Абай сынаған қазақ.
Абай біздің өлшемнен биік тұрады. Адамзаттың асылына айналған ақынның артынан 176 өлең, 3 поэма, 45 қара сөз қалған десе еді. Бірақ, санмен саналған еңбекті санасына түгел сіңірген адам кем де кем, тіпті болмаса, жоқ…
Абай сынаған қазақтан арылу үшін қайтпек керек?!
Кеңестік насихатта дәріптелген Абайды түгел ұғындыру үшін қазіргі заманға алып шығып, тамырынан таныту керек. Абайды тану-адам бойындағы кеселді қылықтарды тану, оны жою. Абай қажет кезде сынайтын, қажет болса дем бере алатын ұстазыңа айнала алады. Алайда, Абай біз көрмейтін биікте!
А.Байтұрсынұлының “Қазақтың бас ақыны” шығармасында “ Абай сөздері адамзаттың түсінуіне ауыр тиері рас, бірақ ол ауырлық Абайдың жеткізе алмауында емес, адамзаттың түсінерлік дәрежеге жете алмауында” деп тұжырымдаған. Иә, тыраштанып баққанмен Абай шығармалары да адам талғайды.
14-қара сөзінде былай делінген
«Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады. Білімді білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді. Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады.»
Шешімі біреу-ақ, қайрат пен білімді қатар ұстап қалу үшін алдымен бала Абайдан, содан соң дана Абайдан, кейін хакім Абай қалдырған мұрасын тырысып бағып ұғыну керек!