Ұшқырлықтың алаңы
Пікірталас – екі тараптың бір тақырып аясында пікірлерін жеткізу, ортаға салу. Ойларын білдіру арқылы келісімге келу. Бірақ , қазіргі таңда дебатты тек ұрыс-керіс, айғайлап сөйлеу деп біледі. Алайда, бұл сөздердің барлығы қоғамның дебаттан хабарының аздығы деп топшыладым. Пікірсайыстың маңыздылығымен қолдану аясын жақсы танысып, аурасына кіргенде ғана сезіне аласың. Әйтсе де оның берер пайдасын, қажеттілігінен аз да болса, ақпарат бергім келеді.
Біріншіден, дебат адамның ойын қысылмай жеткізуге үйретеді. Сенің пікірің толықтай дұрыс немесе толықтай қате деген түсінік жоқ. Барлығы салыстырмалы түрде жүзеге асады. Осы арқылы адамдар, студенттер өз ойын қате деп санамай, ашық айта алуға машықтанады. Қазіргі таңда, жастар «басқалар не ойлайды» деген стреотиптерден шыққан буын. Олар үшін өз қалауларын қанағаттандыру маңызды болып саналады. Осы тұста, дебат өз ықпалын тигізеді.
Екіншіден, ойыңды жүйелі түрде білдіру. Өз ойыңды ашық жеткізу жақсы. Бірақ, оны жүйелі сараптап, қорытып жеткізу одан да жақсы. Яғни, конструктивті сөйлеуге әдеттенесің. Әр сөзіңнен кейін ойыңды қалай жалғастыруға болатынына талдау жасап отырасың. Оған қоса, сен жүйелі түрде жеткізе алуың, сенің ойыңа сенуге, оны тыңғылықты тыңдауға қатты әсер етеді. Пікіріңді ашық, жүйелі түрде жеткізе алсаң, таңдай қағып қарамайтын адам болмас еді.
Үшіншіден, өте толерантты орта таба аласың. Пікірсайысшылардың айырмашылығы кез келген оқиғаға, іс-әрекетке бірден дұрыс немесе бұрыс деген анықтама емес, «бұл оқиғаның болуына не себеп?» , «бұл проблеманы қалай шешуге болады?» деп сыни ойлай алады. Себебі, оқиғаға дұрыс баға беру үшін оның шынымен дұрыс жасалғандығын, көпке пайдасы тие алатындығына көз жеткізуіміз керек. ХХІ ғасырдағы жаңаша көзқарастарға ашық, батыстық өзгерістердің қаншалықты маңызды екендігін саралай алады.
Төртіншіден, қосымша білім. Дебат қозғалысында елдегі өзекті мәселелер мен әлемдік саяси жағдайларға талдаулар жасалынады. Осы кезде, пікірсайыстарда жеңіске жету үшін әрі өз аргументтеріңнің маңыздылығын дәлелдеу үшін әрине жан-жақты білімің болуы керек. Сол үшін де, кітаптарды көп оқып, жаңалықтардың өзектілігін анықтап, оған сыни талдаулар жасап, өрісіңді тоқтаусыз дамытып отыру маңызды. Айтылған мінездемелердің барлығы жаһандану заманында керекті қасиеттер. Осыны ескеріп, қазіргі таңда республикамызда дебат қозғалысына баса назар аударылуда. Арнайы дамыту орталықтарын ашу, ашық турнирлерде қаржылай көмек көрсету, өткізуге қолдау көрсету шаралары жасалуда. Оған қоса, мемлекеттің қаржылай қолдауымен жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін республикалық турнирлер де бар. Жасалып жатқан қолдаудың барлығы дебат қозғалысының қарқынды дамуына өз ықпалын тигізуде. Білім және ғылым министрі Аймағамбетов Асхат Қанатұлы: «Дебат тек зияткерлік ойын емес, ол-сыни ойлау дағдыларын қалыптастырып, ақпаратты дұрыс талдауға, командамен бірлесіп жұмыс жасауға, сұрақ қойып, оларға нақты жауап беруге үйрететін білім беру технологиясы»,-деді. Мектеп, колледж немесе университет болсын тек базалық білімді берумен ғана шектелмеуі керек. Оқушының, студенттің келешек өмірде қоғаммен байланысқа түсуіне, кірпіш болып қалануына да септігін тигізе алады. Берген білімді, ақпаратты дұрыс қабылдай алатын ұрпақ тәрбиелеу басты міндет. Пікірсайыс жүйесі мен қозғалысын дамыту әлеуметтік өзгерістер мен қоғамдық даму сатыларын көтеруге де үлкен септігін тигізеді. Ұшқыр ойдың иесі болар келешек ұрпақ көбейсін.