Білім негізі бастауышта

Акболаева Жадра Шортанбаевна

Білім негізі бастауышта
«Мұғалім мәңгі нұрдың қызметшісі, ол барлық ой мен қимыл әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз жалын иесі» – деп Я.А.Коменский айтқандай мектептің жүрегі болып қызмет ететін бала бағбаны ұстаздар қауымы. Осы ұлағатты ұстаздардың білімімен сусындап, тәлімді тәрбиесін алатын өрендердің болашағынан күтетін үміт зор. Осы зор үміттің іргетасын қалайтын кез балабақшадан кейінгі бастауыш сынып кезеңі.
Бастауыш сынып әрбір оқушының білімін қалап, қолына қалам ұстатып, алғаш әріп танытып, әліппені қолына ұстататын, сауатын ашатын кезең. Сондықтан да білім негізі – бастауыш деп бекер айтылмаса керек-ті.
Білім беру стандартының негізіне сүйеніп өткізілетін бастауыштағы әрбір сабақ сұрыптау мен саралаудан өтеді. Баланың жоғарғы сыныпта белгілі бір бағыт бойынша алатын білімін де қалыптастыратын бастауыш кез. Осы тұрғыдан келгенде бастауыш сыныптың бала өміріндегі әсер ететін талаптарын бірнеше категорияға бөліп қарастырып көрсек:
Біріншіден, мұғалімнің жан-жақты, сауатты болуы талап етіледі. Жаңартылған білім беру жүйесі негізінде қолданылатын әдіс-тәсілдер пайдаланылады. Оның өзі бірнеше бөлікте қарастырылады. Олар:
– баланы сыни ойлау тұрғысында ойлауды жүзеге асыруда сыни ойлау технологиясын қарастыру;
– баланың тілін дамыту, сөйлеу әрекетін жүзеге асыруда жаңылтпаштарды, тақпақтар мен мәтін құрастыруды үйрету;
– баланың логикасын дамыту;
– көрнекіліктермен жұмыс жасау;
– топтық, жұптық және жеке жұмыс түрлерін жасау т.б. сабаққа қатысты материалдарды методикалармен сабақтастыра дамыту әрбір мұғалімге тиімді.
Екіншіден, бастауыш сынып кезінде баланың қоршаған ортасымен, қоғаммен байланысы орнай бастайды. Сыныптастарымен коммуникативтік байланыс орнату бастауыш кезінде қалыптасады. Осы ретте, мұғалім мұрындық болуы қажет.
Үшіншіден, әрбір баланың бойында шығармашылыққа бейімі, өнері, дарыны мен белгелі бір істе қабілеттілігі осы жастан байқала бастайды. Тек соны әрі қарай толастатпауда дұрыс бағыт-бағдар беріп, дамытуымыз қажет. Мысалы, қазіргі таңда бір мамандықтың білгірі болып отырған еліміздің белді азаматтары мен азаматшалары мамандық таңдаудан жаңылыспағандар. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші бала күнінен мұғалімдерінің салған сара жолымен өз дарындылықтарының арқасында биік шыңды бағындырып отыр. «Бұлақ көрсең көзін аш» деп қазақ біліп айтқан. Бұлақтың өзін дер кезінде дұрыс ашып, жол сілтеген жандардың арқасында қабілет-қарымының бейімімен өмір жолын тапқан тұлғаларға бастауыш кезіндегі мұғалімдерінің сіңірген еңбегі зор.
Төртіншіден, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп ғұлама Әл-Фараби айтпақшы, берілген білім тәрбиесіз, оның ішінде рухани тәрбиесіз берілсе оның бойға жұғуы екіталай.
Бесіншіден, бастауыш сынып кезіндегі пәндердің барлығы өз ана тілінде өтсе құба-құп. Себебі, өз елінің нағыз патриотын, отансүйгіш ұланын тәрбиелегіміз келсе, ана тілі білім беру басты құрал болмақ. Бұл жөнінде ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлы: «Бала бастауыш мектепте бар пәнді тек ана тілінде ғана оқуы керек» деген тәмсілі бекер айтылмаса керек-ті.
Қазір дамыған заман, жаңа ғасыр, дамушы кезең. ХХІ ғасыр ғылым мен техниканың қарыштап тұрған шағы. Қойылатын талап та, міндет те зор. Ең алдымен жан-жақты, заманауи, заман көшінен қалмай жүру қажет. Жоғарыда айтып өткеніміздей егемен еліміздің тұтасын ұстайтын талапкерлердің буынын қатайтып, болам деген баланың бетінен қақпай, белін бекем бууы әсте қажет-ақ. Жаңаны біліп-тануға ұмтылатын жас өрендердің ойы анық, сөзі ширақ болуы бастауыш мектептің мойнында.
Тәрбие тал бесіктен басталады демекші, тек педагогтарға бар жүкті артып қою дұрыс болмас. Ата-ана да бала тәрбиесіндегі басты қозғаушы фактор. Осы ретте, ұсыныс ретінде өзімнің субьективті пікірім бойынша: мектепте ата-аналармен жұмыс ретінде аптасына 3 рет өткізілетін пән бекітілсе. Онда психолог мамандармен қатар сынып жетекшілері, пән мұғалімдерді қатысып, пікір алмасып, ой-толғату жүргізсе нұр үстіне нұр болар еді. Әрине, бұл келешек шақтың еншісіндегі ой һәм іс.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, біраз жағдаятты басын қайырып, қозғап, сөз еттік. Айтып қана қоймай, іс жүзінде де көрсетіп келеміз. Соған дәлел, осы аптада өткізілген бастауыш апталығы. Осы апталықта көрсетілген жұмыстар мен еңбектердің нәтижесінде келелі істердің түйіні тарқағаны да анық. Қуантарлық жайт, мұғалімдеріміз талапқа сай дайындалып, білімдері мен біліктерін жоғары дәрежеде көрсете білгендігі. Өздерінің бірнеше жылдық тәжірибесінің арқасында еңбектерінің нәтижесін абыроймен ақтады. Бастауыш сынып мұғалімі ретінде еліміздің болашақ жастарын дайындауда шыңдалғандарын айқындады. Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін деген отансүйгіш балдырғандарды тәрбиелеуде жасап жатқан игі істері үшін барша ұлағатты ұстаздарға айтар алғысымыз шексіз.

 

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *