«АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВ – ҰЛТ ЖАНАШЫРЫ»

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды

1910 жылдардан бастап қолға алады. Онымен қоса қазақ графикасын жасауға кіріседі. Қазақ графикасының негізіне қазақтың мәдени дүниесінде көп ғасырлық дәстүрі бар , өзге түркі халықтары да пайдаланып отырғандықтан, туыстық жақындық сипаты бар араб таңбаларын алады.Оны қазақ фонетикасына икемдейді, ол үшін қазақ дыбыстары жоқ таңбаларды алфавиттен шығарады, арабша таңбасы жоқ дыбыстарына таңба қосады, қазақ тілінің жуанды-жіңішкелі үндестік заңына сай жазуға ыңғайлы дәйекші белгі жасайды. Сөйтіп, «төте жазу» деп, өзгелер «Байтұрсынов жазуы» деп атаған қазақтың ұлттық графикасын түзеді. Одан осы жазуды үйрететін әліппе жазады. Әрбір зиялы азамат халқына қара танытып, сауатын ашуды, ол әрекетті «Әліппе» құралдарын жазудан бастауды мақсат етті.

            А.Байтұрсынұлы өз жазған «Өмірбаянында» «… Орынборға келгеннен кейін, ең алдымен, қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын зерттеуге кірістім, одан кейін қазақ әліпбиі мен емлесін ретке салып, жеңілдету жолында жұмыс істедім, үшіншіден, қазақтың жазба тілін бөтен тілдерден келген қажетсіз сөздерден арылтуға синтаксистік құрылысын өзге тілдерден жат әсерінен тазартуға әрекеттендім, төртіншіден, қазақ прозасын жасанды кітаби тілден арылтып, халықтық сөйлеу тәжірибесіне ыңғайластыру үшін ғылыми терминдерді қалыптастырумен айналыстым»деп жазған еді. 1910 жылдан қолға алынған жұмыс 1912 жылдан қолданысқа енеді. Ғалым бір халықтың әліпби жүйесін екінші бір халық қабылдағанда, оны өз тіліне икемдеп үйлестіру қажеттігін, олай етпеген жағдайда әріп мәселесінің дұрыс шешім таппайтынын 1924 жылы өткен «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде » ашық түрде айтып өтеді. Ғалым съезде сөйлеген сөзінде «Осы күнгі жұрттардың бәрі де өзі шығарған әліпбиін тұтынып отырған жоқ. Бәрінікі де өзгеден алған әліпби. Еуропа жұрттарының тұтынған әліпбиінің түбі көне семит әліпбиі. Көне семит әліпбиін өз тіліне үйлестіріп финикий жұрты алған, онан грек алған, гректен латын , Еуропа жұрттары алған. Түркі әліпбиінің түбі де көне семит әліпбиі. Олардан куфалықтар алған. Куфалықтардан араб өз тіліне үйлестіріп алған. Арабтан Иран, Түрік және басқа мұсылмандар алған. Солардың қайсысы да бірінің әліпбиін бірі алғанда сол қалпында алмаған. Өз тілдерінің дыбыстарына қарай өзгеріс кіргізіп алған»,-дейді. Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуына өзгеріс енгізгенде «ежелеусіз төте» оқу қағидасын басты принцип ретінде ұстанып оны қазақ тілінің дыбыстық заңдылықтарына икемдеді. Ғалым қазақша оқу мен мұсылманша оқудың айырмашылығын «Айқап» журналының №4-5 санында «қазақша оқу», «мұсылманша оқудың» екі түрлі екендігін ескертсе, 1911 жылғы «Айқап» журналының 2 санында жарияланған «Қазақ өкпесі » деген мақаласында жазудың адам өміріндегі маңыздылығын, сондықтан оқу-білімі жоқ, жазу-сызуы жоқ қоғамның надандық құрсауында болатынын ашық жазып «олжалы жерден үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерден жолдан қағылғанымыз-бәрі надандық кесапаты» деп өз халқын ағартушылыққа шақырды.Ағартушылыққа шақыра отырып қазақ қоғамын «қараңғылықтан оятуды» сауаттандыру ісінен бастады, ал сауатсыздықты жою үшін әліпби, әріп, жазу, оқу мәселелеріне түбегейлі өзгерістер енгізді. Яғни Ахаңның алдына қойған мақсаты «ауызекі сөйлеу тілінің» жазба тілдегі формасын жасап шығару болды да, осының негізінде қарапайым сөйлеу тілінің дыбыстық заңдылықтарына сай «ұлттық әліпби» құрастырды.

1929 жылы 2 маусымда Ахмет Байтұрсынұлы Алаш қозғалысының 43 қайраткерімен бірге Алматыда тұтқынға алынып, осы жылдың соңына қарай тергеу үшін Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтілді. Келесі жылы КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ “үштігінің” шешіміне сәйкес, ату жазасына кесілді. Бірақ бұл шешім бірнеше рет өзгерді. 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концлагерьге ауыстырылса, 1932 жылы қарашада 3 жылға Архангельскіге жер аударылсын деген үкім шығарылды.

1933 жылы мамырда денсаулығы нашарлап кетуіне байланысты қалған мерзімді Батыс Сібірде айдауда жүрген отбасымен (әйелі мен қызы) бірге өткізуге рұқсат беріледі. Ал 1934 жылы М.Горькийдің жұбайы Е.П.Пешкованың көмегімен Байтұрсынұлы отбасымен мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға оралады.

Бұл жерде тұрақты жұмысқа қабылданбай, түрлі мекемелерде қысқа мерзімдік қызметтер атқарады. Орталық мұражайда кеңесші болып істеді.

Өкінішке қарай, Сталиннің 1925 жылғы 29 мамырдағы “Ақ жол” газеті туралы хаты Ахмет Байтұрсыновты және оның серіктерін “ұлтшылдар” және “шоқаевшылдар” ретінде қуғындауға теориялық негіз қалады. Қазақстандағы қуғын-сүргінді жергілікті басшы Ф.Голощекин жандандыра түсті.

Ақырында қуғын-сүргіннің жаңа толқынына ілігіп, 1937 жылы 8 желтоқсанда жазықсыз атылып кетті.

“…Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды… халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті”, – деп жазды Сәкен Сейфуллин.

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *