«Қазақстан тарихы» оқулығының қалыптасуы мен дамуы.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Тарих факультеті

Педагогикалық тарих мамандығының 4-курс студенттері:

Қанатов Нұрқизат Қанатұлы, Молдабай Анель Қанатқызы.

 

«Қазақстан тарихы» оқулығының қалыптасуы мен дамуы.

Қазіргі таңда оқушыларымыз мектепте оқып жүрген Қазақстан тарихы оқулығының, жалпы қазақ тарихының жазылуы, оқулық болып қалыптасуы туралы білесіз бе? Қазіргідей еркін түрде Тәуелсіздікке дейінгі жылдары ата тарихымыз кең тұрғыда талқыланды ма, өз тарихымыз мектептерде оқытылды ма? Бұл туралы осы мақаламызда қысқаша тоқталып өткенді жөн көрдік.

Тарих XV ғасырға дейін оқу жоспарына дербес пән болып енгізілмеген, бірақ тарихи материалдар әдебиет, жағырафия, дін, философия сабақтарына қосылып оқытылған.

XV-XVI ғасырлардағы Орта Азия мен Қазақстандағы кейбір медреселердің оқу жоспарына діни, ғылыми пәндермен қатар тарих пәні де енгізілген. Оңтүстік Қазақстанның Отырар, Сайрам, Түркістан, т.б. медреселері Бұқар, Самарқанд медреселерінің оқу жоспарларын пайдаланған. Олардағы тарихи білім мазмұны сол дәуірлерге дейінгі Орта Азия мен Қазақстандағы түркі тайпалар мен мемлекеттер тарихын баяндауға арналған [1].

Бұл медреселердің оқу жоспарына тарихтың дербес пән болып енгізілуі Ұлықбектің есімімен байланысты. Кейбір ғылыми деректерге қарағанда оның бастауымен XV ғасырда-ақ медреселердің оқу жоспарына тарих дербес пән болып енгізілген. Алғашқы уақытта оның сабақтарында Әлем тарихы, Орта Азия тарихы, Ислам тарихы таныстырылды. Тарих оқу жоспарына енгеннен кейін алғашқы тарих оқулығын Ұлықбектің өзі жазған және ол өмір шындығын сол қалпында көрсеткен. Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих и Рашиди» атты еңбегінде Ұлықбектің тарихшы болғанын және «Шыңғыс ханның төрт мемлекеті» оқулығын жазғанын атап өтеді. Бұл оқулықта Ұлы моңғол империясы – «Ұлы үй» ыдырағаннан кейін төрт ұлыстың: Қытай, Моңғолия, Жошы ұлысы (Алтын Орда), Орта Азия тарихы баяндалады. Бұл оқулық тек Самарқанд медреселерінде ғана емес, Жошы ұрпақтары билік құрған Түркістан, Созақ, Сығанақ, Отырар, Сайрам, Баласағұн қалаларындағы медреселерде де пайдаланылған. [2]

Ұлықбек медреселерінде Әбу Райхан Бирунидің «Өткен ұрпақ ескерткіштері»[3] оқулығы да пайдаланылған. Мұнда бірнеше түркі халықтарының хронологиясы мен діни мейрамдары баяндалған.

Ортағасырлардан ХІХ ғасырдың соңына дейінгі медреселерде тарих пәні негізінен қасиетті тарих оқулықтарымен (Ислам тарихы, Пайғамбарлар тарихы) және де жеке авторлар кітаптарымен қоса оқытылған. Мәселен Семейдегі «Ахмет Риза» медресесінде қазірге дейін сақталған «Тарих Түркия» [4], «Тарих-әл-Камл» (Әлемнің Кемел тарихы) кітаптары пайдаланылған, және «Тарих-әл-Камл» осы медреселердегі негізгі тарих оқулығы болған.

XV ғасырдың 60-жылдарында Қазақ хандығы құрылып, келесі ғасырдардың аяғында оның көлемі ұлғайып, халқының саны да көбейіп, Қазақ хандығының белгілі мемлекет болып нығайғандығы мәлім. Осыған орай діни мектептер мен медреселердің саны едәуір көбейіп, олар XVIII ғасырда Қазақстан жеріне жаппай тараған. Солтүстік, Батыс Қазақстанда ашылған мектептер мен медреселердің бірқатарына татар, башқұрт молдалары басшылық еткен. Сондықтан да қазақша оқытатын сол медреселер Қазан мен Уфада дайындалған оқу жоспарларын пайдаланған. Бірақ та XVIII ғасырдағы, оған дейінгі ол медреселерде қандай тарих оқытылды, бұл туралы бізге нақты жауап беретіндей деректер кездескен жоқ. Жалпы Қазан төңкерісі қарсаңында Қазақстанда 84 медресе жұмыс істеген, оларда бес мыңдай шәкірт оқыған. [5]

«ХІХ ғасырдың ортасына дейін қазақ балаларын оқыту – Құран сүрелерін ұғынбай, жаттап алу басты жетістік деп саналатын мектептерде жүзеге асырылды. Оларда мұғалімнің міндетін көбінесе оқу жоспарлары мен әдістемесінен ешбір хабары жоқ молдалар атқарды» деген де мәліметтер кездеседі.[6] Шынында да бірқатар ауылдық діни мектептердегі оқу-тәрбие жұмысының төменгі дәрежеде екенін қазақтың көрнекті ағартушылары Шоқан, Ыбырай, Абайдың қатты сынағаны белгілі. Бұл айтылғандардан қазақ тілінде оқытатын мектептердің бәрінде оқу сапасыз болды деген қорытынды жасалмауы тиіс.

1850 жылы Орынбор шекаралық комиссиясы жанынан ашылған қазақ мектебінде ғылым негіздерінен 9 пән оқытылған, олардың бірі – тарих, оған аптасына 2 сағат бөлінген. 80-жылдары екі кластық орыс-қазақ училищелерінде тарих пәні Острогорскийдің «Орыстың қысқаша тарихы», ал дүние жүзі тарихы Беллярминовтың оқулықтарымен оқытылған [7].

Қазақ тарихынан материалдар іріктеген, оны оқытуға тұңғыш талап жасаған Ыбырай Алтынсарин. Ол дайындаған «Қазақ хрестоматиясының» бірінші бөлімінде тарихи материалдар, солардың ішінде тікелей қазақ тарихынан алынғандары да бар. Олар «Жәнібек батыр» (Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы), «Жиренше шешен», «Киіз үй мен ағаш үй», «Қыпшақ Сейітқұл», т.б. тарихи әңгімелер [8].

Өзі сабақ берген мектептерде орыс тарихын оқыта жүріп, қазақ тарихының да білімдік, тәрбиелік маңызы зор екенін көре білді. Сондықтан да өзі жасаған оқу құралдарына қазақ тарихынан көбірек материалдар ендіруге ұмтылды. «…Қазір қазақ хрестоматиясының екінші бөлімін құрастырып жатыр едім,- деп жазады ол Н.И.Ильминскийге, — ал кітаптың осы бөлімнің тарих тарауында қазақ тарихынан да мақалалар берілуі керек еді, бірақ оған еш жерден материал таба алмай отырмын…». Әрі қарай осындай материал табуға көмектесуді сұрайды [9].

Қазақстанда тарих пәнін оқытуға қатысты пікірлерді алғаш айтқандардың бірі Ж.Аймауытов болды. 1918 жылы Семей қаласында шыққан әдеби-ғылыми, қоғамдық «Абай» журналының 1,2 сандарында оның «Тәрбие» атты көлемді мақаласы жарияланды. Мұнда автор баланы тәрбиелеуде өз елінің әдет-ғұрпын, салт-санасын үйретудің, қоршаған ортамен таныстырудың маңызына назар аударады. Ал, 1924 жылы Орынборда жарияланған «Тәрбие жетекшісі» деген еңбегінде тарих пәнінің маңызын ерекше көрсете келіп, оны қай кластан бастап оқыту керек деген мәселеге тоқталады. «Тарихты оқыту бала әр тараулы білім алып, әзірленіп, жазуға, оқуға әбден төселген соң, тарихи жеңіл әңгімелерді ұғынып, айтып берерлік дәрежеге жеткен кезде, төңіректегі тұрмыс пен жағырафиядан едәуір білім алғаннан кейін басталсын – дейді. Ал, қандай тарихты оқыту керек деген сұраққа: «Дүние жүзі тарихы, не СССР тарихынан бұрын алдымен балаларды күнделікті өмірдің тұрмыс-салтымен, тіршілігімен байланыстыратын өз жұртының тарихын оқытудын бастаған жөн. Басқа жұрттың тарихынан жергілікті тарихқа керекті, һәм қазіргі заманға қатысы бар жерлерін ғана алу керек – деп тұжырымдайды. 4-класта әдебиетті, тарихты, жағырафияны біріктіріп (интеграциялап) «Біздің Отан» деген атпен оқыту қажет деген ұсыныс жасайды. [10]

1936 жылы 3-4 сыныптарға арналған «КСРО тарихының қысқаша курсы» жарыққа шықты, ол 1939 жылы қазақ тіліне аударылып басылып, қазақ мектептерінде пайдаланыла бастады. Кеңес елінде жарық көрген тарих оқулықтары ішінде бұл қазақ тарихынан аздап болса да материал енгізген тұңғыш оқулық болатын. Оқулықта 67 тақырыпша-сабақ бар. 32-тақырыпша «ІІ Екатеринаның жаңа жерлерді жаулап алуы» деп аталады. Осындағы «Қазақстан және Қиыр солтүстікте жүргізілген жаулап алушылықтар» деген әңгімеде Қазақстан туралы бір бет материал берілген. Онда XVIII ғасырда қазақтардың мал баққаны, үш жүз деп аталатын мемлекеті болғаны, оларды хандар мен сұлтандар билегені айтылады. «Ілгеріде қазақ елін моңғолдар жаулап алған еді. Олар қазақтарды 200 жылдай езіп келді. 1731 жылы Әбілқайыр ханның сұрауы бойынша кіші жүз Ресейге қосылды. Қалған жағын және бүкіл Орта Азияны Ресей жаулап алды. Қамалдар салды, орыс әскерін ұстады, қазақ жерлерін талау саясатын жүргізді. Оған қарсы қазақ халқы бірнеше рет көтеріліс жасады…» дей келіп, 1783 жылғы С.Датов бастаған көтеріліс туралы қысқаша тоқталады [11].

«Қазақстан» баспасынан 1934 жылы шығатын оқулықтар тізіміне 6-7 кластарға арналған Қазақ тарихы да енгізілген. Оның авторы проф. С.Асфендияров, кітап жақында баспадан шығады деп белгі соғылған [15]. С.Асфендияровтың «Қазақстан тарихының очерктері» үш тараудан тұрады. І тарау: «Қазақстан тарихының ескі дәуірі. Орталық және Орта Азияның тарихы»; ІІ тарау: «1. Қазақ хандығының шығу тарихы»; «2. Патша өкіметінің Қазақстанды жаулап бағындыруы, оған қарсы бұқаралық қозғалыстар»; ІІІ тарау: «Қазақстан патша өкіметінің отары» — деп аталады. [12]

40-жылдардың орта кезінде редакциясына А.М.Панкратованың басшылық етуімен жарыққа шыққан 8-10 сыныптарға арналған КСРО тарихының үш оқулығының, олардың қазақ тіліне аударылып, республиканың барлық мектептерінде оқытылуы[13] мектептерде тарихтан білім беруді жақсартуға айтарлықтай пайдасын тигізді.

