Латын әліпбиіне көшу-тіліміздің жарқын болашағының кепілі
Токушева Шынар
«Латын әліпбиіне көшу-тіліміздің жарқын болашағының кепілі»
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық»- деп айтқан еді. Біз, 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» – деп латын әліпбиіне көшудің қажеттілігін атап өтті. Ағартушы-педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген. Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Бұл бізге таңсық дүние емес. Латын әліпбиі әлемде кеңінен қолданылады. Латын әліпбиі б.з.б. VII ғасырда Римде грек және этрус әліпбиінің тармағы ретінде пайда болып, б.з. I ғасырда қалыптасқан. Орта ғасырда латын әліпбиі Еуропаға тарады. Африка, Америка және Азия халықтары пайдаланады.
Қазақ жазуын латын әліпбиі негізіне ауыстыру – әбден пісіп жетілген қазақ тілінің дамуына қажетті мәселе. Әліпбиді ауыстырудың ең маңызды, ең салмақты нәтижелері – жаңа әліпби тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ жазуының кемшіліктерін жоюға мүмкіндік береді, тілдің дамуына, қолданысын кеңейтуге күшті әсер етеді, қазақ тіліне айрықша мән беріп, қайтадан жаппай оқуға себеп болады. Сондай-ақ, тіліміздің таза табиғи қалпын сақтап қаламыз. Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Қорыта келгенде, латын әліпбиіне көшу – ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады демекпін.