – туған-туысына тартты деген мағына береді.
Ал бұл жерде, «қары ұнымы сұлтандайын жүрісті» деп пайдаланған. Ал, сұлтан сөзі – бәйге атының кекіліне байланатын үкіні білдіреді. Бұл тармақта Қазтуған садақ тартқанда менің қолым өте жылдам, көз ілеспейді дегені. Троптың бір түрі кейіптеуді сәтті пайдалана білген.
Теңеудің тағы бір түрі тасқа немесе түрлі материалдарға теңеу. Мәселен, Тәтіқараның «Бөгембай өліміне» арнаған толғауында «Қорғасындай Бөгембай» деген тармақтар кездеседі. Осылай автор батыр бейнесін ашады. Бұл тек жыраулар поэзиясынан бастау алды деп те айта алмаймыз, көркемдік құралдардың көбі бұл кезеңге дейін де болды, ал жыраулар оны тағы бір сатыға дамытты десек дұрыс болар.
«Бірде теңеу екі нәрсені тұтас алып салыстыру арқылы жасаса, – деп жазады академик З. Ахметов, – енді бірде айтылып отырған нәрсенің бір сипат белгісін, түсін, дыбыс-үнін, тағы басқадай жеке ерекшелігін өзге нәрсемен салыстырып, бейнелеу негізінде туады» [6,17]. – дейді.
«Поэзияның көркемдік құрылысына, ойды образды жеткізуге айқындаудың мәні ерекше елеулі. Айқындау сөз – айқындалушы мүшенің маңызын, сыр-сипатын, ерекшелігін анағұрлым тереңірек баяндайды» [7, 35]. – дей келе, айқындау сөздер мен айқындалушы сөздер тіркесіп текст ішінде әуезді, әсерлі, мәнерлі күйге еніп, жарасымы мен ұнасымын, сезім қуаты мен гармониясын арттырады деген түйін жасайды.
«Ақындық дегеніміз – көркем образбен қабылдау. Біріншіден, адам баласының қоршаған ортамен қатысын көрстету, екіншіден, айналадағы құбылыстардың адам санасында бейнеленуі» [7, 35]. – дейді С. Негимов.
Бұл тұста айқындау деп аталып отырған құбылтудың бір түрі эпитет жайлы сөз болып отыр. Эпитет дегеніміз – зат пен құбылыстың айрықша белгісін, қасиетін білдіретін бейнелі сөз екенін мектеп бағдарламасынан білеміз. Дегенмен, жыраулар толғауларын оқып, талдау барысында тек заттың айрықша белгісін айқындайтын мүшелер ғана емес адам бейнесін ашуда да қолданылатын айқындаулар табылды.
А. Байтұрсынов «Әдебиет танытқышында» көрнекі тіліміз үш топқа бөлінеді [8, 23]. – дейді: көріктеу, меңзеу, әсерлеу. Көріктеуге мынадай анықтама берген: «бір нәрсені көптен айырып, көзге көбірек түсерлік етіп айтқымыз келгенде, ол нәрсенің атына айқын көрсеткендей сөз қосып айтамыз. Мәселен, «Қара Мұқан», «Сары Мұқан», «Болыс Мұқан» дейміз» деп келеді де, «қызыл тіл», «ақ сұңқар» деген сөздерлегі «ақ», «қызыл» сөдері көркейту мақсатында қолданылып отырғанын сөз етеді. Тиісінше, көріктеуді екі топқа жіктеп алады. Оның бірі – көркейту болса, екіншісі – лақаптау деп атаған. Көркейту – заттың айрықша белгісін көрсетеді, қазір мектеп деңгейінде әдебиет теориясында мұны эпитет (қазақша айқындау) деп беріліп жүр. «Асылында, айқындау нәрсені я көркейту үшін, я лақаптау үшін айтылады. Сарыарқа, сары қымыз, шалқар көл, самал жел, алалы жылқы, ақтылы қой, әділ би деген сияқты лебіздерде сары, шалқар, самал, алалы, ақтылы, әділ дегендер айқындау болады. Бұл көркейту үшін айтылып отырған айқындаулар. Асан қайғы, Ер Тарғын, Қарақыпшақ Қобыланды, Қаз дауысты Қазыбек, Бұғыбай басшы, Жиренше шешен, Орынбай ақын деген сөздерде қайғы, қара қыпшақ, қаз дауысты, басшы, шешен, ақын деген сөздер лақаптау үшін айтылып тұр» [8, 24]. – деп айқындау табиғаты хақында ой тербейді Ахмет Байтұрсынов.