Тарих пәнін оқытуда болып жатқан жаңалықтар, осы пәнді оқытуды жетілдіру туралы орталық баспалардан жарық көрген белгілі әдіскер ғалымдардың ғылыми-әдістемелік еңбектері Қазақстан мектептерінде тарихты оқытуды жақсарта түсуге, бұл пән әдістемесінің жетіле түсуіне септігін тигізді, алғашқы бағдарламалар, әдістемелік кітапшалар (С.Асфендияров, «Қазақ тарихы програмы»,1934; С.Бақшилов, «Тарих сабағын оқытудағы кейбір мәселелер»,1941) шыға бастады. [14]

Қазақстандық кәсіби тарих ғылымы кеңестік дәуірде қалыптасты. Оның іргетасын 20-30 жылдары ұлт мүддесіне қызмет еткен тұлғалар С.Асфендияров, Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин, М.Тынышбаев, Н.Төреқұлов, т.б. қалады. 40-50 жылдары Е.Бекмахановтың, Г.Дахшлейгердің, Ә.Марғұланның, К.Ақышевтің, А.Нүсіпбековтың, Ә.Тұрсынбаевтың ғылыми ізденістері айрықша көзге түсті. Бірақ ұлттық тарихнама КОКП идеологиясының шылауына байланғандықтан ақиқаттан айта алмады. [15]

Жоғарыда аты аталған тұлғалардың ерен еңбегінің арқасында тарихи мәліметтер осы күнге дейін бізге жетіп, зерттеліп, сонымен қатар Тәуелсіздіктің ақ таңы атқаннан кейін сан ғасырлық тарихтың қойнауынан сыр шертер ата тарихымыз өскелең ұрпақтарға еш шектеусіз оқытыла бастады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Жалпы білім беретін мектептерде 1992/93 оқу жылында тарих пәнін оқыту туралы. Құрастырушылар: Р.Құсайынова, Т.Тұрлығұлов, т.б. (Әдістемелік ұсыныстар). Алматы: Республикалық баспа кабинеті, 1992.
  2. Орта мектептерде тарих картасымен жұмыс істеу // Ауыл мұғалімі, 1938, №20.
  3. Хмель Н.Д. Педагогический процесс в общеобразовательной школе. Алма-ата,1984
  4. Байпақов Қ.М. Ежелгі Қазақстан тарихы 6-сыныптарға арналған. Алматы: Рауан, 1994.
  5. Тәкенов Ә. 50-жылдардың басында Қазақ тарихы қалай қыспаққа алынды // Қазақ тарихы, 1994, №1.
  6. Қалиев С. Халық жауы атанған ғалымның жаңа қыры, Өркен, 1989, 8 июль; Қазақ этнопедагогикасының тарихы (Кеңестік дәуір – 1920-1990 жж.) Алматы: Білім, 1999.
  7. Храпченков Г.М. Проблемы содержания и методов обучения в школах Казахстана. Алма-Ата: Мектеп, 1983.
  8. Қозыбаев М.Қ., Қозыбаев І.М. Қазақстан тарихы. 10. Атамұра.
  9. Алтынсариннің таңдамалы мұралары. Құрастырушылар: С.Қалиев т.б. Алматы: Рауан, 1991.
  10. Қоңыратбаев Әуелбек. Қазан төңкерісінен бұрынғы мектептер хақында // Қазақ тарихы, 1994, №4.
  11. Қалиев С. ХІ-ХІХ ғғ. ақын-жыраулардың поэзиясындағы педагогикалық ой-пікірлер. Алматы: Рауан, 1990.
  12. Бабанский Ю.К. Проблемы повышения эффективности педагогических исследований. Москва; Педагогика, 1982.
  13. Таубаева Ш.Т. Исследовательская культура учителя: методолгия, теория и практика форматирования. Алматы: Алем, 2000, 380.
  14. Тұрлығұл Т.Т. Мектепте Қазақстан тарихын оқытудың теориясы мен әдістемесі. Алматы: «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2003.
  15. Тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеудің өзекті мәселелері: Х.Әбжанов «Тарих методологиясы және Отан тарихын дәуірлеу мәселесі». Астана, 2011, 45-б.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.