«Аталықтар» институтының тарихтағы рөлі

ХХІ ғасырдың жаңалықтарының арасында ұлттық тарихқа қайта бет бұру тəрізді жағымды жайттар орын алды. Кеңестік дəуірде биліктің беделсіз құралына айналған тарих, тəуелсіздікпен бірге жаңарып қайта жаңғырды. Қазіргі кезде қоғамдық ғылым­дардың дамуы орасан, бірақ пост­кеңестік жүйедегі зерттеушілер әлі де осы қалыптасқан көзқарастар шеңберінен шыға алмай отыр. Қазақ тарихындағы мемлекеттілік, оны басқару жүйелері Дала демократиясына негізделгені белгілі. Мемлекет жайлы, оның пайда болуы мен себептері, мәні, мемлекетті басқарудың түрі мен тәсілдері туралы зерттеулер, пікірталастар мыңдаған жылдар бойы жүріп келе жатыр. Әлемде 200-ге тарта мемлекет болғанымен ол ұлттық дәстүрді сақтап, болашаққа аманат етіп отырғандары көп емес.

Мемлекет дегеніміз, біздің ойымызша, нақты аумақта бір немесе бірнеше халықтың басын біріктіруші, мүдделерін қорғаушы саяси-құқықтық жүйе. Бұл жүйенің пайда болуы да, ондағы басқару жүйесінің қалыптасуы да өте үлкен уақытты қажет етеді. Ендеше, Қазақ хандығындағы билеушілер тәрбиесімен айналысқан аталықтар институты мәселесінің назардан тыс қалуы өкінішті жағдай екендігі сөзсіз. Дәстүрлі қазақ қоғамында саяси-экономикалық рөлі ерекше әлеуметтік топтың бірі – аталықтар болды. Дегенмен, қазақ қоғамына тән аталықтар институты әлі күнге дейін арнайы зерттеу нысаны ретінде қарастырылған емес. ХVІ-ХVІІІ ғғ. қатысты деректерде аталықтар термині кездескенімен оның негізгі мағынасы бұрмаланып түсіндіріледі.

Дәстүрлі қазақ қоғамына тән аталықтар институты тарих ғылымында саяси-әлеуметтік институт ретінде кешенді түрде зерттелген емес. Қазақ қоғамындағы билер, батырлар, тархандар, жасауылдар, төлеңгіттер сияқты аталықтар туралы да ақпараттар бірнеше дерек көздерінде сақталған. Парсы, шағатай тілдерінде жазылған мұсылман авторларының шығармаларында, орыс архив құжаттары мен қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерінде осы әлеуметтік институттар туралы мағлұматтар сақталған.

Бірқатар зерттеушілер аталық ұғымының төркінін көне түркілік кезеңмен тарқатады. Күлтегіннің құрметіне тұрғызылған эпитафияда «atysy» (атыстар) деген сөз бар, зерттеушілер бұл сөздің мағынасын билеуші мұрагерін тәрбиелеуші, тақ мұрагерінің  тәрбиесі мен біліміне жауапты тұлға дегенді білдіреді деген пікір білдіреді. Дегенмен, бұл анықтаманың әлі де болса нақтырақ дәлелдеуді қажет ететіндігін айтқымыз келеді.

ХІ ғасырға тән құжаттарда селжұқтарда атабек қызметі түркілік тамыры бар ұғым, ол «мұрагерді тәрбиелеуші», «мұрагердің тәрбиесіне жауапты тұлға» деген анықтама беріледі [2, 184б.]. Жалпы, «Атабек» термині Селжұқтар мемлекетінде кеңінен қолданылған. Тіпті орта ғасырларда оғыз-селжүк тайпаларының «атабек» деп атайтын лауазымы да осы аталық атауынан өз бастауын алады. Швецариялық зерттеуші Анке фон Кюгельген Орталық Азия хандықтарында аталықтар ғасырлар бойы қалыптасып, шайбанидтер мен аштраханидтер кезеңінде әскери және әкімшілік істі басқарушының сенімді кеңесшісі қызметін атқарған деп жазады. Кейбір деректер мәліметтеріне сүйенсек аталықтар қызметіне шетелдік елшіліктерді қабылдауды ұйымдастыру істері де кірген. «Алам-ара-ий шах Исмаил» шығармасында Қасым ханның бұйрығымен Байрам аталық өзбек билеушісі Убайдулла ханның ағасы, ықпалды Жәнібек сұлтанды қарсы алған.

Қазақ хандығы кезеңіндегі аталықтар туралы мәліметтер орыс-қазақ дипломатиялық қатынастары құжаттарында сақталған. Оларда ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда Қазақ хандығының жоғары билеушілерінің сенімді адамдары болған бірнеше аталықтардың есімдері аталады. Ол жоғарыда айтып кеткеніміздей Тәуке ханның 1693 жылғы І Петрге жазған хатында оның жіберген елшісі батыр «Тайкомур Колтубай Аталыков»  туралы жазылған дерек. К.Ш.Хафизова пікірінше, Орта Азия қалаларында үйлері бар бай қазақтар жылының көп бөлігін далада өткізуін жөн көрген. Олар өз үйлерін сенімді өкілдері – аталықтардың бақылауында қалдырған. Осылайша, аталықтар тәрбие жұмысын шаруашылықты басқарушы міндеттерімен үйлестірді деп болжайды зерттеуші. Еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге, қоғамның қайта түлеуі, ұлттық рух пен тарихи сананың жандануы орын алды. Осыған орай есімдері ел есінен ұмытыла бастаған бабаларымыздың тәуелсіздік жолындағы ерен еңбектері мен тағылымды өмірбаяндары халқымызбен қайта қауышуда. Бірақ, бұл бағытта мәселені ғылыми тұрғыдан жүйелі түрде зерттеу қажеттілігі әлі де болса күн тәртібінде тұр. Тарихтың терең қойнауына сіңіп бара жатқан аталықтар тарихын, ел аузындағы ауызша тарихымыз арқылы, ерте кезеңдерде жазылып кеткен деректер мен материалдар арқылы сүзіп алып, болашақ ұрпақ санасына сіңіру тарих саласының ең өзекті міндеттерінің бірі.

Пайдаланған әдебиеттер

Хафизова К.Ш. Степные властители и их дипломатия в ХVIII–ХIХ веках.– Нур-Султан: КИСИ при Президенте РК, 2019. – 476 с.

Анке фон Кюгельген. Легитимация среднеазиатской династии мангитов в произведениях их историков (XVIII-XIX вв.). – Алматы: Дайк-Пресс, 2004. – 516 с.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті: Қуанышқызы Д.

Ғылыми жетекші: доцент, т.ғ.к. Дауытбекова М.К

 

 

 

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.