Лақаптау – нақты бір адамның айрықша белгісін білдіретін сөз не сөздер тобынан тұратын көріктеудің бір түрі. Мысалы, ол бірде айқындалушы адамдың қай ұлттан немесе қай рудан, қай әулеттің адамы екенін анықтап тұрса, бірде оның айрықша тұлғалық белгісін атап көрсетеді.. Оның негізгі қызметі сол адамның образын ашып, түрлі мағлұмат беру. Ол әсіресе жыраулар поэзиясында көптеп кездеседі. Ол тек сол батырдың немесе тұлғаның образын ашып қана қоймай, артқыға жақсы сақталатын мағлұмат десек қателеспейміз.
Лақаптауды мағынасына қарай бірнеше топқа топтастыруға болады. Олар:
Сырт тұлғасын айқындайтын, айрықша белгісін көрсететін лақаптаулар:
«Еңсегей бойлы ер Есім», «Қаз дауысты Қазыбек», «Қу дауысты Құттыбай», «Кебеже қарын, кең құрсақ, Артық туған Абылай».
Мағлұмат беруші, титулын айқындайтын лақаптаулар:
«Қатағанның хан Тұрсын», «Қазақтың ханы Абылай», «Азаулының Айдамед Ер Доспамбет ағаның, Хан ұлына несі жоқ, Би ұлынан несі кем!»
Қай рудан, елден екенінен хабар беретін айқындау, тектік лақаптаулар:
«Үйсін Төле билердің», «Керейде батыр Жәнібек», «Қанжығалы Бөгембай».
Ендеше, тектік айқындауышқа мысал келтіре кетсек:
«Қамыстың басы майда, түбі сайда,
Жәнібек Шақшақұлы болат найза,
Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда,
Ер жігіттің ерлігі осындайда.
Бөкейді айт Сағыр менен Дулаттағы,
Деріпсәлі, Маңдайды айт Қыпшақтағы,
Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын
Сары менен Баянды айт Уақтағы.
Ағашта биікті айтсаң, қарағайды айт,
Жігіттік, ерлікті айтсаң Бөгембайды айт
Найзасының ұшына жау мінгізген –
Еменәлі Керейде ер Жабайды айт» [2, 77]. – деген жолдардан бір емес бірнеше тектік айқындауды аңғара аламыз. Бұл жерде сегіз батырдың қай рудан шыққандығы, қай рудың бетке ұстар батырлары екенін анық байқауға болады.
Қазақ поэзиясы, оның ішінде жыраулар поэзиясында батырларын дәріптеп үнемі асқақтатып бейнелеп отырған. Мына жыр жолдарын талдап қарайық:
«Аруағыңа болысқан,
Әділ билік қылысқан,
Қашпаған қандай ұрыстан
Керейде батыр Жәнібек,
Қаз дауысты Қазыбек,
Қу дауысты Құттыбай,
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай –
Абылай, сенің тұсыңда
Сол бесеуі болыпты-ай!
Кейі батыр, кейі би,
Тәңірім берген сондай сый,
Ұмытың ба соны, Абылай» [2, 107]!
Толғауда «Керейде батыр Жәнібек», «Қаракерей Қабанбай», «Қанжығалы Бөгенбай» деген қатарларда тектік лақаптаулар қолданылған. Керей, Қанжығалы, Қаракерей рулары қазақ еліне танымал рулар. Яғни, сол рудан шыққан батырлар екенін айқындап отыр. Жырау оның қай өңірдің адамы немесе батыры екенін айтпай, қай рудікі екенін дәріптеп, мадақтап отыр десек қателеспейміз.
Ал, «Қаз дауысты Қазыбек», «Қу дауысты Құттыбай» деген айқындауыштарға негіз бар. Олай дейтініміз ол туралы бірнеше аңыз әңгімелер кездеседі. Шындығында да орта жүздің биі Қазыбек бидің даусы қаз дауысты, ерекше болған деседі.
«Шапқанда батыр төгіліп:
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Сары, Баян мен Сағынбай
Қырмап па еді жауыңды,
Қуантпап па еді қауымды,
Ұмыттың ба соны, Абылай» [2, 108]! – деген тұстан Сары деген ру атауын, Баян мен Сағынбай деген батыр аттарын кездестіре аламыз. Яғни бұл жерден не ұғынуға болады?! Айқындаулар жақсы сақталатын мағлұмат екенін аңғару қиын емес.
«Қалданменен ұрысып,
Жеті күндей сүрісіп,
Сондағы жолдас адамдар:
Қара керей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгембай,
Шақшақұлы Жәнібек,
Сіргелі қара Тілеуке,
Қарақалпақ Құлашбек,
Тігеден шыққан Естербек,
Шапырашты Наурызбай,
Құдаменді Жібектей қасында,
Бақ, дәулеті басында
Секербай мен Шүйбекбай,
Таңсық қожа, Мамыт бар,
Қасқарауұлы Молдабай,
Қатардан жақсы қалдырмай,
Айнақұл Бәти ішінде,
Өңкей батыр жиылып,
Абылай салды жарлықты» [2, 109].
Бұл толғаудан көріп отырғанымыз, тоғыз түрлі рудың аты аталып тоғыз батырдың тегін анықтап отыр. Бір ерекшесі «Қасқарауұлы Молдабай». Молдабай сөзіне Қасқарауұлы сөзі айқындау қызметін атқара ала ма?!
Қазіргі уақытта тегіміз, орысшалап айтқанда фамилиямыз -ұлы, -қызы сөздері арқылы беріліп отыр. Мысалы, Оспанұлы Қасым деген есім мен текті алып қарасақ, Қасым Оспанның ұлы екенін айқындап отыр. Яғни бұл да тектік айқындаудың бір түрі. Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» деген өлеңінде осы жыраулар поэзиясынан бастау алған тектік айқындауыш жалғасын тапқан. Өлең ішінде «Аманжол Рахымжанның Қасымымын» дейді ақын. Бұл тектік айқындаудың жаңа бір сатысы деп айтуға болады.
Сөз зергері Ғабит Мүсірепов: «Сөз сөзге жарығын да түсіріп тұрады, көлеңкесін де түсіріп тұрады»[9, 439]. – демекші, жыраулар поэзиясында кездескен жарық түсіруші сөздерді талдап, таныдық деп ойлаймын.
Жыраулар өмір құбылысын суреттеуде бейнелі де бедерлі, құнарлы да қуатты, мағыналы да мәнді, отты да ойлы сөздерді мол қолданған. Жыраулар мұрасынан ажарлап, яки құбылтып, құлпыртып қолданған көркемдегіш тәсілдерді зерттеу барысында көптеп кездестірдік, талдадық. Жалпы, жыраулар поэзиясы халық поэзиясының эстетикалық жүйесі мен көркемдік тәжірибесін қайталамай, оның сөздік, образдық, бейнелеу құралдарына, өлшем-өрнектеріне сүйене отырып, өздік қолтаңбасын туғызған деп айта аламыз. Расында да, поэзия тілі әрдайым дамып, тақырып жағынан, көркемдегіш құралдарды тиімді қолдану жағынан, түрлі ұйқастардың құрылуын да айтуға болады.
Жыраулар поэзиясының тілдік ерекшелігі жайлы түрлі еңбектер мен зерттеу мақалалары жарияланып, жыраулар толғауларының әлі де ашылмаған қырлары ашылып отыр. Жыраулар шығармашылығына лайықты бағасын беріп, одан әрі зерттеп, зерделеу болашақтың еншісінде десек қателеспейміз.

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
1. Жоль К. К. Мысль, слова, метафора. Киев, 1984. – 185 стр.
2.Ай, заман-ай, заман-ай… (Бес ғасыр жырлайды). 2 томдық (Құрастырушы М. Мағауин, М. Байділдаев). – Алматы, Қазақ ССР Баспасөз жөніндегі мемлекеттік комитеті Бас редакциясы – РББ. 1991. – Т. 1. – 384 бет, суретті.
3. Сүйіншалиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. Оқулық. Алматы, Санат.
2006. – 904 б.
4. Сыздықова Р. XV-XVII ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің тарихы. Алматы, 1984. – 130 б.
5. Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихы мәселелері және Абай поэзиясының тілі. Алматы 1960. – 216 б.
6. Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. Алматы, Мектеп. 1973. – 210 б.

7.Негимов С. Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі. – Алматы: Ғылым. 1991. – 200 б.
8.Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. Зерттеу мен өлеңдер. Алматы, Атамұра, 2003. – 208 б.
9. Мүсірепов Ғ. Суреткер парызы. Алматы, Мектеп. 1970. – 411 б

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *